Азат елдің рухы – қазақ әскері

82 Views

Әлбетте, тәуелсіз ел болудың басты шарты – сол мемлекетті қорғайтын айбынды әскерінің болуымен тікелей байланысты. Кез келген мемлекет өзінің қалыптасуын ұлттық әскерсіз, қауқарлы армиясыз құра алмайтыны айқын. Бір кездері бодандық бұғауынан құтылудың, азат ел болудың мүмкіндігі байқала бастаған тұста дербес ел болуды көксеген Алаш қозғалысының қайраткерлері де ең алдымен ұлттық әскер құруды кезек күттірмейтін мәселе ретінде қарастырғаны содан. Алаш қозғалысындағы ардақты тұлғалардың бірі Міржақып Дулатов тарихи «Қазақ» газетінде «Қайтсек жұрт боламыз?» деген мақала жазады. Сол мақаласында ойын түйіндей келе: «Жауап біреу-ақ, біз әскеріміз болса ғана жұрт бола аламыз», – деп қайырады. Тәуелсіздігін жариялап, егемен ел атанған Қазақ жұрты ұзындығы 13 мың шақырымнан асатын бай­тақ шекарамызды қорғайтын әрі тыныш­тықты күзетіп, қоғамдық тұрақтылықты сақтайтын дербес Қарулы Күштер құруды мақсат еткені аян. 1993 жылдың ақпан айында Қарулы Күштеріміздің нормативтік-құқықтық негізін қалып­тастыру және өзге де маңызды міндет­терді іске асыру үшін алғашқы Әскери доктрина қабылданды. Атап өтерлігі, дәл осы доктрина Қарулы Күштерімізді заман талабына сай дамытуға жол ашқан тұңғыш құжат болатын.
Ал, 2022 жылдың 15 қазанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын бекіту туралы» 2017 жылғы 29 қыркүйектегі №554 Жарлыққа енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға қол қойды. Жаңа құжат – Қазақстанның тәуелсіздік алғалы бергі 6-доктринасы. Мезгіл-мезгіл қауіпсіздік мәселесін қайта қарап, уақыт талабына бейімдеп тұрған дұрыс-ақ. Оның үстіне, бүгінгідей әлемдік геосаяси ахуал күрделеніп, кімге сенеріңді білмей отырған алмағайып заманда ел әскерінің қуатты болуы аса маңызды. Түріктердің «Байрақтары» әлемдегі соғыс жүргізу ісіне деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп, ресейліктерге Әскери доктринасын қайта қарауға мәжбүр еткенін ешкім ұмыта қойған жоқ.
Сонымен, Әскери доктрина деген не? Бұл құжат – ғылыми негізделген, ресми қабылданған әрі ұзақ мерзімге арналған басқыншылықты тойтару, қорғану, мемле­кеттің соғысқа даярлығын, әс­кери саясаттың стратегиялық, тех­ни­­калық, экономикалық, құқықтық және басқа да маңызды қырларын қарастыратын, болашақ мүмкін болар соғыстардың мақсаты мен маңызын, мәнін айқындайтын көзқарастар жүйесі. Құжатта әскери міндеттердің шешілу тәсілдері белгіленеді, қарулы күштерді дамытудың әскери құрылысының бағдарламасын жүзеге асырып, әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін саяси күш салу мен әскери құралдардың өзара әрекеті мен үйлесуі көрініс табады.
Алтыншы рет қабылданған маңыз­ды құжаттағы өзгерістер негізінен доктринаның негізгі тұжырым­дама­­ларын қамтыған. Бұдан бөлек, әскерлердің жауынгерлік әлеуеті, кибер­шабуылдар және әскери өзара әрекеттесу бағыттары да өзгеріске ұшы­раған. Бірнешеуіне тоқталсақ, «әлемде жаппай қырып-жою қаруларының көлемін ұлғайту, сондай-ақ жаңа физи­калық қағидаттарға негізделген жаппай ықпал ету қаруларын жа­сау Қазақстанға қауіп төндіруі мүм­кін» делінген. Сонымен қатар, жаңа құжатта кибершабуылдардың мемлекеттің әскери ұйымының ақпараттық жүйелеріне, мемлекеттегі жағдайды тұрақсыздандыру, оның әскери және әскери-экономикалық әлеуетін төмендету мақсатында елдің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелеріне кері әсері бар екені көрсетілген. Осы ретте Қарулы Күштер саласында ақпараттық-психологиялық және кибер әрекеттерге қарсы тұру үшін бөлімшелер құру көзделген. Доктринаға енгізілген өзгерістерде стратегиялық бағыттарда әскерлердің, қару-жарақтың, әскери техниканың және материалдық қорлардың қажетті жиынтығын құру есебінен мемлекеттің әскери ұйымының құрлықтағы, әуедегі және әскери-теңіз құрамдас бөлігінің жауынгерлік әлеуетін ұлғайту туралы да айтылады. Әскерлердің ұтқырлығын арттыру және әскери қауіпсіздіктің қазіргі заманғы қатерлеріне ден қою үшін Ұлттық ұланның құрылымын жетілдіру, құрамын күшейту және инфрақұрылымын дамыту жөнінде шаралар дәйекті және жоспарлы түрде жүргізу жоспарланған.
Мамандардың айтуынша, жаңа құжатта жетпіске жуық өзгеріс орын алған. Оның бірқатары бұрынғы шарттарға түзетулер болса, ішінара жаңадан енгізілген тұжырымдар да бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қорғаныс ведомствосы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, негізгі құжатты жаңа болмысқа бейімдеуге бағытталған жұмыстарды жүзеге асырғанын атап өткен жөн. Доктринада ең бірінші рет Бактериологиялық (биологиялық) және уытты қаруға тыйым салатын конвенция туралы айтылған. Сонымен қатар, бітімгерлік қызметті кеңейте түсу қарастырылған. Ұтқыр және тиімді ден қою күштерін құруды көздейтін «ақылды шекара» тұжырымдамасын жүзеге асыру ұсынылған.
Жобада кибершабуылдан сақтануға көбірек назар аударылғаны байқалады. Құжатта бұл мәселе бірнеше жерде айтылған. Сондай-ақ, құпиясы мол ғарыш әлеміне назар аударылған. Бұрынғы құжатта бұл жоқ еді. Жаңа құжатта жазылғандай, Қазақстанға әскери қатер «ғарыштық кеңістікте басым түсу үшін күресуді күшейту» салдарынан да төнуі мүмкін. Себебі, еліміз Орталық Азияда жалғыз Байқоңыр ғарыш айлағына ие. Мәселен, еліміз үшін ғарыш саласындағы мүмкіндігін шектеуге, сондай-ақ, ғарыштық кеңістіктен ықпал ету арқылы мемлекеттің әскери әлеуетін төмендетуге бағытталған әрекет те қатерлі саналатыны айтылған. Доктринада «зымыран шабуылы туралы ескерту және ғарыш кеңістігін бақылау жүйесінің базалық элементтерін құру» елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған шаралар қатарына қосылған.
Қазақстанның әскери қауіпсіздігіне ықпал етуі мүмкін факторлар арасында биологиялық қатер мәселесіне көбірек көңіл бөлінген. Құжатта «Мәскеу, Лондон және Вашингтон қалаларында 1972 жылғы 10 сәуірде жасалған Бактериологиялық (биологиялық) және уытты қаруды жасауға, шығаруға және оның қорын шоғырландыруға тыйым салу және оларды жою туралы конвенцияның ережелері шеңберінен тыс шығатын процестер мен оқиғалар» елге қауіп төндіруі мүмкін екені жазылған. Біз сөзбен айтқанда, сарапшылар жаңашылдықтар арасынан гибридтік соғыс ерекшеліктеріне, ғарыштағы үстемдікке, биологиялық қару қаупін тойтаруға және зымыранға қарсы қорғаныс мәселелеріне айрықша көңіл бөлген.
Рас, қазіргі күні әуе-ғарыштық қарулар өте жоғары дәрежеде дамып келеді. Ұшақтар да, зымырандар да үнемді отынмен қамтылған әрі алыс қашықтыққа қысқа уақытта ұшып бара алады. Жауға күтпеген жерден соққы бере алады. Сондай-ақ, бұл шараларды өз жерінде даярлап жатқан кезінде оны жасырын түрде өткізуге мүмкіндік береді. Оның үстіне, ұшқышсыз аппараттар жаңа дәуір қаруына айналып үлгерді. Оның көп байқалмай жау тылына еркін өтіп кетіп жойқын соққы бере алатыны әлдеқашан дәлелденген. Жау ұшқышсыз аппараттарды жойса да, адам шығыны жоқ.
Бұл күнде тәуелсіз Қазақстанның айбынды әскері жауынгерлік қабілеті жоғары және қуатты қорғаныс күшіне ие. Ұлттық әскердің ең жаңа үлгідегі техникамен жарақтануы, білікті әскери кадрлармен қамтамасыз етілуі соның айғағы. Десе де, әскердің айбыны асқақ болуы үшін әлі де атқарылар іс-шаралар аз емес. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің мақсатымыз – шекарамызды, тәуелсіздігімізді және халқымыздың тыныштығын бұзуға бағытталған кез келген әрекетті тойтаруға дайын жинақы әрі қуатты армия құру. Біз Отанның кез келген бұйрығын орындауға дайын болу үшін өз шеберлігімізді шыңдай түсуіміз қажет. Жауынгерлерді, кіші офицерлерді осы жолда тәрбиелеу керек», – деді.

Есен ӨТЕУЛІ.

Поделиться ссылкой: