Махаббатым – кітап, мамандығым – кітапханашы
Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев,
Қазақстан Республикасының Президенті.
Рухани әрі мәдени тынысымыздың тірегі – кітапхана. Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін – біздер, яғни кітапханашылар.
Жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып келе жатқан кітапханашылардың еңбегі – ұшан-теңіз! Олар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда.
ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. Үздіксіз, тоқтаусыз әрі жылдам. Ақпараттың соңына шам алып түскен адам әлеуметтік желіден қолы босамайды. Ал қоғамның тұрақты дамуына мәдениеттің қосары зор.
Кітап ықылым заманнан бері адамзатқа қорған болды, серік болды, желеп жебеді. Кітапханаға жиі келетін және оқуды сүйетін оқырмандар кітапханашының өз жұмысына деген тұрақтылық пен сенімділікті нығайтады. Белсенді оқырмандар кітапханашының барлық жұмысына көмектесіп, кітапхана іс-шараларына атсалысады.
Сан түрлі мамандықтар бар, бірақ кітапханашы мамандығы өзінің өте қызықты да тартымдылығымен ерекшеленеді. Себебі күн сайын жаңалыққа толы сәттер, яғни жаңа келген газет-журналдар, жаңа кітаптар және күн сайын келіп, кітап алып жатқан оқырмандар, оқытушылар, қызметкерлер легі толастамайды. Мен мамандығыммен мақтанамын! Осы салада еңбек етіп жүргеніме өзім дән ризамын.
А.Искакова,
Т.Рысқұлов аудандық кітапхананың кітапханашысы.