Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінуге жарар – ол!

115 Views

«Жастар – болашақтың иесі» дейміз-ау… Адам жадында тез жатталатын бұл тәмсілді дәл қазір оп-оңай айта салуға етіміз әбден үйренген. Өкініштісі сол, кешегі Мағжан ақын ізімен жас буын өкілдеріне сенім артудан гөрі, керісінше бұл қадамнан алшақтап барамыз. Айтыңыздаршы, «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан туады?». Көп адамның қаперіне кіре бермейтін бұл сөзді «Әліппе атасы» атанған Ахмет бабамыз дәл тауып айтқан ғой, шіркін! Дегенмен, жаһанды мойындатып, жер бетіндегі өзге де алпауыт елдің спортшыларын тізе бүктіріп, мінбер биігінен көрініп жүрген жастарымызды көкке көтере білген алақандай ауылдар бар. Солардың бірі – Қарақат ауылы.
Қазақтың өзге ауылдарынан артық-кемі жоқ бұл елдімекеннің тұрғындарына сырттай қарап қайран қаласың… Неге? Жауап берейік! Сөз басында «Алақандай ауыл» дедік қой.
Бұл ауылдан Әлішер Ерғали, Ақерке Наурызбай, Адина Қалдыбай секілді спорт саңлақтары шыққан. Бүгінде бұл тізімді Ерсұлтан Тоқтасын мен Айдана Әбдікерім толықтырып отыр. Соңғы аталған екі жас спортшыны өткен аптада ауылдағы мектептің ұжымы арнайы шақырып, Республика күні қарсаңында қарсаңында оқушылармен кездестірді. №2 шағын орталықты орта мектептің директоры Әлішер Жомарт бастаған ұйымшыл ұжым өз шәкірттеріне сый-құрмет көрсетті. Оқушылар көкейдегі сауалдарын қойып, асық атудан әлем чемпионы атанған Ерсұлтанмен жақын тілдесті. Чемпион анасының құрбылары да қалыс қалмай, «Әжелер» ансамблі әннен шашу шашты. Ал, ауыл имамы Азамат Барменов, аудандық мәслихаттың депутаты Талғат Тәттіқожаев, жастар жанашыры Ғалымжан Бекболатов бастаған ауыл халқы Ерсұлтанға 400 000, Айданаға 150 000 теңгелік сертификат табыстады. Міне, ұйымшыл мектеп ұжымының, бірлігі бекем ауылдың өзгелерге үлгі болар тірлігі осындай болмақ. Елім дейтін ерлердің ерлігін ұлықтай жүрейік, ағайын!

Ж.Базылбек.

Поделиться ссылкой: