Жаңатұрмыс – хас таланттардың ордасы

44 Views

Оқырман арасында «табиғат тамыршысы» деген атқа ие болған ақын Қуандық Шолақтың Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келгенін білесіздер. Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, талай халықаралық байқауларда лауреат атанған әнші Тахмина Әшімбекова, әнші әрі композитор Руслан Мамыт та осы Жаңатұрмыста дүние есігін ашқан. Айтайын дегеніміз, Жаңатұрмыс ауылынан да барша қазаққа таныс жұлдыздар шоғыры шыққан. Осыны қазіргі көзі тек «телефонға телмірген» жас өскін біле жүрсін деген ниетпен жазып отырмыз.

Жақында Жаңатұрмыс ауылдық клубының ұйымдастыруымен Жамбыл облысының 85 жылдығына орай «Туған жерім – ән жырым» деген тақырыпта поэзиялық әдеби сазды кеш өтті. Поэзиялық әдеби сазды кештің шымылдығын ауыл әкімі Ерсайын Қуандық сөз сөйлеп, ашып берді.
Сөз басында ақын Қуандық Шолақтың есімін текке атаған жоқпыз. Осы поэзиялық әдеби сазды кеште Қуандық ақынның жабырқаған кезде жаныңды жадыратар жыр шумақтары оқылды. Одан бөлек, Әдібай Табылдының, Бейбіт Шошабаевтың да кестелі жыр шумақтары оқылып, сол өлеңдерді оқыған жандарға әдеби сазды кешке келген ауыл тұрғындары қошемет көрсетті.
Сондай-ақ, осы поэзиялық әдеби сазды кеште Жаңатұрмыс ауылынан шыққан сазгерлердің әндерімен қатар осы ауылдың атын мұқым қазаққа танытқан ақындардың сөздеріне жазылған есті әндер орындалды. Одан өзге «Ақ әжелер» ансамблі халық әндерін шырқап, көпшіліктің қошеметіне кенелсе, «Бэль-арт» би тобының биші аруларының өнеріне де ауыл жұртшылығы тәнті болды.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: