“Дипломмен ауылға” бағдарламасының басты мақсаты – жас мамандарды қолдау

90 Views

Қазақстан Республикасы «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі Заңының 7-бабы 4-бөлігінің 8-тармағына, «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» Заңы 37-бабының 1-тармағына, «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені саласының мамандарына, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығы негізінде, жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) шешімі бойынша бюджет қаражаты есебінен көтерме жәрдемақы беру және тұрғын үй сатып алуға әлеуметтiк қолдау көрсету тәртiбiн айқындайды. Ауылдың әлеуетін арттыру үшін құрылған бұл жоба елімізде 2009 жылдан басталып, бүгінгі таңда ауыл-аймақтарда орналасқан өңірлерді қажетті мамандармен қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарып келеді. Кадр тапшылығы мәселесін шешуге зор үлесін қосуда.
Біздің ауданда 2009 жылдан бастап көтерме жәрдемақы, 2011 жылдан бастап тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит беріле бастады. Қазіргі таңда 633 маман көтерме жәрдемақы, 346 маман бюджеттік кредит алды. Келісімшарт бойынша мамандар үш жылдық мерзiмге дейін ауданда жұмыс істейді. Келiсiмнiң шарттары орындалмаған жағдайда әлеуметтiк қолдау шаралары ретiнде алынған бюджет қаражаты толық көлемде қайтарылады. 2009-2024 жылдар аралығында көтерме жәрдемақы алған мамандардың саны – 633, жалпы сомасы – 116 260,5 мың теңге. 2010-2024 жылдар аралығында тұрғын үй сатып алуға бюджеттiк кредит алған мамандардың саны – 346, жалпы сомасы – 1 240 801, 0 мың теңге. Бүгінгі күнге бюджеттік несие алған 91 маман алдын-ала кредиттерін жауып, несиелік қалдықтарын 136 927,1 мың теңгеге бюджетке қайтарды. 2024 жылдың қазан айында аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің мамандары Б.Ами­рова, Г.Жармухаметова аудан­ның денсаулық сақтау, бiлiм беру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандардың арасында «Дипломмен ауылға!» бағдар­ламасын түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жиынға қатысқан мамандар сұрақтарды қойып, өтініш беру кезінде туындайтын мәселелер туралы айтты. Жиындарда бағдарламаның негізгі ережелері мен талаптары туралы ол жиындарда кеңінен айтылды. Бағдарламаның басты мақсаты – ауылды аймақтарды қажетті сала бойынша мамандармен қамтамасыз ету және сот мамандарға мемлекет тарапынан көтерме жәрдемақы – 100 айлық есептік көрсеткіші мен баспана алуға жеңілдетілген несие 15 жылға дейінгі мерзiмге жылдық 0,01% мөлшерiндегі сыйақысы мөлшерлемесімен бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларын алу мүмкіндігі беріледі. Бұған дейін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында берілетін кредиттердің ең жоғары сомасы 1500 АЕК болса, биылдан бастап ауылдық жерлерде оның мөлшері – 2000 АЕК-ке дейін өсті. Ал аудан орталығына барған мамандар 2 500 АЕК көлемінде кредит рәсімдей алады (биылғы жылға АЕК-ң мөлшері – 3692 теңге).
Әлеуметтік қолдау шаралары саладан берілген қажеттілік бойынша көрсетіледі.
Көтерме жәрдем ақы тағайындауға қажетті құжаттар:
1. Өтініш.
2. Жеке басты куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін).
3. Білімі туралы диплом не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін).
4. Көрсетілетін қызметті алушының еңбек қызметін растайтын құжаттың көшiрмесi.
Тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит алуға қажетті құжаттар:
1. Өтініш.
2.Жеке басты куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін).
3. Білімі туралы диплом не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін).
4. Көрсетілетін қызметті алушының еңбек қызметін растайтын құжаттың көшiрмесi.
5. Неке қию (ерлі-зайыптылық) туралы куәлік не некеде тұрған көрсетілетін қызметті алушылар үшін цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін).
6. Кредиттік бюродан есеп.
Сатып алынатын тұрғын үй жақын туыстарынан (жұбайынан), атасынан (әжесінен), ата-аналарынан «оның ішінде асырап алушылардан), балаларынан (оның ішінде асырап алынғандарынан), ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-қарындастарынан), сондай-ақ, азамат тұрақты тұратын тұрғын үй-жайды сатып алуға пайдаланылмайды.
Әлеуметтік қолдау шаралары бұрын берілген кредиттер бойынша өтелмеген мерзімі өткен берешегі жоқ, сондай-ақ, соңғы 2 (екі) жыл ішінде 90 (тоқсан) күнтізбелік күннен астам мерзімі өткен берешегі жоқ көрсетілетін қызмет алушыларға ұсынылады.
Әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылған маман ауылдық елді мекенде кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттеме алады. Келiсiмнiң шарттары орындалмаған жағдайда әлеуметтiк қолдау шаралары ретiнде алынған бюджет қаражаты толық көлемде қайтарылады. Тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие алған мамандардың ішінде несиелерін төлемей отырған мамандар да бар. Келісімшарттың негізінде мамандардың ісі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес сот тәртiбiмен шешiлуде.
2023 жылдың 1 сәуірінен бастап «Отбасы» банкі «Дипломмен ауылға» жобасының сенімді агенті болып бекітілді. Сондай-ақ, бағдарлама толығымен цифрлық форматқа ауыстырылды. Осыған байланысты барлық өтінім otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында онлайн режимде қабылданады.
«Дипломмен ауылға» жобасына қатысуға өтінім беру үшін алдымен otbasybank.kz порталында тіркелу керек. Одан кейін электронды-цифрлық қолтаңбамен өтінімге қол қою қажет.Жәрдемақы мен бюджеттік кредитке де өтінішті бір мезгілде банк порталы арқылы беруге болады.
Бүгінде мемлекеттің тарапынан осы бағдарламаның көмегімен ауданға жұмыс істеу үшін және тұру үшін келген мамандар баспаналы болып, бір рет берілетін жәрдемақы алып, отбасын құрып ауданымызда тұрақты жұмыс істеуде.

Аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі.

Поделиться ссылкой: