1 649 Views
ҚАДІРМЕНДІ БАУЫРЛАР!
Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағыналарды білдіреді. Адамзаттың асылы, пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған уақытына байланысты тойланатын мейрам мәуліт мерекесі деп аталады. Қиямет күнгі шапағатшымыз, ұлы ұстазымыз, жолбасшымыз Пайғамбардың (с.ғ.с.) туған күнін атап өту – құптарлық жақсы амал. Олай болса, бүкіл ғаламға мейірім ретінде жіберілген Елшінің (с.ғ.с.) есімін ардақтау, сүннетіне амал ету – сауапты іс. Ақиқатында, Алла Елшісі (с.ғ.с.) жаны жай тапқанша үмметіне деген үгітін еш үзбеді, көңілдердегі кірді, қайғы-қасіретті кетірді, әлсізді демеді, шектен асқанды сабасына түсірді, күллі адамзаттың рухани әлемін дүр сілкіндірді, зұлымдық пен надандықтың қараңғылығын сейілтті, ізіне ерген ізгілерді жақсылыққа жұмылдырып, жарқын болашаққа бастады. Үмметіне, яғни Сіз бен бізге пәни дүниеде бағдаршымыз болатын Жаратушының кәләмі Құран кәрім мен Өзінің (с.ғ.с.) жан адам адаспайтын сара жолы – сүннетін қалдырды. Оны (с.ғ.с.) досымен қатар дұшпаны да мойындады.
АРДАҚТЫ АҒАЙЫН!
Шарапаты мол мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын. Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (с.ғ.с.) көбірек танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне бір сеп болғай. Пайғамбардың (с.ғ.с.) әміріне мойынсұнып, тыйымынан тыйылуға түрткі болғай. ҚҰРМЕТТІ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫ ЖӘНЕ ҚОНАҚТАРЫ!
Сіздерді жылдағы дәстүр бойынша Аудандық «Сұлтан» орталық мешіті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туған күнінің құрметіне арналған «Қош келдің, Мәуліт» атты мерекелік кешке шақырады. Рухани кеште Пайғамбарымызға (с.ғ.с) өмірбаяны және өсиеттері жайында насихаттар айтылады. Пайғамбарымызға (с.ғ.с) арнап арабша мәуліт оқылады. Тақырыпқа сай діни әндер, сахыналық көріністер және адамзаттың ардақ тұтар тұлғасы жайында бейнефильм көрсетіледі.
Мәуліт 25 желтоқсан күні сағат 14.00-де аудандық мәдениет үйінде өтеді. Келем деушілерге есік ашық.
Аудандық «Сұлтан» мешіті.
Поделиться ссылкой: