Мамайқайыңдыда жаңа медпункт

783 Views

 Азаттығымыздың 27 жылдық мерекесіне орай Қайыңды ауылдық округіне қарасты Мамайқайыңды елдімекенінде жаңа медпункт ғимараты ел игілігіне пайдалануға берілді. Құрылыс нысанының салтанатты ашылу рәсіміне аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов пен ауылға сыйлы азамат Ораз Досқұлов қатысып, жүрекжарды лебізін білдірді. Қожайхан Қазыбайұлы мен Ораз Досқұлов мамайқайыңдылықтарды төл мерекеміз Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Сонымен қатар, осындай жұртшылыққа шапағаты тиер ауқымды жұмыстардың барлығы Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасы екендігін айтты.

Айта кетейік, жобалық сметалық құны 57 млн.теңгені құраған жаңа нысанның құрылыс жұмыстарын «Asem Building» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Сондай-ақ, тәулігіне 5 науқасты қабылдай алатын

 жаңа медпункке емдеу ісіне қажетті құрал-жабдықтардың барлығы орнатылған екен. Бізге берген сұхбатында ауылдың 90 жастағы қарт тұрғыны Күлпаршын Досқұлова әжей аталмыш фирманың басшылығына өз ризашылығын айта отырып, медпунктің фельдшері Ақжарқын Жорабаеваға ақ батасын

 берді. Шара соңында «Asem Building» ЖШС-нің директоры Еркебұлан Абдуллаев аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Раушан Жұманқұловаға ғимараттың «Символикалық кілтін» табыс етті.

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: