Ол өмірде де,спортта да абыройлы адам болды

41 Views

Ақын Қадыр Мырза Әлінің «Иірім» деген кітабы бар. Сол кітапта Анахарсис деген данышпанның бір философиялық сөзін жазады Қадыр ақын. Ол «Адамдардың үш түрі болады: тірі жүргендер, өлгендер, Көкте жүргендер» деген. Осының үшінші нұсқасы біз бүгін сөз еткелі отырған, еркін күрестен талай шәкірт баптап, олардың мәртебесін асырған, атағы алысқа тараған Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрманбетов Серік Қайсарұлының рухына дәлме-дәл айтылғандай көрінеді. Серік Қайсарұлының есімін мен жақсы білемін. 2000-шы жылдардан кейін ол Көгершін ауылына қоныс аударды. Осы ауылдың балаларын еркін күреске баулып, жаттықтырды. Ақтоған орта мектебінде оқып жүрген жылдары линейка деген болатын. Әлі де бар шығар. Сонда баламыз ғой, линейкада ол баптаған шәкірттер, яғни мектеп оқушылары қай жарысқа қатысса да, міндетті түрде жүлдемен оралатын. Сол сәттер әлі күнге дейін көз алдымда. Өстік. Еңбекке араластық. Жазудың машақатымен ел аралаймыз.Сонда көп адамдар Серік Қайсарұлының есімін біледі. Сұрайды. Қазір ойлаймын, жүзінен әрдайым мейірім төгіліп тұратын Серік Қайсарұлы өмірде шыншыл, намысшыл, басынан сөз асырмайтын жүректі азамат болған екен ғой… Өйткені, мен таныған, сөйлескен адамдар солай дейді.
Ақыры адамдардың болмысын сөз еттік екен, мына жайтты да жазайық. Бір адамдар болады, «бәле іздегіш». Ондай адамдардың көпке де қадірі болмайды. Бір адамдар болады, атақ қуған мансапқор. Ол да түбінде адамның тұлғалық болмысына кері әсерін тигізеді. Ал бір адамдар болады, ешкімге зияны жоқ, атақ пен мансапқа «пішту» деп қарайтын, кеудесі жамандыққа емес, ізгілікке толы. Бірақ, мұндай адамдар сирек қазір. Біз білетін Нұрманбетов Серік Қайсарұлы осының үшінші сатысындағы жұрт сыйлайтын АБЫРОЙЛЫ АДАМ болды. Ол бала күнінен еркін күреспен шұғылданды. Бүкілодақтық жарыстарда жүлдегер де болған кезі көп. Кейіннен бапкерлікке бет бұрып, шәкірт тәрбиеледі. Еркін күрестен Сидней Олимпиадасының күміс медаль иегері, даңқты балуан, атақты жерлесіміз Ислам Байрамуковтың алғашқы бапкері де дәл осы Серік Нұрманбетов екенін қазіргі жастар білуі керек.
Иә, өмір дегеніңіз – қамшының сабындай ғана қысқа. Өтеді де кетеді. Ешкім мәңгілік емес. Асып-тасыған байлығыңды ешқайда алып кетпейсің. Сондықтан өлшеулі өмірде барынша әділ, адал, кішіпейіл болып, ең бастысы, еселі еңбек ету керек. Ол қазір бағаланбаса да, келешекте міндетті түрде бағаланады, айтылады. Біздің оған сеніміміз кәміл. Оны міне, біз жазып отырған Нұрманбетов Серік Қайсарұлының өмірінен-ақ байқауға болады. Адам өмірден өткен соң, артынан жақсы сөздер айтылса, онда расымен де сенің ЖАҚСЫ АДАМ болғаның емес пе?..
Қараша айының 21-і мен 23-і күндері, яғни өткен аптада Құлан ауылындағы «Бұқаралық іс-шараларды өткізу орталығының» ғимаратында еркін күрестен 2008-2010 жылы туылған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрманбетов Серік Қайсарұлын еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Бұл турнирді аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімі, Тұрар Рысқұлов ауданындағы №25 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің еркін күрес бөлімінде жаттықтырушылық қызмет атқаратын Серік Қайсарұлының шәкірттері және ауданымыздағы спортқа жанашыр азаматтар ұйымдастырды. Турнир биыл 3-ші рет өткізіліп отыр. Бұл республикалық турнирге Жамбыл облысының аудандарынан өзге Тараз қаласындағы спорт интернаттарынан, Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда, Жетісу облыстарынан, Ақтау, Семей, Талдықорған, Балқаш және Алматы, Шымкент секілді ірі мегополистердің спорт интернаттарынан, сондай-ақ, Қырғызстан мемлекетінен де жасөспірім спортшылар келіп, бақ сынады. Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Еспенов қатысып, сөз сөйледі. Ерғазы Жұмабекұлы өз сөзінде Серік Қайсарұлының аудан спортының дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз екенін айтты. Одан кейін сөз сөйлеген Серік Нұрманбетовтің бауыры Берік Қайсарұлы ағасының азаматтық болмысын, яғни оның қастыққа емес, достыққа адал азамат болғанын айтты. Содан соң жарыс басталды. Біз турнирді көрдік. Тамашаладық. Екі күнге жоспарланған республикалық турнирдің нәтижесі төмендегідей болды.
41 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орындарға Арман Аблежан (Тұрар Рысқұлов ауданы), Еркежан Досжан (Түркістан облысы) ие болса, ақтық бәсекеде қарсыласқа есе жіберген тараздық Нұртілеу Есенге жүлделі екінші орын бұйырды. Алматыдан келген Нұрбол Ерілебетке (Шаңырақ) бұл салмақта тең келер қарсылас табылмады. Ол осы салмақтың жеңімпазы болды. 45 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орындарға Айдос Қаржау (Алматы қаласы), Дарын Жаңбырбай (Жетісу облысы) ие болса, жүлделі екінші орын алматылық Ерназар Бегайдарға (Шаңырақ) бұйырды. Бұл салмақта Алматы қаласынан келген Рамазан Вазиров (Шаңырақ) жеңімпаз атанды. 48 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орындарды Нурислам Макаев (Тұрар Рысқұлов ауданы), Алибек Русланұлы (Шаңырақ), иеленсе, жүлделі екінші орын қызылордалық Рамазан Жамсапұлына бұйырды. Осы салмақтың чемпионы Бауыржан Әбдіқапар (Тұрар Рысқұлов ауданы) атанды. 51 келі салмақ дәрежесінде тараздық Нұрасыл Кәрібай мен ақтаулық Әсет Муратбек үздік үштіктен көрінсе, жүлделі екінші орын Бекзат Амангелдінің (Тұрар Рысқұлов ауданы) еншісіне жазылды. Тараздық Нұрасыл Нохай осы салмақтың чемпионы атанды.
55 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орындарға Абылайхан Нұрлан (Шымкент қаласы), Айбар Дарханұлы (Жетісу облысы) ие болса, финалда қарсыласқа жол берген талдықорғандық Арнұр Арманұлына жүлделі екінші орын бұйырды. Бұл салмақта тараздық Нұрмұхамед Тұрдалы шеберлігін көрсетіп, жеңімпаз болды. 60 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орындарды Елжан Дүйсен (Шаңырақ), Жәңгір Исмаги (Балқаш қаласы) иеленсе, жүлделі екінші орын Бегасыл Еренбайға (Тұрар Рысқұлов ауданы) бұйырды. Тараздық Қуаныш Жақсылық осы салмақтың чемпионы атанды. 65 келі салмақ дәрежесінде Елшат Әзім (Шаңырақ), Бақдәулет Серікбай (Жетісу облысы) үздік үштіктен көрінсе, Замир Даниярдың (Тұрар Рысқұлов ауданы) еншісіне жүлделі екінші орын жазылды. Шымкенттік Нұртас Аманбай 65 келі салмақ дәрежесінде топ жарды.
71 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орындар Шухратжон Сабиржонов (Шымкент қаласы), Заңғар Қалдыбектің (Шаңырақ) еншісіне жазылса, жүлделі екінші орынға тараздық Сағадат Жұмабек ие болды. Тимур Саламатов (Шаңырақ) бұл салмақтың жеңімпазы атанды. 80 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орындарға Диас Сейітқыран (Тұрар Рысқұлов ауданы), Ерасыл Мамай (Шаңырақ) ие болса, жүлделі екінші орын Темірлан Дүйсенбиге (Тұрар Рысқұлов ауданы) бұйырды. Тараздық Асланбек Ортыков осы салмақтың чемпионы болды. 92 келі салмақ дәрежесінде шымкенттік Иброхим Жакиш пен алматылық Игорь Резников үздік үштіктен көрінсе, жүлделі екінші орын тағы бір алматылық балуан Махмед Алиевтің еншісіне жазылды. 92 келі салмақ дәрежесінде Бейбарыс Ерғали (Тұрар Рысқұлов ауданы) үздік болып, жеңімпаз атанды. 110 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орындарды Ерсайын Ерболұлы (Тараз), Әбдінұр Тұрсынхан (Тұрар Рысқұлов ауданы) иеленсе, жүлделі екінші орын Нұрбол Мәдештің (Тұрар Рысқұлов ауданы) қанжығасына жазылды. Бұл салмақта Қызылорда облысынан келген Риза Изихар топ жарды.
Турнир соңында жеңімпаз атанған балуандарға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы белбеулер табыс етілді. Жеңімпаз атанған балуандардың бапкерлеріне де Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Серік Нұрманбетовтің бауыры Берік Қайсарұлының демеушілік есебінен қаржылай сыйлық тарту етілді. Осы турнирде жеңімпаз және жүлдегер атанған балуандардың барлығына да алғыс хаттар, медальдар табыс етілді және «Спорт шеберіне үміткер» атағы да беріледі.
Айта кетейік, бұл турнир дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып тұрады.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий