Қордың мақсаты – ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту

63 Views

«Қазақстан халқына» қоры 2022 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен құрылған болатын. Содан бері бұл қор арқылы еліміздің көптеген аймақтарында әр түрлі категориялар бойынша көмектер көрсетілуде. Мәселен, сондай игілікті істің бірі біздің ауданымыздағы №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне де көрсетілді.
Бұл спорт мектебі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ашылған болатын. Аталмыш спорт мектебінің жаттығу залдарындағы құрал- жабдықтар да әбден ескірген еді. №24 БЖСМ-де 8 спорт түрі бойынша ауылдық бөлімшелерді қоса есептегенде, 700-ге жуық жасөспірім жеткіншектер спортпен айналысады.
«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Батыр боламын» қоғамдық қоры шалғайдағы ауылдық жерлердегі спорттың дамуына айрықша көңіл аударып отыр. Яғни «Батыр боламын» қоғамдық қорының бастамасымен аталмыш спорт мектебінің жаттығу залдарындағы спортқа қажетті заттардың барлығы тұтастай жаңартылып, балалар мен жасөспірімдердің алаңсыз спортпен айналысуына мүмкіндік жасалып отыр.
Өткен жұмада Дәурен Қайратұлы басқаратын №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің базасында арнайы іс-шара ұйымдастырылып, оған бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы, жерлесіміз Ермахан Ыбырайымов, «Батыр боламын» қоғамдық қорының президенті Ернұр Сәбікенұлы, «Батыр боламын» жобасының негізін қалаушылар Арман және Асыл Балкенұлылар, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев, Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Сейтжапаров, спорт ардагері Ұланбек Омарбеков қатысып, сөз сөйледі. Содан соң барлық қонақтар аталмыш спорт мектебінің ішін аралап, жас спортшылармен әңгімелесті. Сидней төрінде қазақтың даңқын асырған даңқты боксшы Ермахан Ыбырайымов жас жеткіншектерге шеберлік сабағын өткізді.
«Батыр боламын» қоғамдық қорының мақсаты – әр өңірлердегі дене шынықтыру және спорт басқармаларымен бірлесе жұмыс атқарып, шалғайдағы ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту. Аталмыш қор өкілдері Қазақстан бойынша 126 дәл осындай спорт мектептеріндегі жаттығу залдарын қажетті заттармен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр екен.
Айта кетейік, біздің ауданымыздағы №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі спорттық жабдықтармен қамтамасыз етілген 76-шы мектеп болып табылады.
«Батыр боламын» қоғамдық қорының президенті Ернұр Сәбікенұлының айтуынша, келесі жылы да еліміздің әр аймағындағы өңірлер аумағында осы меже шеңберінде жұмыс атқару көзделіп отырған көрінеді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: