Мазасыз мамандықтың майталмандары
«Өрт нақты қызғанда, су тапқызбайды» дейді біздің қазақ. Бұндай сөзді қазекеңнен басқа кім айтсын! Рас қой. Қайбір жылы Қостанай облысында нендей жағдай болғанын мұқым қазақ әлі ұмыта қойған жоқ. Сол өрттің салдары «Әне-міне дегенше өтейін деп тұрған» ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын өткізуге тұсау салып еді ғой. Ешкім ұмытпаған болар сол жағдайды. Біздің облыста жағдайда әлі есімізде. Яғни 2021 жылдың 26 тамызында Байзақ ауданындағы әскери бөлімінің оқ-дәрі сақтау қоймасында өртті сөндіру кезінде 10 өрт сөндіруші қаза тапты. Олардың да отбасы, бала-шағасы бар. Ол да бүтіндей бір әулеттің қабырғасын қайыстырған жағдай болды. Одан кейін Астана қаласында болған жағдай да жұрттың есінде біраз уақытқа дейін көмескіленіп қалары анық. Елордадағы көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінен өрт шығып, салдарынан Забикулин Асқар есімді өрт сөндіруші қызметкер қаза тапты. Асқар Забикулин өмірден босқа өткен жоқ. Ол өрт болған үйден 4 бірдей баланы құтқарды. Оның екеуі ұл бала. Балалар аман қалды.
Бірақ Асқардың өзі жоқ арада. Осыдан кейін барып, әуелгі сөз басында жазған, яғни «Өрт нақты қызғанда, су тапқызбайды» деген дана қазекеңнің сөзі өміршең екенін ұғасың. Біреулер «қойшы соларды, бітіріп жүрген түгі жоқ» деуі мүмкін. Түк бітірмесе, Асқар секілді жүрегінің түгі бар азаматтар тәуекелге бел буа ма? Өмірін қимас еді ғой. Сондықтан «тілде жазық жоқ» деп, бірден кесіп айту да жөн емес секілді. Біз жақында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің жұмысымен танысқан едік. Көріп, біліп, елде болған оқиғаларды ой елегінен өткізіп, сол себепті де тақырыпты «Мазасыз мамандықтың майталмандары» деп қойып отырмыз.
Біз осы ретте аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұрболат Кадырхановтан блиц сауал алған едік. Ол:
– Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жылдық жоспарына сәйкес, сонымен қатар бөлімнің жеке жұмыс жоспары негізінде аудан аумағында өрттерді және басқа да төтенше жағдайларды болдырмау, материалдық шығынды азайту, халықты әртүрлі төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған жұмыстар тиісті деңгейде атқарылды. Аудан аумағында 2024 жылдың III тоқсанында 35 өрт оқиғасы тіркелді. Оның ішінде жеке меншік тұрғын үйлерде – 16, автокөліктерде – 10, басқа нысандарда – 3 және тұрғын үйлердің шөпханаларында – 6 өрт оқиғасы орын алды. Өрттен келген материалдық шығын 3 миллион 180 мың теңгені құрады. Былтыр бұл сандық меже 3 миллион 930 мың теңге болған.
2024-2025 жылғы жылыту маусымы кезінде ауданда өрттің және табиғи газбен уланудың алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері аудандық өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамын тарта отырып, аудандық электр желілерін тарату және газ шаруашылық мекемесі, ерікті жастар, аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде 6350 тұрғын үйлерді аралап, оған барлығы 10650 адам қамтылды. Сонымен қатар, оларға аудан тұрғындарына өрт қауіпсіздігі шараларын ескерту жұмыстары нәтижесінде тұрғын үйлердің иелеріне 12 000 жаднама (Өрт қауіпсіздігінің ережелері тақырыбында) қағаздары таратылды, – деп жауап қайырды біз қойған сауалға.
Қазіргі таңда Т.Рысқұлов аудандық №10 өрт сөндіру бөлімінде 25 өрт сөндіруші еңбек етеді. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен Ақыртөбе және Қорағаты ауылдық округінде бір-бірден 2 өрт сөндіру бекеті ашылып, онда төрт-төрт адамнан 8 адам қызмет атқарады.
Орманды және далалы жерлердегі өрттердің алдын алу мақсатында Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан 2 (Ақыртөбе, Луговой) орман шаруашылықтарында өрт қауіпсіздігіне қарсы жоспар жасалынған. Өрт қауіпсіздігіне арналған 20 аншлаг орнатылды. Орман шаруашылықтарында ерікті өрт жасақшылары құрылып, оларға қажетті құралдар (хлопушка) қоры жасалған. Арнайы өрт сөндіру техникалары бар.
Біздің келесі қойған сауалымызға аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Нұрболат Қадырханов:
«Егін науқаны және астықты сақтауға арналған ауыл шаруашылық нысандарында және шаруа қожалық төрағаларымен өртке қарсы тақырыптарға үгіт-насихат жұмысы ұйымдастырылып жүргізілді. Үгіт-насихат жұмыстарының барысында егін орағына қатысатын техникалардың алғашқы өрт сөндіру құралдарымен және ұшқын жабдығымен жабдықталуына басты назар аударылды. Табиғи өрттердің алдын алу бойынша 24 шаруа қожалықтары араланып, оларға нұсқама берілді. 63 адамды қамтитын 6 жиын жүргізілді. Бөлім қызметкерлері жергілікті әкімдік қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс атқарып отырады. Аудан әкімдігі қызметкерлері тарапынан кезекші жауапты қызметкер күнделікті аудан аумағындағы төтенше жағдайлар және оқиғалардың жағдайы туралы ақпараттардың жиналуын ұйымдастырып, жұмыстарын жүргізіп, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің кезекшілігіне баяндап отырады» деді аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұрболат Кадырханов. Бізде өз кезегінде аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі мен №10 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледік.
Марат Диханбай. Суреттерді түсірген
Ербол Уазиев.