Жолдау жүктеген міндеттер

70 Views

Жамбыл облысында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын мерзімінде іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітіледі. Кешегі өткен кеңесте стратегиялық құжаттың негізгі басымдықтарын орындау бойынша аудан әкімдерінің, басқарма мен департамент басшыларының алдына нақты міндеттер қойылды. Жолдау ел дамуының жаңа бағытын айқындап, әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Мемлекет басшысы Жамбыл жерінде пилоттық режимде бастау алған «Ауыл аманаты» жобасына тоқталып, халықтың табысын арттыру тетігіне жаңа тәсіл, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет екенін атап өтті. Бұл ретте ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру маңызды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталықтың тәжірибесін басқа өңірлерге таратуды тапсырды. Кеңес барысында әкімдерге аталған бастаманы облыстың өзге аудандарында да іске асыру тапсырылды. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу, жолын кесу мәселелері жөніндегі жаңа Заңды ескере отырып, білім басқармасына, аудан әкімдіктері мен полиция департаментіне балаларды қорғау жөніндегі шараларды күшейту міндеті қойылды. Сондай-ақ, биылғы жылдың 6 қазанында өтетін АЭС құрылысы мәселесі бойынша жалпыұлттық референдумға дайындық бойынша міндеттер жүктелді. Өңірде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасын табуда. 823 мыңнан астам жамбылдық науқанға белсенді қатысып, 60 мыңға жуық көшет отырғызды. Санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстары тұрақты негізде жүргізілуде.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Поделиться ссылкой: