Өнегелі ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ата-ананың борышы

85 Views

Отбасы күні қыркүйек айының екiншi жексенбiсiнде аталып өтiледi. Отбасы – адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде, есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп ержететін, тәрбие алатын аса қажетті әрі қасиетті алтын бесігі. Қай заманда, қай елде болмаса да отбасының адамзат ұрпағына ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды.
Ата-ананың өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құрметтеп сыйлауы – бәрі де үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе. Отбасынан тыс та тәрбие бар. Қазақ «Ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас, көршілес бол» – деп бекер айтпаған.
Ата-ананың жүріс-тұрысы, сөйлегені, іс-әрекеттерінің барлығы бала үшін үлгі. Осы негізде бала алдында ата-ана өте байсалды, сабырлы болып, жақсы тәрбие көрсетуі керек. Мәселен Абай Құнанбаевтың он тоғызыншы қара сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. Мұндай сөзді есіткенде шайқақтап, шалықтанып не салбырап, салғырттанып есітсе, не есіткен жерде қайта қайырып сұрап ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек? Осындай сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша, өзіңді танитұғын шошқаны баққан жақсы деп бір хакім айтқан екен, сол секілді сөз болады» – деп атап өтеді.
Отбасында бала тәрбиелеу аса үлкен жауапкершілік пен білімді талап етеді. Өмірге келген нәрестеге ана махаббаты мен кіршіксіз таза көңілі ауадай қажет.Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Ақын Мағжан Жұмабаев былай деген екен: «Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі, талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн».
Ақын Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде: «Отбасы – шағын мемлекет. Мен – президент, сен – премьер» дегені бар.
Жанұя – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі. Жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, мәдениеттілігін тәрбиелеуге отбасы алғашқы қадам. Жанұя – өте қажетті, басқадай еш нәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ. Отбасының басты қызығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Жанұяның әрбір мүшесі өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың, міндетін атқару ғана емес, береке-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз. Әке мен ана – бала тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі. «Әке – асқар тау, Ана – бауырдағы бұлақ, Бала – жағасындағы құрақ», – деп ата-ана мен баланы табиғаттың тамаша құбылыстарына теңеген халық мақалына қайран қаларсың. Адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімділік те отбасында шын ықылас пейілменен баланың көкірегінде орын тебеді. Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін ана, бұлар – жанұя мектебінің ұстаздары болады. Ата – ана балаларына қандай тәрбие берсе, ертең ол бала өскенде сол тәрбие арқылы өмірдің жаңа баспалдақтарынан өтеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп қазақ халқы бекер айтпаған.
Әкенің «батырым», шешенің «құлыным» деген сөзін естіген балада жақсы сезім туатыны белгілі. Жазушы Ғабиден Мұстафиннің «Ата- ананың міндеті – тәрбиелеу және жақсылықты үйрету» деген сөзінде көп тәрбие жатыр. Бала тәрбиесі ол дүниеге келген алғашқы күннен басталады. Өнегелі ұрпақ тәрбиелеу әр ата-ананың арманы және борышы екені даусыз. Әрқашан отбасымыз аман, босағамыз берік болсын.

Аудандық полиция бөлімінің тәрбие және кадр
жұмысының тобы.

Поделиться ссылкой: