Жас жүрген жер – мереке, Қарт жүрген жер – береке

141 Views

Жақсылық ауылы бірлігі мен татулығы жарасқан ауыл. Бұл ауылда Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымовтың дүниеге келгенін көпшілік қауым жақсы біледі. Біздің газет тілшілері арагідік Жақсылық ауылында өткен іс-шараларды жазып тұрады. Газетіміздің бүгінгі санында да жақында өткен игі шараны жазуды құп көрдік.
Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектептің акт залында өткен шараға аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов пен аудандық мәслихаттың депутаты Тұрсынбек Досаев және Жақсылық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Тұрманбетов қатысты. Іс-шарада жас ұрпаққа үлгі боларлық есті дүниелер көп айтылды. Қазір өзі жастары үлкендерді тыңдамайтын, «келіндері» қайын ағаларының алдына шығып сөз сөйлейтін де заманға келдік қой. Қуантатыны сол, Жақсылық ауылында көпшілігі бір-бірін сыйлайды. Жастары да әркез орта буынды, орта буын өзінен үлкен аға ұрпақты қадір тұтады. Соның арқасы болу керек, осы іс-шараны ауыл жастары ұйымдастырған екен. Оның басы-қасында Жомарт Сәмбетов пен Мәулен Малкеев жүрген көрінеді. Алдағы уақытта бұл дәстүрге айналатын іс-шараға айналмақ.
Шара соңында Қожайхан Қазыбайұлы колхоз уақытында ұзақ жылдар бойы қызылша плантациясында звено жетекшісі болып еңбек еткен, 7 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірген батыр ана Құмаркүл Берметова мен көптеген жылдар теміржолда тепловоз машинисі болып жұмыс істеген, 78 жастағы спорт жанашыры Наурызбай Түменбаевқа ауданның «Құрметті ардагері» төсбелгісін, сонымен қатар 80 жастағы ауданның Құрметті ардагері Әскербек Омаровқа, көптеген жылдар бойы ұстаздық қызметте еңбек еткен, биыл 75 жасқа толып отырған Анаркүл Үсеноваға, көптеген жылдар бойы шаруашылықта қызмет істеген әнші, домбырашы Тілеуберді Сартовқа 70 жасқа толуына орай аудандық мәслихаттың «Құрмет» грамотасы мен аудандық ардагерлер Кеңесінің «Алғыс хатын» табыс етті. Бұдан бөлек Жақсылық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Тұрманбетовке 70 жасқа толуына орай Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаевтың «Алғыс хаты» берілді. Марапат иегері атанған осы адамдардың барлығына қазақы оюмен әдіптелген шапан сыйға тарту етілді.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: