Кезекті аппараттық кеңес өтті
52 ViewsКеше аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте «Жасыл белдеу» бағдарламасының іске асырылу барысы пысықталды. Соңғы екі жылда аудан аумағында 22,5 гектар жерге…
1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғаны баршаңызға аян. Дүние жүзіндегі барлық мемлекеттер өз елдерінің Конституциясының басты қағидаларын жүзеге асыру арқылы қоғам мен мемлекеттің өсіп-өркендеуіне, адам құқығының сақталуына, сол елдегі бірлік пен тұрақтылықты сақтауға ұмтылып келеді. Біздің еліміздегі заңдар да Ата Заңымызға арқа сүйейді. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Конституциясы татулықтың ірге- тасы, барша қазақстандықтардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерінің кепілі болып табылады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 34-бабында «Әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті» деп тайға таңба басқандай атап көрсетіліп тұр. Сондықтан Ата Заңымызды құрметтеу әрқайсымыздың басты парызымыз деп білейік ардақты ағайын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде еліміздің алдында тұрған рухани дамуымыздың негізгі бағыттары мен Конституциямыздың талаптарына сай атқаратын жұмыстарды айқындап берді. Президент ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды. Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен және Ата заңымыз Конституциямен үндесіп жатыр. «Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Жастарымыз халқымыздың өткен өмір жолынан хабардар болсын деген мақсатпен осы Конституциямыз қабылданғанға дейін қандай жолдардан өткенін білсін деген мақсатпен тарихымызға көз сала кетуді жөн деп санадым.
Қазақ хандығы құрылғаннан бастап халқымыздың тарихында елдегі бірлікті белгілі бір ортақ тәртіптер арқылы сақтау үрдісі бұрыннан қалыптасқанын көреміз. Бұл ретте елдің есінде де, тарихтың хатында да ерекше орын алатын бірінші 1511-1523 жылдары Қасым хан хандық құрған кез. «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кеткен алғашқы заң жинағы қабалданған. Екінші Есім хан 1598-1628/1645 жылдары билік құрған кездегі Есім ханның «Ескі жолы» да қазақ қоғамының заңдар жиынтығы болды. XVII ғасырдың соңында Тәуке хан билік құрған кезде тұжырымдалған заңдар жинағы «Жеті жарғы» деген атпен мәлім. Біздің бабаларымыз, дана хандарымыз бен ақылгөй билеріміз саусақпен санарлықтай ғана ереже, қағидаттармен халқымыздың ішкі-сыртқы жағдайын реттеп отырған. Елдің ішкі-сыртқы тіршілігіне қатысты Негізгі Заңды қалыптастыру мақсатында Алаш арыстары да Алаш Конституциясының жобасын жасаған болатын. Алаш арыстары дайындаған негізгі заң жобасы демократиялық тұрғыдан алғанда өзгелерден әлдеқайда озық тұрды. Алайда, 1920 жылы арыстарымыз мақсат тұтқан еліміз үшін маңызды саналған демократиялық қағидаттарға қарама-қайшы «Қырғыз (Қазақ) АКСР еңбекшілерінің құқық декларациясы» қабылданды. Жалпы Қазақстан тарихында ел Конституциясы бес рет қабылданды. Үш рет 1926 жылы,1937 жылы,1978 жылы Кеңес Одағы кезінде, кейінгі екеуі 1993 жылы және 1995 жылы Тәуелсіз Қазақстан қабылдаған Ата Заң.
Қазақстанның өз мемлекеттік егемендігін нақты жүзеге асыруы Республикалық Жоғары Кеңесте 1990 жылы 25 қазан күні қабылданған тарихи маңызы зор құжат – Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы Декларациядан басталды. Бірнеше жыл бойы аталмай келген осы 25 қазан күні 2022 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының мерекелік күндер тізіміне енгізілді. Халқымыз, әсіресе жастарымыз қазіргі қолданыстағы ҚАЗАҚСТАН Республикасының Ата Заңы – сол Декларацияның жемісі екендігін білгені жөн деп ойлаймын. Заңды білу – заман талабы.Сондықтан Жаңа Қазақстанды құруды жүзеге асыру үшін әрбір азамат өз құқықтарын жете білуі соған сәйкес – сана сезімдерін қалыптастыруы керек.
Біз еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйымдар, жастарды заңды бұзбау, өзіне жүктелген міндеттерді бұлжытпай орындау басты міндеті екендігін түсіндіруге атсалысуымыз керек. Заңның мықтылығы адалдығы мен әділдігінде. Заңның ең басты мақсаты – қоғамдағы әр түрлі мінезді адамдарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу. Ата Заңды құрметтеу – біздің міндетіміз әрі парызымыз. Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің негізгі заңының рухы мен маңызын, Конституцияның қалыптасу тарихын жақсы білуі керек. Ата Заңымызды құрметтеу және сақтау арқылы оның тарихын, маңызын білуімізбен ғана елімізді, Отанымызды,тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбіт өмір мен тыныштыққа қол жеткізе аламыз. Құрметті аудан тұрғындары! 30 тамыз Конституция күні мерекесі құтты болсын. Отбасыларыңызға бақыт -береке, амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін.
Серік Өтегенов,
Қазақстан халқы Ассамблеясының Тұрар Рысқұлов ауданы бойынша ақсақалдар кеңесінің төрағасы.