Елді бірлікке үндейтін бірегей жоба

160 Views

Асар – ежелден келе жатқан қазақтың игі дәстүрлерінің бірі. Осыдан 4 жыл бұрын қасиетті Әулиеата жерінде қолға алынған бұл әлеуметтік жобаның маңыздылығы күн санап артып келеді.Аталмыш жоба тек әлеуметтік жағдайды ғана реттеп қоймай, ауылдағы ағайынның бірлігін арттырып, ынтымағын жарастыруда.
25 қазан – Республика күні қарсаңында аудан аумағынан шалғай жатқан Әбжапар ауылында жергілікті жұрт әкімдікпен бірлесіп, баспанаға мұқтаж отбасыға үй сыйлады. Қуанышты сәтті ауыл ардагерлері де бөлісіп, жастар ісін жоғары бағалап, өз баталарын берді.
Әбжапардағы бұл баспана соңғы екі жылда аудан аумағында табысталған 15-ші үй. Бұл туралы құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Есеев мәлімдеді.
Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде тұрғын үймен қамту бағытында былтыр 100 отбасы кезектілік бойынша үйлі болғанын айтса, биыл мұндай қуанышқа 80 отбасы бөленгенін жеткізді. Ал, жыл соңына дейін тағы 60 шаңырақтың кілті өз иелеріне табысталатынын айтып, жаңа үйдің кілтін ауыл тұрғыны Жандарбек Сүгірәлиевке табыстады. Сондай-ақ, Бауыржан Бақытжанұлы қоныс иелеріне аудан әкімі Ернар Есіркеповтің атынан теледидар мен газ плитасын сыйға тартты.
Баспананың іргетасын қалауға атсалысқан жандардың басым бөлігі – жаңа қоңыс иесінің достары. Құрдастарының құтты қонысқа жайғасқанына олар да дән риза.
Қалай десек те, асар – елді бірлікке үндейтін бірегей жоба. Оның құндылығы да, маңыздылығы да аса жоғары. Сондықтан да бұл жемісті жобаны жалғастыра бергеніміз абзал.

Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Поделиться ссылкой: