Құтырма – вирустық ауру
Құтырма (адамда — гидрофобия) – барлық жылы қанды жануарлар-хайуанаттарда кездесетін ауру. Ол тістеу арқылы, сілекеймен қанға беріледі, яғни жұғады. Құтырма энцефалит (бас миының қабынуы), сал ауруы, құрысқақ түрінде шығады. Аурудың соңы өлім-жітімге әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Құтырма – адамның орталық жүйке жүйесінің зақымдануын аңғартатын вирустық ауру түрі. Қоздырғыш ауруға шалдыққан жануардың сілекейі арқылы беріледі. Құтырма вирусы сыртқы ортада қайнату барысында 2 минуттан соң дезинфекциялағыш ерітінділер көмегімен 3-5 минуттан соң жойылады. Олар кепкен және қатырылған (мұздатылған) күйде ұзақ сақталады. Науқас түріне шалдығу ауру жануардың тістеуі кезінде немесе теріні сілекейлегенде (егер микротравмалар болса) орын алады. Құтырма адамнан адамға берілмейді. Алайда науқас адамдармен немесе жануарлармен жұмыс істеу барысында қауіпсіздік шараларын сақтап, қорғағыш киімдерді (халат, бас киім, қолғаптар, көзілдірік және т.б.) пайдаланған жөн. Сонымен қатар, құрал-саймандарға, қондырғыларға, бөлме-жайларға т.б. дезинфекциялау шараларын жүргізу қажет.
Құтырманың асқыну немесе көбею барысы 30-90 күнге дейін жалғасады. Алайда, ол 7 күннен 1 жылға дейін созылуы да мүмкін.
Мына кеңестерді білу қажет: жануар тістеп алған жағдайда жедел түрде травпунктке барып, антирабикалық көмек алу қажет. Антирабикалық көмек жарақат орнын өңдеуден (жарақат орнын сабынды сумен мұқият тазалау), антирабикалық вакцинаны немесе антирабикалық иммуноглобулин (АИГ) мен антирабикалық вакцинаны қатар салудан тұрады. Емдік курс жалпы 6 екпеден (0 күн, 3 күн, 7 күн, 14 күн, 30 күн, 90 күн, бұл егер тістеп алған жануар белгісіз болса немесе өліп қалса) тұрады. Белгілі жануар тістеп алған жағдайда ветеринарға бұл жануарды тексерту қажет. Жануарды асырауға алған адам оның денсаулығы мен күтіміне жауап беру керек. Соңғы кездері белгісіз егеуқұйрықтар тістеп алған жағдайлар тіркеліп жүргенін ескерте кеткенді жөн көріп отырмыз. Жануарлар тістеп алған жағдайда дәрігерлік көмекке көңіл бөліп қарау керек және құтырмаға қарсы екпелердің толық профилактикалық курстарынан өтуі қажет.
С.Ускенбаев,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы, мемлекеттік санитариялық бас дәрігері.