Бір кем дүние
Тұңғыш тамшы
Көп кешікпей көктем де келіп қалар,
Есінетіп, есіртіп, ерікті алар.
Азан-қазан аспанның қоңырауы,
Жақсылықтан тұрса игі беріп хабар.
(Мұқағали).
Жаңбырдың тұңғыш тамшысынан жасыл жапырақ ді-і-ір-р ете қалды. Тығыншықтай томпақ, періште кеудесіне бозбала жігіттің қолы тұңғыш рет тиген қыз сияқты. Ді-і-ір-р…
Содан балконның жақтау теміріне тиген тамшыдан бір нәзік қоңырау зың-зың-зың деп ызыңдады да тұрды.
Жұбанбас, жылауық жауын. Қайта қуанбай ма?… Жаңбыр басылып, күн ашылып, дүн-дүние жарқырап-жайнап шыға келуші еді… Зың-зың-зың…
Дүниеге адам баласы бір тамшыдан жаралып келген дейді. Тұңғыш тамшы. Бәріміз сол тұңғыш тамшыдан тарағанбыз. Қасиетті тамшы. Азбыз.
Бір кем дүние.
Еш пен кеш
Ұрылардың ұсағы түрмеде жүр,
Ұрылардың үлкені мінбеде жүр.
(М. Тазабеков).
Аса ірі айтыс ақыны Мұхамеджан балам дұрыс айтады: ұрылардың ұсағы бар, үлкені бар. Мысалы, өрмекшінің торына ұдайы шіркей ілінеді, ал сона, ара сияқтылар торды үзіп шығып кете береді.
Осыдан он бір жыл бұрын, 1997 жылы «Егемен Қазақстан» «Шерханға хат» айдарымен Камал Смайыловтың «Өтпелі кезең өкіндірмесін» атты мақаласын жариялады. Оған мен жауап ретінде «Жемқорлық, ұрлық-қарлық, парақорлық, қылмыстың бір түрі бар жалақорлық» деген хатты жарияладым («Егемен Қазақстан», 1. 10. 1997).
Содан бері де он бір жыл өтіп барады. Өкімет жемқорлық, ұрлық-қарлық, парақорлықпен күресті енді-енді бастап жатқан сияқты. «Қойын алдырып, қорасын бекіткенсіп» жатқан сыңайы бар.
«Ештен кеш жақсы» деген-ау.
Бір кем дүние.
“Ов” пен “ев”
Осыдан он жеті жыл бұрын “Егемен Қазақстан” газетінде менің фамилиям “Мұртаза” болып жазылды, “ев” алып тасталды.
Дәл осы амалды Парламент мәжілісі енді қолға алып, заң қабылдап жатыр. Қара: “Айқын” 8 қазан, 2008 жыл.
Бұған да шүкір.
Әлі де “ов” пен “ев”, “ин”, “ич” дегендер маңдайларына тушьпен жазылғандай, өмірі кетпейтін таңбалар көп. Арада ұрпақ өтер. Келер ұрпақ тазаланар.
Баяғыда еврей халқы перғауынның құлдығына түсіп, одан әулие Мұса пайғамбар құтқарып, құлдықта болғандар өмірден өтіп таусылғанша еврейлерді қырық жыл бойы шөлдің ішімен алып жүрген.
Жаңа, жас ұрпақ дүниеге келгенде Мұса пайғамбар оларды Палестина жеріне қоныстандырып, Израиль мемлекетін құрған ғой. Бәріне төзім мен ақыл керек.
Бізге де таза, құлдық көрмеген ұрпақ келер.
Бір кем дүние.
Оны ойлап, отан сүйер әрекет қылатын қайраткерлер қайда?!
Бір кем дүние.
(Жалғасы бар).