Өз өлкеңді танисың ба?
49 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
Жақында редакциямызға Кенжебек есімді азамат келді. Ол бізге облысымызда көру қабілеті төмен жандардың қоғамдық бірлестігі құрылғанын, осы қоғамдық бірлестіктің аудандық филиалының төрағасы екенін айтып, өзін таныстырды. Редакцияға келген себебін түсіндіріп,13 қараша – Халықаралық зағиптар күніне орай аудан аумағында тұратын көру қабілеті төмен жандардың басын қосып, іс-шара өткізгелі жатқанын айтты.
Рас.13 қараша – Халықаралық зағиптар күні. Сенбегендер, Уикипедияны ашып, зерделеп көрсін. Онда тіпті бұл күннің шығу себебінің тарихы жазылған. «Бұл күн 1745 жылдың 13 қарашасы күні Валентин Гаюи дүниеге келгеніне байланысты аталып өтеді. Валентин Гаюи Парижде және Петербургте зағиптарға арналған бірнеше мектептің негізін қалаған танымал педагог. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен нақты осы дата Халықаралық зағиптар күнін белгілеуге негіз болды. XVIII ғасырға дейін әлем халқы зағиптарға арналған мекемелерді білмеді. Валентин Гаюи алғаш рет өзі ойлап тапқан шрифт бойынша көз жанарынан айырылғандарды оқытудың әдісін ұсынды. 1784 жылы Парижде үкімет пен қайырымдылық қоғамдардың еш қолдауынсыз ол жеке қаражатына өзінің үйінде зағип балаларға арналған әлемдегі алғашқы мектепті ашты. Валентин Гаюидің тұңғыш оқушысы жетім бала Франсуа де Лезюер болды. Одан кейін бұл мектепке онымен тағдырлас тағы 11 бала қабылданды. Валентин Гаюи соқыр балаларды оқыту мен тәрбиелеуді ғылыми жолға қойды. Ол бедерлі-ұзындықты «Унциал» шрифін ойлап тапты. Олар қатты қағазға бедерленіп түсірілген, бір пішінді ірі әріптер болды. Шрифт жылжымалы болды және ол балаларға қажетті мәтіндердің мәнін жасап шығаруға мүмкіндік берді. Зағиптарға арналған кітапты шығару идеясы да Валентин Гаюиге тиесілі» деп жазылған Уикипедия да.
Сөз басында облысымызда көру қабілеті төмен жандардың қоғамдық бірлестігі құрылғанын жаздық. Сол қоғамдық бірлестіктің аудандық филиалының төрағасы Қиялбеков Кенжебек Атабайұлы екенін айтайық. Кенжебек Атабайұлы өзі төрағалық ететін қоғамдық бірлестіктің қатарында 50-ге жуық көру қабілеті төмен азаматтар бар екенін айтты бізге. «Біздің қоғамдық ұйымымызға мүшелікке енген азаматтардың көру қабілеті төмен болса да, олардың көздегені елдің тыныштығы мен береке бірлігі. Өйткені елде бірлік болса ғана, дамудың даңғыл жолына түсеміз» дейді Кенжебек Атабайұлы.
Сәрсенбі, яғни 13-ші қараша күні Халықаралық зағиптар күніне орай аудан аумағындағы көру қабілеті төмен жандар «Тамаша» кафесінде кездесіп, пікірлесіп, осы мерекені атап өтті. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап, кәсіпкер,«Тамаша» кафесінің иесі Сапаркүл Нұржанова арнайы дастархан жайды. Шара барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, көру қабілеті төмен мүмкіндігі шектеулі жандардың қошеметіне бөленді.
Марат Жолдасбекұлы.