Кеңейтілген отырыс өтті
Өткен сәрсенбіде Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі №636 Жарлығына сәйкес, ағымдағы жылғы 6 қазанға тағайындалған республикалық референдумды өткізу жөніндегі науқан шеңберінде Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының кеңейтілген отырысы өтіп, онда мынадай мәселелер қаралды. 1. Республикалық референдумға дайындық жұмыстарының барысы туралы аумақтық референдум комиссиялары төрағаларының есебі;
2. Учаскелік референдум комиссиялары мүшелерін оқыту-семинарларының қорытындысы және референдумды ақпараттық сүйемелдеу мәселелері;
3. Учаскелік референдум комиссияларының жұмыстарын ұйымдастыру;
4. Аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және дербес деректерді жою қағидалары.
Отырысқа облыстық аумақтық референдум комиссиясының толық құрамы мен қалалық және аудандық аумақтық референдум комиссияларының төрағалары қатысты.
Комиссия отырысын ашқан облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов қатысушыларды күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырып, бірінші мәселе бойынша аумақтық референдум комиссиялары төрағаларының республикалық референдумды өткізу жұмыстарының барысы туралы есебін тыңдады.
Қалалық және аудандық аумақтық референдум комиссияларының төрағалары референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімін қалыптастыру, референдум учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыру, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін жағдайларды қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Серғали Өмірзақұлы аумақтық референдум комиссияларының төрағаларына жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс орната отырып, учаскелердің дауыс беру күніне дайындығы мәселелерін бақылауда ұстау, сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдар үшін барлық жағдайларды қамтамасыз ету қажеттігін тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық аумақтық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов сөз сөйлеп, ағымдағы жылдың 9-23 қыркүйек күндері аралығында өткен учаскелік референдум комиссиялары мүшелерін оқыту-семинарларының қорытындысы туралы баяндады.
Семинар барысында аумақтық, учаскелік референдум комиссияларына және жергілікті атқарушы органдарға әдістемелік көмек көрсетіліп, нақты практикалық ұсынымдар берілді. 9-23 қыркүйек аралығында учаскелік референдум комиссияларының төрағалары, төрағаның орынбасарлары, хатшылары және комиссия мүшелері оқудан өтті.
Облыстық аумақтық референдум комиссиясының бекітілген оқу жоспары мен кестесіне сәйкес, учаскелік референдум комиссияларының барлық 3 609 мүшелерін оқыту аяқталды.
Бүгінгі таңда учаскелік референдум комиссияларының құрамдары толық оффлайн форматта оқытылды. Сондай-ақ, барлық комиссия мүшелері ҚР Орталық референдум комиссиясының базасында қашықтан оқытудан өтіп, сертификат иеленіп жатқандығы жөнінде баяндап, оқыту статистикасына тоқталды.
Облыстық аумақтық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Т.Жамалов республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу кезеңіндегі ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да кеңінен тоқталып өтті.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша облыстық аумақтық референдум комиссиясының хатшысы Абылхайыр Боранбаев сөз сөйлеп, учаскелік референдум комиссияларының жұмысын ұйымдастыру мәселелері жөнінде баяндады. Өз баяндамасында облыстағы барлық 508 референдум учаскелері «Сайлау учаскесінде дауыс беруге арналған үй-жайды, дауыс беру пунктін жарақтандыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» ҚР Орталық сайлау комиссиясының 2012 жылғы 23 қазандағы № 21/183 қаулысына сәйкес, жарақтандырылуы жөнінде және де шақыру қағаздарының таратылу барысы мен комиссиялардың құрамы бойынша айтып өтті.
Күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша облыстық аумақтық референдум комиссиясының мүшесі Мейіржан Сембеков баяндама жасады. М.Сембеков аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл туралы және республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізу барысында референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімімен жұмыс істеу кезінде дербес деректерді жою қағидалары туралы баяндады. Ол құжат сақтау мақсаттарына қол жеткізген кезде немесе Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген өзге де жағдайларда дербес деректері бар ақпарат пен материалдық жеткізгіштерді (қағаз және электрондық нұсқалар) жою тәртібі туралы ҚР Орталық референдум комиссиясының қаулысымен бекітілген Ережемен аумақтық референдум комиссияларының төрағаларын таныстырып өтті.
Облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы С.Айдапкелов отырысқа қатысушыларға халықты ақпараттандыру жұмыстарының маңызы жөнінде, шақыру қағаздарының әрбір сайлаушыға жеке табысталуы туралы, дауыс беру күніне учаскелердің дайындық жұмыстары және өзге де ұйымдастыру жұмыстары бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясы.