Ата жолын қуған ұл

1 474 Views

Сурет өнерінің саңлағы

Бүгінгі біздің кейіпкер – атадан өте тумаса да, жете туған азамат. Дәлірек айтқанда, ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілген өнер иесі. Бала кезінен әкесінің жасаған бұйымдарына қызығып, сиқырға толы қолөнер мен сурет әлеміне ерте енген талантты ұлдардың бірі.

Аудан көлемінде Қырғызбай Қаңтарбаевты білмейтін жан жоқ шығар, сірә! Әсіресе, ол кісіні ауданның үлкен буын өкілдері мен зиялы қауымы жақсы таниды. Он саусағынан бал тамған Қырғызбай Ырысұлы ағаштан түрлі бұйымдар жасап, талай шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Кеңес дәуірінде шебердің қолынан шыққан заттар Ресейдің мәдени астанасы Санкт-Петербургте, Венгрияда, Югославияда, тіпті сәулет өнері дамыған Италияда көрмеге қойылып, өнер сарапшыларының жоғары бағасына ие болған. Қазақ сурет өнерінің негізін қалаушы Әбілхан Қастеев жерлесімізді КСРО-ның суретшілер Одағына қабылдаған екен.

Бізге осы бір құнды мәліметтермен оның ұлы Мақсат Қаңтарбаев бөлісті. Әлгінде «атаға жете туған азамат» деп жатқан талантты ұл осы – Мақсат. Бүгінде ол сурет өнерінде өз қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген суретшілердің бірі. Табиғаттың әсем көріністерін бейнелеуді комитетінің ж а н ы құмартатын суретші бүгінге дейін 300-ге жуық «пейзаж» бағытындағы туындыларды дүниеге әкелген. Солардың ішінен іріктеп 40-тан астамын аудандық мұражайға қойыпты. Ондағы көздеген мақсаты – жергілікті жұртты өз шығармашылығымен таныстыру.

-Қасиетті Құлан өңірі тума таланттарға бай өлке. Осы азаматтардың ішіннен әкемді үлгі тұтамын, -дейді өнерпаз ағамыз. -Сол себепті де әке жолын қуып, суретші болуды бала кезден армандадым. Қазіргі таңда алға қойған айқын мақсаттарым да орындалды. Былтыр ғана Қазақстан суретшілер Одағына қабылданып, биік белестердің бірінен көріндім. Бұл – еңбегімнің жоғары бағаланғаны деп білемін. Осы бір күнге дейін Тараз, Талдықорған, Алматы қалаларында менің туындыларым қойыл ған көрмелер ұйымдастырылды. Бүгін міне, жерлестерім менің шығармаларыммен таныс болсын деген ниетпен аудандық мұражайға жұмыстарымды әкелдім. Аталмыш көрме жақында ғана 80 жылдығын дүркіретіп тойлаған ауданымыздың мерейтойына тарту ретінде ұйымдастырылғанын айта кеткенім жөн болар. Дәл осындай жұмыстарды әлі де жалғастыра беретін боламын. Егер де жерлестерім еңбегімді жоғары бағалап жатса, менен асқан бақытты жан жоқ, -деп суретші көкейдегі ойымен бөлісті. Иә, суретшінің жұмыстарына қызығушылық танытқандар көп секілді. Оны аудандық мұражайдың меңгерушісі Есназар Құрымбаев та атап өтті. – Аудандық мұражайға келушілердің көбісі Мақсат Қаңтарбевтың суреттері жайында жиі сұрап жатады. Бұдан аудан тұрғындарының сурет өнеріне деген қызығушылығының жоғары екенін аңғарамыз. Одан бөлек жұмыстардың өзі де ерекше екендігін айта кетейін. Суреттерде еліміздің сұлу табиғатының көріністері асқан шеберлікпен бейнеленген. Келушілер де осыған қатты мән беріп жатады. Туындылар аудандық мұражайда әлі де тұратын болады. Келіп көрем  деушілерге есігіміз айқара ашық, -деп жергілікті жұртты мұражайға шақырды.  

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: