66 Views
Соңғы жылдары облыс аумағында балаларына жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық екпе салдырмай, бас тартып жүрген ата-аналар қатары жиілеп келеді. Екпе жайлы қазіргі таңда барлық ата-аналардың хабары бар. Алайда баланы екпеге алып келген кезде әр түрлі сенімсіздік жағдайлар туындап жатады. Бұл сенімсіздіктің де өз себептері бар. Өйткені қазіргі таңда балалармызға екпе арқылы қорғайтын жұқпалы аурулар мүлдем кездеспейді.
Алып қарасақ, балаларына екпе салдырудан бас тартып отырғандар көбіне жас ата-аналар. Бірақ өздері уақтылы профилактикалық екпелерін алған. Олай дейтін себебіміз осыдан 30-40 жыл бұрын олардың ата-аналарына қызылша мен дифтерия аурулары қорқынышты екендігін түсіндіру қажет болған жоқ. Аталған жұқпалардан балалар өлімінің себептері өте көп болған. Ал көкжөтел кез келген қала мен ауылдарда болған. Полиомелит алдындағы қорқыныш балалар шұғыл арада дамыған сал ауруы себебінен таңертең аяғынан тұра алмаған. Бұл тек Қазақстанда емес, дүниежүзінде де кездесті. Жоғарыда айтып отырған ауруларымыздың барлығы екпемен (вакцинация) басқарылатын аурулар. 1980 жылдары дүниежүзі бойынша шешек (оспа) ауруы мүлде жойылды. Оған себеп – екпе. Осындай аурулардан қорғанудың басты жолы 95-100 пайыз алдын ала екпемен қамту екені дәлелденген. Сондықтан елімізде бұл жағдай жолға қойылған. Қазақстанда профилактикалық екпе егудің ұлттық күнтізбесі бойынша 11 жұқпалы аурудың түріне қарсы екпе тегін жүргізіледі. Қалған тұмау, менингит сияқты жұқпаларға қарсы екпелер ақылы түрде жүргізіледі. Алайда жүкті әйелдерге, жиі ауыратын адамдарға, науқастармен жиі қарым-қатынас жасайтын медицина қызметкерлеріне тұмауға қарсы, сонымен қатар оба, іш сүзегі, күйдіргі, құтырма сияқты ауруларына қарсы екпе халықтың қауіп төндіретін контингенттеріне жүргізіледі.
Біздің елге келетін екпенің барлығы да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатымен, рұқсаттарымен келеді. Әрбір келген вакцинаны бірнеше айдан бастап, бірнеше жылдар бойы зерттеп, оның қауіпсіздігі тексеріледі. Мұндай мүмкіндік кез келген елде жоқ. Жалпы екпе салғаннан кейін ағзада сол ауруға қарсы арнайы антиденелер пайда болады. Қорғану антиденелерінің нәтижесінен баланың дене қызуы көтеріліп, ине салған жері қызаруы мүмкін. Бала мазасызданып жатады. Бұл алғашқы күндері ғана болады. Сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ. Қалай десек те, бастысы, екпе баланы сол аурудан қорғайды. Ал дінге келетін болсақ, ислам шариғаты балаға екпе егуге қарсы деген пікірдің қате екендігін теолог ғалымдарымыз да мойындап отыр. Өйткені, қажылар Меккеге қажылыққа барардың алдында түрлі ауруларға қарсы екпелерді қабылдайды. Сондықтан екпенің (вакцинациялаудың) негiзгi мақсаты – ол адам ағзасында иммунитет пайда болу арқылы жұқпалы ауруларды қабылдауға қарсы тұру болса және соның нәтижесінде ауруға шалдығу мен өлiм-жiтiм санын азайтуда өте маңызы зор. Екпе жасаудың маңыздылығын бағалауда әрбiр ата-ана мен жалпы қоғамда толық түсiнiк болуы өте қажет. Жұқпалы ауруларға қарсы күрестегі бірден -бір құрал халықты кезең-кезеңмен егумен толық қамту екенін жұртшылықтың жаппай түсінуі маңызды. Екпе алу өте маңызды!
Б.Шиналиев,
Жамбыл облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.
Поделиться ссылкой: