Қариялы ел – қазыналы ел

324 Views

Өткен сейсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде Халықаралық қарттар күніне орай «Қарттарым, аман-саумысың!» деген тақырыпта концерттік іс-шара өтті. Шараға әр түрлі салада еңбек етіп, зейнетке шыққан ауылда тұратын еңбек ардагерлері шақырылды. Концерттік шарада аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Есеев құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде Бауыржан Бақытжанұлы « Қариялы ел – қазыналы ел», «Ата – қайратты болса, бала – ғибратты болады» деген қазақы ұғымдағы мақалдарды тілге тиек етіп, жас буынға әрдайым өнегелі сөзімен үлгі бола білген ардагерлерімізді мерейлі мерекелерімен құттықтады.
Халықаралық қарттар күніне орай Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары арнайы концерттік бағдарлама дайындады. Әуелі Басқар Битанов атындағы халықтық театр әртістері қазыналы қарттар туралы поэзия оқыса, содан соң «Әдемі-ау» халықтық би ансамблі «Қазақ» биін биледі. Сегіз серінің әні «Ақеркені» Жансая Сәрсенбаева домбырамен орындаса, «Домбырашылар» ансамблінің орындауындағы күй тартыста делебеміз қозып, өзіміздің қазақ екенімізді сезініп, бойымызды мақтаныш сезімі кернеді. Міне, өнер деген осындай болса керек-ті! Одан кейін халық әні «Дүние-айды» Абылай мен Альбина дуэті, халық әні «Дей салдымды» «Әжелер» ансамблі, «Бек» триосы Қуаныш Спановтың «Қызыл көйлек» әнін, Қанат Құдайбергеновтің «Әриайдай» әнін Көгершін ауылындағы «Асыл әжелер» ансамблі, Арман Бексұлтанның «Аққу арман» әнін Айша Жүнісова, Шәмші Қалдаяқовтың «Теріскей» әнін Рысбек Қадырқұлов шырқады. Концерт соңы Рысбек Қадырқұлов пен Нұрлан Әмірбетовтің орындауындағы Шәмші Қалдаяқовтың көпшілікке бейтаныс «Жамбылым» әнімен қорытындыланды.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: