Құқық қорғау органдарының әрекеттеріне жасалған шағымдарды сотта қарау тәртібі

96 Views

Шағым дегеніміз – жеке азаматтар мен заңды ұйымдар өздерінің заңды құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы бойынша мемлекеттік, қоғам­дық немесе халықаралық орган­дарға, олардың лауазымды тұлғаларына көмек сұрап жүгінуі.
Қазақстан Республикасының Қылмыс­тық-процестік кодексiнің 106-бабында прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымдарды сотта қарау тәртібі қарастырылған.
Полиция қызметкерлерінің әрекет­сіз­дігі туралы шағым жоғары тұрған полиция бастығына, сотқа немесе прокуратураға беріледі. Құжат сонымен қатар келесі ақпараттарды қамтуы керек. Жағдайды егжей-тегжейлі сипаттау, өтініш берушінің талаптары, органның атауы, тексеруді бастаған тұлғаның мекенжайы, телефоны, полиция қыз­меткері бұзды деп ойлайтын заң нормалары, прокуратура органдарына полицияның әрекетсіздігі туралы шағым түссе, онда осы ұйымның орналасқан жері бойынша мекенжайын көрсету та­лап етіледі. Өтінішке бұзушылықтар фак­тісін растайтын құжаттар қоса бері­луі тиіс.
Әр азамат өз құқығының шегін­де тергеушінің іс-әрекеттеріне және әрекетсіздігіне байланысты прокура­тураға шағымдана алады. Қорғаушылар тергеу барысында сотталушылар мен жәбірленушілерге осы бағытты еске салуға толығымен мүмкіншіліктері бар.
Сот шағымды қараған кезде істегі бар дәлелдемелерге баға бермей, арыз иесі өз шағымында көрсеткен барлық мән-жайларды анықтаушының, тергеушінің, прокурордың тексергенін және ескер­генін анықтап қаулы шығарады. Бұл ретте сот кінәнің дәлелденгені немесе дәлелденбегені, жиналған дәлелдемелердің жол берілетіндігі немесе жол берілмейтіндігі туралы түйін жасамай, іс бойынша шешім қабылдау үшін материалдық-құқықтық және процестік негіздердің бар екенін не жоқ екенін тексереді. ҚР ҚПК-ның 106-бабының 6-бөлігіне сай шағымды тергеу судьясы үш тәулік ішінде сот отырысын өткізбей жеке-дара қарайды. Егер заңды және негізді шешім қабылдау үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы шағымды 10 тәулік ішінде жабық сот отырысында тиісті тұлғалар мен прокурордың қатысуымен қарайды. Олардың келмеуі шағымды қарауға кедергі келтірмейді.
Тергеу судьясының өкімі бойынша сот отырысы бейнебайланыс режимінде өткізілуі мүмкін.
Сот отырысының барысында хаттама жүргізіледі. Қажет болған кезде тергеу судьясы қосымша материалдарды талап етіп алдырып, тиісті тұлғаларды шақыруға және олардан сұрақ алуға құқылы. Әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағым жасалып отырған лауазымды адамдар соттың сұрау салуы бойынша үш тәулік ішінде мұндай әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасауға және шешімдерге негіз болған материалдарды сотқа ұсынуға міндетті.
Сот отырысын өткізу барысында тергеу судьясы қандай шағымның қаралуға жататынын хабарлайды. Егер арыз иесі сот отырысына қатысып отырған болса, ол өз шағымын негіздеп, сотқа жауап береді. Содан соң басқа да сотқа қатысушы адамдар тыңдалады, олар сотқа дәлелдемелер беруге құқылы.
Шағым жасалған әрекеттердің (әрекетсіздіктің) немесе шешімдердің заңдылығын дәлелдеу ауыртпалығы оларды жасаған немесе қабылдаған тұлғаға жүктеледі.
Тергеу судьясы шағымды қарау нәтижелері бойынша заңсыз деп танылған процестік шешімнің күшін жою туралы, тиісті лауазымды адамның әрекеттерін (әрекетсіздігін) заңсыз немесе негізсіз деп және оның жол берілген бұзушылықты жою міндетін тану туралы, прокурорға азаматтың немесе ұйымның құқықтары мен заңды мүдделерінің жол берілген бұзылуын жою міндетін жүктеу туралы және шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы тиісті шешім шығарады.

С.Узбеков, аудандық соттың судьясы.

Поделиться ссылкой: