Жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды
Қайыңды ауылдық округіне Қайыңды, Мамайқайыңды және Сөгеті елді мекендері қарайды. Аудан орталығынан шалғай жатқан бұл ауылдық округте биыл көптеген тірліктер жасалды. Соның ішінде Мамайқайыңды мен Сөгеті елді мекендеріне жаңа су іркуіш имараты мен сапалы ауыз су жүйесінің құбырлары тартылып жатыр. Оған республикалық бюджеттен қос елді мекеннің екеуіне 500-500 млн. теңгеден 1 миллиардқа жуық қаражат бөлінді. Одан бөлек те қаншама шаруалар атқарылып жатыр.
Мәселен, сол ауқымды атқарылған шаруаның бірі ретінде Қайыңды ауылындағы жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пунктін айтсақ болады. Бұл нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 249,2 млн. теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компания – «AKM GROUP» ЖШС-і.
Биыл ауданымызда осы Қайыңды ауылындағы фельдшерлік-амбулаториялық пункттен өзге Рахым Сәбденов және Қорағаты кентінде де емдеу мекемесі салынып жатыр. Аудандық атқарушы билік өкілдері 2027 жылға дейін дәл осындай 5 медициналық пункт салуды жоспарлап отыр.
Өткен сейсенбіде Қайыңды ауылындағы фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ресми түрде ашылу салтанаты өтті. Оған аудан әкімі Ернар Есіркепов арнайы барып қатысты.
Аудан басшысы Ернар Серікәліұлы Қайыңды ауылының тұрғындары алдында сөз сөйлеп, жергілікті жұртшылықты Республика күнімен құттықтап, халық игілігіне беріліп отырған жаңа нысан көпшіліктің кәдесіне жарайтынына сенім білдірді. Біз осы сәтте ауыл тұрғындарының да жүздерінен қуанышты байқадық. Аудан әкімінің іскерлігіне риза болып, жаңа емдеу мекемесінің ашылуына шын қуанған жандардың бірін сөзге тарттық. Ол – денсаулық сақтау саласының ардагері Зурахан Раушанова апамыз. Зурахан апа 32 жыл бойы медицина саласында абыроймен қызмет атқарған. Зурахан апа өз сөзінде дәл осындай емдеу нысандары әр ауылдық округтерде де салынып, көпшілікке қызмет етсе деген ниетін жеткізді. Біз Зурахан апаны сөзге тартып, әңгімелесіп жатқанымызда оның жұбайы, ауданның Құрметті азаматы Мейірқұл Іскендеров ақсақал бата беріп, тілегін білдірді.
Одан кейін «AKM GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Камилхан Абиев Қайыңды ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Достан Арзиметовке жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің «Символикалық кілтін» салтанатты түрде табыс етті. Содан соң ауыл ақсақалдары Мейірқұл Іскендеров пен Дүйсенғали Байділдаев жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің лентасын қиды. Айта кетейік, Қайыңды ауылдық округіндегі емделушілердің саны 1440 адамды құрайды. Оған заманауи үлгіде салынған жаңа емдеу нысанында 12 маман дәрігерлік көмек көрсетеді.
Марат ДИХАНБАЙ.