Қайыңдыда атқарылған ауқымды тірлік көп

70 Views

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен сейсенбіде аудан әкімі Ернар Есіркепов Қайыңды ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында аудан басшысы Ернар Серікәліұлы өзекті проблемаларды қозғап, жыл бойы атқарылған жұмыстарды баяндады. Әсіресе аудан тұрғындарын ауыз сумен қамту жұмыстарын сөз етіп, биылдың өзінде 8 бірдей ауылға ауыз су тартылып жатқанын тілге тиек етті. Иә, жуық арада ауыз сумен қамтылатын ауыл­дардың ішінде Қайыңдыға тиесілі екі елді мекен бар. Оның бірі – Сөгеті, екіншісі – Мамайқайыңды ауылы. Екі ауылдың тұрғындары да суды көше басындағы құдықтан тасып ішіп отыр. Биыл бюджеттен 1 миллиардқа жуық қаражат бөлініп, аталмыш екі ауылға су имараттары салынуда. Осы үшін де жергілікті жұрт аудан әкіміне шексіз алғыстарын жеткізді. «Сұрақ-жауап» кезеңінде Сөгеті ауылының тұрғыны «Ауыз су құбырының құрылысы баяу жүруде» деп өз уәждерін жеткізді. Дегенмен, аудан әкімі Сөгетідегі құрылыс келер жылға өтпелі екенін айтып, уайымдауға ешқандай негіз жоқ екенін мәлімдеді.
Жалпы биыл Қайыңдыда бірқатар қордаланған мәселе шешілген. Соның бірі емдеу мекемесінің бой көтеруі. Енді тұрғындар ауылда бала саны жылдан-жылға артқанын айтып, «Ескі әкімдік ғимаратын жөндеуден өткізіп, аталмыш нысанды балабақша балансына берілсе?» дейді. Бұл маңызды сауалға аудан әкімі жергілікті қауымдастық мүшелері атсалысып, жергілікті жұрт қарсы болмаса, әкімдік тарапынан да еш қарсылық жоқ екенін айтты. Жиында көше жолы, ағын су, «Ауыл аманаты» жобасы, жұмыспен қамту мәселелері сөз болды. Ауыл ақсақалдары шарапаты мол шаралардың ауыл аумағында атқарылып жатқандығын айтып, аудан басшысына шексіз алғыстарын білдірді.
Қайыңды ауылдық округіне қарасты Сөгеті мен Мамайқайыңдыға ауыз су келетінін айттық. Осы күні жаңа емдеу нысанының да салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұдан бөлек, Қайыңдыға мал өлекселерін тастайтын биотермиялық шұңқыр құрылысы да жүргізілген. Тіпті біз ауылдан шыға бергенімізде жол салушыларды да байқап қалдық. Құрылысшылардың сөзіне сенсек, олар алдағы аптада Жорабек және Жолшыбек көшелеріне жол жүргізбекші екен. Бұл ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасының жергілікті жерде орындалуының нақты көрінісі.

Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Поделиться ссылкой: