Балаларымызды дұрыс тәрбиелеп жүрміз бе?

92 Views

Адамзаттың мына жарық дүниеге келуіндегі басты мақсаттарының бірі – өмірін жалғастыратын ұрпақ өсіру, сөйтіп жер бетінде адамзаттың жоқ болып кетпеуіне үлесін қосу. Сондықтан болар, әр адам ұрпақ сүюді армандайды, өмірінің жалғасын көргісі келеді. Әрбір бала өмірдің сәні, отбасының шаттығы. «Адамның бақыты – балада» деп ата-бабаларымыз орынды айтқан. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз де тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні – өз ұрпағы. Байлық та, мансап та, атақ та оның алдында түкке тұрмайды. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді шілдеханамен қарсы алып, тербелген тал бесікке салған. Бесік жырымен әлдилеген, бөбегін алақанға салып аялаған. Тәрбиесіне жауаптылықпен қарап, бойына жақсы қасиеттер сіңіруге тырысқан. Әр ата-ана өз баласының аман-есен өсіп, жақсы тәрбиелі, терең білімді, парасатты, бойында адами жақсы қасиеттері мол болғанын қалайды. Әрине, оған қол жеткізу оңай жұмыс емес. «Балаға тәрбие отбасынан басталады» деп жұрт әркез айтады. Иә, бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз – ата-ана. Ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер жанұяда балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңетініне дау жоқ. Сондықтан, әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете аңғара білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды.
Қазақтың ежелден келе жатқан қанатты сөзінде: «Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төрт­ке келгенше білім беріп қина, он төрттен кейін үлкен азамат деп сыйла» деген қағиданы берік сақтаған жөн. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата-аналар арасында «Екеуміз де күні бойы жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, жұмыстан шаршап келген әкесінің де баламен сөйлесуге уақыты жоқ» деп желеу-сылтау айтатындар бар. Бұл мүлдем дұрыс емес.
Баламен сөйлесуге, тіпті ар­найы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздармен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге болады емес пе? Талшыбықтай жайқалып өсіп келе жатқан бала кіш­кентай кезінен-ақ әр нәрсеге әуестеніп, үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір әке-шеше кейде «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің, жағаласпай ары жүрші» деп ұрысып, бетінен қағып, зекіп тастайды. Бұл – қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен орынды. Тіпті балаға берген тапсырмаңыздың аяғына дейін орындалуын төзімділікпен бақы­лау керектігін де ұмытпаған жөн. Осылай баланың бірте-бірте еңбекке деген құштарлығына, болашағына жол ашылады. Әрі істеген ісін ұқыпты да тындырымды орындауына бағыт бересіз.
Баланың жақсы ісін мадақтап, теріс әрекетін оң етіп түсіндіріп отырса, ол да ересектерді сыйлап, кез келген тапсырмасын орындауға қар­сылық білдірмейді, істеп жатқан ісіне сенімі арта түседі. Отбасындағы жанжал, үлкендердің аузына келген анайы сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді де, оның тәрбиелі болып өсуіне кедергі келтіреді. Бала алдында әке-шеше, үй-ішінің, үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы, арақ пен темекінің адам денсаулығына кері әсер ететінін біле тұра, балалардың көзінше ащы суды ішіп, үсті-үстіне темекі тарта­тындар бар. Ондай ортада өскен бала ертең не істейді? «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген дана халқымыздың айтқан сөзіндей, әрине, ол да спирттік ішімдікке, темекіге салынып, бейпілауыз болып қалыптасады. Сол өкінішті. Қазақта «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, соңғы дөңгелегі сонда жүреді» деген сөз бар. Сондықтан бала тәрбие­сіне жеңіл-желпі, жүрдім-бардым қарау­ға болмайды. Кейбір ата-ана бала тәрбиесінен алшақтап, барлық салмақты мектепке, онда қызмет ететін мұғалімдердің мойнына артып қойды.
Ұстаздар білім берумен қатар тәрбие ісіне де қатысы бар екенін жоққа шығармаймыз. Бірақ, алдындағы 25-30 оқушының әрқайсысының бойына тәрбие ісін жеке-жеке енгізуге шамалары жоқ, уақыттары да жете бермейді. Сондықтан балаға тәрбие ата-анасынан, отбасынан келу керек. Өкінішке қарай, бәзбір отбасылардағы ата-аналар көпшілікке түсініксіз, бұлыңғыр діни ағымға тым беріліп кеткендерін көріп жүрміз. Бесіктен белі шықпаған жап-жас қыздарына араб елдері сияқты тұмшалап, ыстық күнде жерге сүйретілген қара киім кигізіп, бет-жүзін орамалмен бүркеп жүргендерді көргенімізде еріксіз жанымыз қысы­лады. Бәзбір ата-аналар мектепте де балалары орамалмен жүргенді талап етеді. Мектеп оқушыларына тиісті заңмен бекітілген киім үлгісі бар екенін олар құлақтарына ілгісі келмейді. «Егер менің хиджап киген қызымды мектепке жібермесе, біз отбасымызбен басқа мемлекетке көшіп кетеміз» деп қоқан-лоқы көрсетіп, байбалам салып, доқ көрсететіндер бар. Одан кім ұтады, кім ұтылады? Мұндай баладан ертең белгілі тұлға, саналы азамат, білімді ғалым шығады деуге өз басым сенгім келмейді. Ойланайықшы, сол теріс әрекеттерімізбен балаларымыздың болашағына балта шауып жүрген жоқпыз ба? Медицинаның атасы Ибн Сина «Ақылды адам діндар болмайды, ал діндар адам ақылды бола алмайды» деген екен.
Меніңше, бұл өте дұрыс пікір. Жұма сайын жұма намазға барып, ораза ұстап жүрген балаларымен мақтанатындар аз емес. Олар саналы түрде дінге барды ма, әлде біреулердің арбауымен, үгіттеуімен, қызықтыруымен барды ма, терең үңіле бермейді. Кейде әлгі уағыздардан кейін, әлі оңы мен солын танып білмеген бала діншіл болып кетуі әбден мүмкін. Дінге тым терең еніп кеткен бала діни соқыр фанатқа айналады. Ой-өрісі діни ұғымдармен шектеліп қалады. Тіпті, деструктивті дін иелерінің айтқанына, айдауына көніп, шетел асып, оқ пен отқа оранған мемлекеттерге барып, қолдарына қару, белдеріне граната байлап, қантөгіс соғыста өздерін жиһад етіп, орынсыз жас өмірлерін қиып жатқандар қаншама? Бұл сонда не? Оған кім кінәлі? XIV ғасырда өмір сүрген Италия философы Николло Макиавелии «Патша» атты кітабында былай дейді: «Дінге сенетін жұртты басқару оңай, жаулап алу қиын. Мұндай елде патша қолындағы билігінен айырылып қаламын деп алаңдамайды. Өйткені ол қатып қалған Жаратушыдан түскен діни заңдарды қолданады. Кейін оның билігіне ешкім қарсы шықпайды. Оның себебі мынада: патшаның сөзіне қарсы шыққаның Жаратушыға қарсы шыққаның болып есептеледі. Мұндай елде патша билігінен айырылып қаламын деп еш алаңдамаса да болады, жұрт Құдайдың емес, патшаның айтқанына Құдайындай сенеді. Тек өзіне сенімді, ұлы мақсаты бар ержүрек азамат қана мұндай жүйеге қарсы шыға алады», – дейді. Ойланатын дүние…
Қалада тұратын жастардың біразы кешке үйлерінде отырудың орнына бақылаусыз, мақсатсыз өз бетімен беймезгіл уақытта көше қы­дырып, компьютерлік клубтарда, саябақтарда, бұрыш-бұрышта қыды­руды әдетке айналдырған. Олардың түн ішінде кімдермен жүргенін, не істеп, немен айналысып жүргенін ата-аналары білмейтіні өкінішті. Содан барып балаларыңыздың лудомания (құмар азартты ойындармен әуестену), наркомания, спирттік ішімдіктермен әуестену, алкоголизм және басқа да келеңсіз жайларға ұрынуы әб­ден мүмкін. Түнде бей-берекет жүр­ген жастар арасында төбелес, қақты­ғысу, біреулерді тонау және де басқа қылмысты істер орын алады. Сондықтан олардың кімдермен достасып, немен айналысып жүргенін біліп отыру артық емес. Әсіресе жет­кіншек қыз балаларын ерекше қадағалау керек-ақ. «Қызға қырық үйден тыйым» деп аталарымыз бекер айтпаған. Кешкі тойханаларда даяшы болып жүргендердің басым көпшілігі кім? Олар – жоғары сынып оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орны­ның студенттері. Мойындарына фото­аппараттар іліп алып, жарыса таласып суретке түсіріп жүргендер де солар. Олар той тарқағанша жүреді де ертеңгі сабағын дайындамайды, тіпті кейде сабаққа бармай қалатыны жасырын емес. Олардың бар ынтасы білім алудың орнына ақша табу.
Дүние қуған жас қалай жөнді білім алады? Олардан ертең жақсы маман шығады деуге аузың бармайды. Ондай жастардың бойында тәрбие де, мәдениет те кемшін. Соңғы кезде қаланың орталық көшелерінде, тіпті қала орталығындағы халық тынығатын, балаларымен демалатын саябақтарда ащы мотор үні құлағыңды тұндыра жарысып жүйткіген мотоциклдер, мопедтер, скутерлер көпшілікті алаң­датады. Олардың иелерінің басым көпшілігі – кәмелетке әлі жасы жет­пеген, жол қозғалыс тәртіптерін білмейтін, арнайы куәлігі жоқ жап-жас жеткіншектер. Мемлекеттік заң шықса да, олар оның талаптарын елемей, әкесі мен анасының алып берген «моторлы сәйгүлігімен» ойқастап, қала көшелерінде автомашиналармен жарысып, аласұра шапқылап жүр.
Солардың кесірінен елімізде жол апаттары саны көбейіп, жап-жас балғын жігіттердің өмірі қиылып жатыр. Баланың айтқанына көніп, оларға ерте бастан да мотоцикл, автомашина сатып алып бергеніміз неге алып барарын ата-аналар білгендері жөн. Қайғы-қасіреттен аулақ болайық десек, балаңыздың өмірін кері әсерлерден сақтағыңыз келсе, бір істі бастар алдында барлығын ой таразысынан өткізіп, ақылыңызбен кеңесіп көріңіз. «Ақшам бар, жағдайым бар. Баламнан нені аяймын» деп орынсыз мәрттік жасауға асықпаңыз. Бала жастайынан еңбектің, табыстың, дүниенің қадірін біліп өссін. «Қазіргі балаларды ата-аналары емес, әлеуметтік желілер тәрбиелеп жатыр» деген сөзді жиі естиміз. Онысы шындық. Бір сәт зер салып, жан-жағыңызға қараңызшы. Қолдарынан бір сәт түспейтін телефон.
Бұл мына ХХІ ғасырдың «тажалына» айналды. Қарт та, жас та гаджеттің жетегінде жүр. Ресми деректерге сүйенсек, еліміз бойынша Instagram-ға 12,1 миллион, Facebook-қа 2,6 миллион, ал Tik-Tokқа 14,1 миллион қолданушы тіркелген. Елімізде кейінгі екі жылдың ішінде TikTok желісінен 14,1 миллион аккаунт ашылған. Бар болғаны 20 миллион халқы бар мемлекетімізде Tik-Tok әлеуметтік желісіне 13 жасқа толмаған балаларды тіркемейтін шарт бола тұра, 14,1 миллион аккаунт ашылуы бұл желінің қазақ қоғамына қаншалықты тамыр жайып үлгергенін көрсетсе керек.
Әлеуметтанушы ғалымдар Tik-Tok-та отырған жеткіншектердің басым бөлігі басқаның пікіріне тәуелді болып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін, яғни ақ пен қараны ажырата алмайтынын айтады. Тіпті, әлемде нені жеу, нені жемеу керегін айыра алмайтын балалардың өсіп жатқаны туралы деректер де кездеседі. Tik-Tok секілді әлеуметтік желілердің әсерінен бүгінгі ұрпақтың өз бетімен ойлана алмауы, шексіз сәбилік қиялының дамымай қалуы, өмірге деген жеке көзқарасының қалыптаспауы секілді сансыз мәселе туындауда.
«Жалпы, Tik-Tok әлеуметтік желісінің отаны санала­тын Қытай ғалымдарының өзі бұл платформаға балалар мен жасөс­пірімдердің біржола тәуелді болып қалатынын дәлелдеп, онымен күресудің жолын іздеп жатуы тегін емес» деп айтуда сарапшы мамандар. Зерттеушілер ұялы телефон балалардың есте сақтау қабілетін нашарлатады, танымдық қабілетін төмендетеді, олардың бойын сүлесоқтық пен бойкүйездік билейді деген пікір айтады. Балалардың көбісі ашушаң, шаршауық, жүйкесі тез құриды екен. Ұялы телефонмен ұзақ сөйлесетін балалардың жүйкесі жұқарып, депрес­сиялық синдромға ұрынуы жиілейтін көрінеді. Жасыратыны жоқ, қазір мектеп жасындағы балалар мен студенттер ұялы телефонсыз сабаққа кірмейді.
Кез келген сұраққа жауапты теле­­­фоннан іздейді. Тіпті, теле­фонсыз көбейту кестесін қойғанда, бір цифрды екіншісіне қоса алмайтын мек­теп оқушылары бар екенін жасыра алмай­мыз. Гаджеттердің кесірінен осындай мүшкіл халге жеттік. Бұл келе­шекте оларды неге апарады? Әзірге барлығы бұлыңғыр, жұмбақ дүние… Біздің елде мектеп қабырғасында сымсыз телефонға тыйым салып, тежеп жатқан ешкім жоқ. Тіпті, мұғалімдер ұялы телефон оқушылардың сабаққа, білімге деген ынтасын әлсірететінін айтады. Қазіргі мына шынайы өмірден көріп жүрміз, газет-кітап оқымай, бар­лық мәліметтерді қалта телефонынан алатын, тек соның көмегіне жүгінетін балалардың сөйлеу қабілеті төмендеп, тіл байлығы азайып, тілдері шорқақ болып бара жатқанын байқауға болады.
Тіпті, олардың кейбіреуі өз бе­тінше сөйлем құрай алмай, ойын жеткізе алмай қиналады. Ра­сын­да да, ұялы телефон адамдар арасын алыстатып, виртуалды әлемге енгізіп, өзіне тәуелді етіп алды. Балалардың бұрынғыдай аулаларда желмен жарысып доп қуып жүргенін, ойын қызығына түсіп, терлеп-тепшіп аласұрып ойнағанын сирек көресіз. Басым көпшілігі сым­сыз телефонға, интернетке тәуелді, тіпті бәзбірі оның құрсауына түсіп, оның «тұтқыны» болып қалған. Сол себептен жас балалардың физикалық дамуы едәуір тежеліп, олардың бойын әлсіздік, нәзіктік, боркеміктік жайлап бара жатқаны көпшілікті алаң­датады. Гаджеттің жас балаға, оның денсаулығына кері әсер ететінін білгендіктен көп мемлекеттерде оның пайдалану мерзімін шегерген. Тіпті, бәзбір мемлекеттер көпшілік көз алмай көретін Tik-Tok желісін мүлдем жауып тастаған. Өйткені ол арқылы кибершабуыл, миды улау тоқтаусыз жүріп жатыр. Балалардың мінезінің қалыптасуына және психикасына ол едәуір әсер етуде. Мәселен, бүгінгі таңда Ұлыбритания, АҚШ, Дания, Бельгия, Жаңа Зеландия елдері де аталған әлеуметтік желіні шектеу немесе оған тыйым салуды көздейтін нақты шаралар қабылдаған. Еуропалық одаққа қарасты Еуропарламент, Еуропалық комиссия, Еуропалық одақ кеңесі қызметкерлеріне Tik-Tok желісін пайдалануға тыйым салған.
ТМД елдерінің ішінде іргедегі қырғыз бен өзбек те бұл платформаның жұмысына шектеу қойып отыр. Бірақ бізде оны ойлап, өз деңгейінде мәселе етіп көтеріп жатқан қауым шамалы. Бірен-саран белсенділердің сөздері билік иелеріне жетпей, талаптары іске аспай отыр. Ол туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Астанада өткен мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында әлеуметтік желілердің балалар психикасына және денсаулығына келтіріп жатқан залалы жайлы айта келіп: «Танымал әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкен­дерді де зомбиге айналдыруы мүмкін. Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек» деген сөзі бұл мәселеде ата-аналардың да жауапты екенін анық аңғартады.
Өскелең ұрпақтың бойынан ұлттық мәдениетіміз, сыйлас­тық, ізеттілік, ар-ұят деген түсініктер бірте-бірте жоғалып бара жатқандай болады да тұрады. Жастардың қоғамда өзін-өзі ұстауы, сөз мәдениеті, үл­кен­ге деген ұлттық ізеттілігі, бас­қа­­ларға қайырымдылық, қолдан келсе жақсылық жасауға ниеттеніп тұра­тындай адамдық асыл, жақсы қасиеттер азайып бара жатыр. Үлкенді – үлкен, кішіні – кіші деп сыйламайтын жастар өсіп келеді. Көшеде келе жатып тым еркіндікті сезініп дөрекі, боқтыққа толы балағат сөйлеу мен дарақы күлу, бейпілауыздыққа барып, балағат сөздерді қардай борату ұлдар арасында ғана емес, қыздар арасында да етек алып бара жатқаны кімді болмасын ойландыруы керек. Ашықтан-ашық қыз балалардың темекі шегіп тұрғанын көру бүгіндері ешкімді таңдандырмайды. Әсіресе, мұндай үрдіс ауылдан қалаға келіп, ата-анасының қадағалауынан «еркіндікке шыққан» қаракөздеріміздің арасында басым болып бара жатқанын байқап жүрміз.
Кейде беймезгіл уақытта көше кезіп жүрген жас жігіттер жиналып алып, біреуді жәбірлеп, ұрып кету оқиғалары жиі кездесуде. Жастар арасында аяуcыздық, қатыгездік өршіп бара жатқанын теледидардан, әлеуметтік желілерден көріп жүрміз. Мысалы, жақында ғана Ақтауда бір топ жастар көшеде кетіп бара жатқан егде жандарды жабылып ұрып, зәбірлегені, одан кейін уақыт өткізбей күдіктілер ұсталып, изоляторға қамалғаны жайлы интернетте хабар тарады. Талғарда да 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Ойланыңызшы, неге жастар арасында қатыгездік дендеп барады? Ұлттық мәдениетімізді, әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді, бір-бірімізді сыйлауды жоғалтсақ ертең кім боламыз? Әр адамның өз ерекшелігі, өз мінез-құлқы, өз талабы бар. Әрине, мына жарық дүниеге келген әр жанның гендік тұрғыдан өз қабілеті, өз нанымы, дүниеге көзқарасы болады.
Барлығына бірдей қарауға болмас. Сол себептен әр баланың табиғи қабілетіне қарап, талабын қолдап, келешек мамандығын таңдатқан жөн. Біз қызмет етіп жүрген емдеу орнына топ-топ болып қаладағы медициналық колледждерден тәжірибе алу үшін сандаған студенттер келеді. Олардың басым көпшілігі мемлекеттік грантпен емес, өз қаржыларына оқып жүргендер. Сол «ақ халат киіп, болашақта медицина қызметкері болып халыққа қызмет етеміз» дегендердің білімдерінің тым таяздығын көріп, ертең олар қалай жұмыс істейді, науқастарды қалай емдейді, медколледждер кімдерді дайындап жатыр деген ойға еріксіз кетесің. Расын айтайық, әлгілердің басым көпшілігі ертең денсаулық сақтау саласында қызмет ете алмайды. Өйткені, оларда білімге деген құштарлық, келе­шек мамандығымды жақсы меңге­рейін деген ынта жоқ. «Оқымасаң, қызықпасаң неге медицинаға түстің?» десең, «Әке-шешем соған барасың» деп менің қалауыммен есептеспей, ойымды білмей, емтихан тапсыртпай-ақ, ақшасын төлеп, медицинаға түсіріп жіберді. Енді, міне, бір жылдан соң диплом аламын, бірақ мен фельдшер немесе медбрат болып істегім келмейді. Менің қалауым техникалық колледж болатын» деп күмілжіп, желкесін қасып тұрады әлгі студенттердің біразы. Оған не дерсің? Сауатсыз маман ертең кімге керек? Сондықтан болашақ мамандық таңдау алдында балаңызбен ой бөлісіп, ақылдасып, оның пікірімен есептескеніңіз жөн. Осы сәтте еріксіз мына бір мысал ойға келді. Ертеректе АҚШ-тың президенті Джон Кеннедидің кенже баласы: «Әке, мен мектепті бітіріп жатырмын. Қандай мамандықты таңдап, қай университетке түскенім жөн?» дейді. Сонда әкесі: «Айналайын, балам! Оны өзің шеш, жүрегіңмен ақылдас. Келешекте етікші болсаң да, өз мамандығыңның шебері бол» деген екен. Өте орынды, тауып айтылған сөз! Балалардың болашақ мамандығын таңдау ісінде несін жасырамыз, бізде әлі олқылықтар көп.
Әр ата-ана баласының келешекте әкім, министр, сот, прокурор, банкир, бастық болғанын қалайды. Бірақ әр баланың Жаратқан Иеміздің берген табиғи қабілеті, ой-санасы бар екенін неге ескермейміз? Кім қандай мамандықтың иесі болса соны терең меңгеріп, өз жұмысының білгірі, шебері болғаны абзал.
Бұл – өмір шындығы. Жақсы маман өз ортасында әркез сыйлы, құрметті. Қорыта айтқанда, бала­­мыздың қандай болып өсіп-жеті­­луіне, тәрбиелі, білімді, ізетті, қайырымды, отансүйгіш азамат болып қалыптасуына әр ата-ананың үлесі бар екенін айтқымыз келеді. Сондықтан бұл мәселеге жеңіл-желпі, бейжай қарап, уақыт жіберіп алып, ертең «әттеген-ай» деп өкініп жүрмейік, замандас! Жастар – еліміздің болашағы. Демек, олардың алдында үлкен жауапкершілік тұр. Олар қазірден бастап қалай тәрбиеленіп, білім алып қалыптасады, келешегіміз де соған сай болады.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
облыстық әкелер кеңесінің мүшесі.

Поделиться ссылкой: