Көкдөнендіктер Диас Берікбайға ат мінгізді

73 Views

Қазан айының 23-і мен қараша айының 3-і күні аралығында Черногорияның Будва қаласында бокстан жастар арасында әлем чемпионаты өткенін білесіздер. Осы дүниежүзілік біріншілікте жастар арасындағы ұлттық құраманың бас бапкері Мақсат Бақтыбазаровтың шәкірттері 13 салмақта сынға түсті. Жас боксшыларымыз Будвадан жақсы көркеткішпен оралды. Олар 6 алтын, 1 күміс, 10 қола медаль иеленіп, жалпы командалық есепте көш басына шықты. Осы сәтте Будвадағы жастар арасында өткен әлем чемпионатында сынға түсіп, ел қоржынына қола медаль салған Диас Берікбайдың Көкдөнен ауылында дүниеге келгенін айтқымыз келеді. 2012 жылы Көкдөнен ауылындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің табалдырығын аттаған Диас әкесінің жұмыс жағдайына байланысты Жетісу облысының Текелі қаласына қоныс аударған екен. 10 жасында Текелі қаласындағы бокс үйірмесіне қатысып, алғашқы жарысынан-ақ нәтиже көрсете бастапты. Бүгінгі таңда Диас Текелі кәсіптік колледжін аяқтап, Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде «Спорт және дене шынықтыру» мамандығы бойынша оқуын жалғастырып жатыр. Жас боксшы Диас Берікбай көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Мәселен, ол 2023 жылы Венгрияның Эгер қаласында өткен халықаралық турнирдің күміс жүлдегері. 2024 жыл да Диас үшін табысты болды деуге болады. Осы жылы Диас Тараз қаласында 14 пен 19 жас аралығында КСРО спорт шебері, ҚазКСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Кеңес Омаровты еске алуға арналған халықаралық турнирдің жүлделі бірінші орын, сондай-ақ, Түркістан қаласында Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнирде де жүлделі бірінші орын, Түркістанда өткен тағы бір халықаралық турнирде, яғни Сидней Олимпиадасының және әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ділдабеков Мұхтархан Қобыланбекұлының жүлдесіне арналған жастар арасындағы турнирде де үздік болып, тұғыр биігінен көрінді. Черногория мемлекетінің Будва қаласында бокстан өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Диас Берікбай қола медаль иеленіп, еліміздің абыройын асқақтатты. Жақында Көкдөнен ауылдық мәдениет үйінде іс-шара өтіп, ауылдастары Диас Берікбайды төбесіне көтеріп күтіп алды. Арнайы жоспарланған іс-шарада Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаев, Көкдөнен ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Кәрбоз Ағыбаев және аудандық мәслихаттың депутаты, осы ауылдың түлегі Ердос Сақпанқұлов сөз сөйлеп, Диастың жетістіктерін көпшілікке мәлім етіп, ауылдың мақтанышы екенін жеткізді. Одан кейін Диасқа, оның әкесі Тұнық Берікбайұлы мен атасы Берікбай ақсақалға да кұрмет көрсетіліп, түрлі сыйлықтар тарту етілді. Содан соң аудандық мәслихаттың депутаты Ердос Сақпанқұлов Көкдөнен ауылының ұйымшылдығын тілге тиек етіп, 1985 және 2001 жылы туылған ауыл жастары атынан өздерінің жерлестері, бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Диас Берікбайға ат мінгізді. Диастың әкесі Тұнық Берікбайұлының құрдастары, яғни ауылдың 1976 жылғы азаматтары атынан да Диасқа қаржылай тұрғыдан бір жылқының құны сыйға берілді.
Одан кейін ауыл мешітінің жанынан соғылған асханада дастархан жайылып, Құран оқылды. Дастархан басында ауыл ақсақалдары Диас Берікбайға баталарын беріп, алдағы қатысатын жарыстарда да сәттілік серік болсын деген ақжарма тілектерін жеткізді. 

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: