Елдік мүдде жолындағы – игілікті істер

103 Views

Депутат деген кім? Ол – ел сай­лай­тын халықтың өкілі. Билік пен халық арасындағы ықпал­дастық көпірі. Депутат бойында білім мен тәжірибе, кәсіби деңгей мен мемлекетшілдік парасат болуы қажет. Бұл тұрғыда депутаттар кешегі Алаш арыстарының мінезі мен көзқарасын және іс-қимылын өздеріне үлгі етсе артық болмасы анық.

Биыл егеменді елімізде мәслихат­тардың құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы аралықта халық қалаулылары жергілікті жердегі өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етіп, үлкен үлес қосуда.
Аудандық мәслихаттың тарихы 1994 жылдан бастау алады. Аталған жылдың 29 шілдесінде аудандық мәслихаттың бірінші шақырылымы орын алып, ортақ шешімге сәйкес, алғашқы хатшы болып, Дүйсенбай Кенжалыұлы Мәмбеталин сайланды. 1994-1999 жылдар аралығында өткен 18 сессияда түрлі түйткілді мәселелер көтеріліп, 1999 жылдың 11 наурызында бірінші шақырылымның депутаттары 1938 жылдан бері Луговой аталып келген ауданның атын өзгертіп, тау тұлғалы Тұрар Рысқұловтың есімін қоюға ықпал етті.
Т.Рысқұлов аудандық мәслихаттың екінші шақырылымы 1999 және 2003 жылдар аралығында қызмет етті. Аталмыш шақырылымның хатшысы болып Пазыл Әбілдаұлы Сүлейменов сайланды. Екінші шақырылған аудандық мәслихат депутаттарының ықпалымен, аудандағы елді мекендердің бірқатары байланыс жүйесімен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар ауданның әлеуметтік- экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында әлеуметтік төлемақы мен жәрдемақылардың уақтылы берілуін қамтамасыз етті.
2003 жыл аудан халқы үшін оңтайлы болған жоқ. Табиғи апат орын алып, зілзаладан әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғын үйлер жарамсыз күйге енді. Қысылтаяң уақытта аудан әкімдігі мен халық қалаулылары жергілікті тұрғындарды тасада қалдырған жоқ. Ақтанберді Нарматұлы Қалқабайдың жетекшілігімен депутаттар 4 мектеп пен 2724 тұрғын үйдің жаңадан салынуына, 12 білім ордасы мен 4778 үйге күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне үлес қосты. Айта кету керек, бұл ілкімді іске республикамыздың барлық облыстары мен Алматы, Астана қалаларының, «Қазақстан темір жолы», «Кегок», «Атомстрой» сияқты ірі-ірі ұлттық компаниялар атсалысты. Сонымен қатар үшінші шақырылым кезінде мектептер мен кейбір көшелер көгілдір отынмен қамтамасыз етілді.
2007 жылы төртінші шақырылған аудандық мәслихаттың хатшысы болып Пазыл Әбілдаұлы Сүлейменов қайта сайланды. Дәл сол сәттегі депутаттардың ықпалымен 2008-2012 жылдар аралығында аудан көлеміндегі елді мекендердің 80 пайызы ауыз су, телефон, электр жарықтарымен қамтылу мәселелері қолға алынды. Ол үшін қосымша қаржылар қарастырылып, мәселелер өз шешімін таба бастады.
Сонымен қатар депутаттардың қолдауымен 2011 жылы Сәлім­бай ауылындағы Бірлес орта мектебі салынып, «Жауһазын», «Балауса», «Балапан» балабақшалары іске қосыл­ды. Одан бөлек Қарақыстақ ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өт­кізілді.
Ал, 2012 – 2016 жылдар аралығында аудандық мәслихатқа Берік Ысқақұлы Шамаев жетекшілік етті. Бесінші шақы­рылым депутаттарының ық­палы­мен аудан көлемінде елді мекен­дердің көгілдір отынмен қамтылу көр­сеткіштері 90 пайызға жетіп, ауыл жол­дары жөнделді. Сонымен қатар, Луговойда 280 орындықты балабақша мен Құлан ауылында «Ауған соғысы ардагерлеріне арналған аллея» ашыл­ды. Одан бөлек орта мектептердің қазандықтары мен жылу жүйелері және ауылдық клубтар, кітапхана ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілді.
2016 жылдың наурызында мәслихат тізгіні Шардарбек Әміреқұлұлы Қосаловқа берілді. Шардарбек Әміреқұлұлы бұл жауапті істі 2017 жылдың қазанына дейін басқарса, әрмен қарай алтыншы шақырылымның депутаттарына Тұрсынхан Есімқұлұлы Жаманбаев 2021 жылға дейін жетекшілік етті. Алтыншы шақырылған аудандық мәслихат депутаттарының ықпалымен Луговой ауылындағы 1,2 және 3 тұрғын үй алқаптарын ауыз сумен және газбен қамтамасыз ету, «Арай» алқабындағы 300 орындықты мектеп пен спорт кешенінің құрылысын салуға жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге бюджеттік өтінім тапсырылды. Сондай-ақ, 2020 жылы бюджеттен 1953,5 млн.тг. қарастырылып, 8 бірдей мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Аудандық мәслихаттың жетінші шақырылымына сайлау сая­си партияның партиялық тізімдер ұсынысы бойынша өткізілді. Аталмыш саяси науқан 2021 жылдың қаңтарында орын алып, оған екі жыл Ербол Абақұлы Әбутәліпов жетекшілік етті. Осы аралықта жетінші шақырылған аудандық мәслихат депутаттарының ықпалымен «Арай» тұрғын алқабын­дағы қос бірдей үйдің құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Халық қалаулылары көпқабатты екі үйдің инженерлік желілері мен абаттандыру жұмыстарына, жылыту жүйесін қосуға үлкен үлес қосты. Сондай-ақ, аталмыш шақырылымның депутаттары аудан әкімдігімен бірлесіп, Абай ауылына таудан келетін ағын суды әкелуге үлкен күш салды. Жобалық-сметалық құжатты әзірлеуге бюджеттік өтінім беріп, тиісті қаражат бөлуге атсалысты.
2023 жылдың 19 наурызында кезек­тен тыс сайлау өтіп, аудандық мәслихатқа 14 депутат сайланды. Сегізінші ша­қы­рылған аудандық мәслихаттың төрағасы болып Ербол Абақұлы қайта сайланды. Сегізінші шақырылған аудандық мәслихат депутаттарының ықпалымен бүгінгі күнге дейін бірқатар ілкімді істер атқарылып, Көгершін, Ақыртөбе, Р.Сәбденов ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыстары жүргізілді. Сонымен қатар Көгершін ауылына 90 орындық мәдениет үйі салынып, ел игілігіне берілді. Қоғамдық көлік жұмысы да қайта жанданып, аудан орталығынан шалғайдағы ауылдарға 4 бағытта жүргізіле бастады. Одан бөлек бұл тізімге Луговой ауылындағы қызметтік пәтерлердің жөнделіп, пайдалануға берілгенін де қоссақ болады.

Жәнібек Базылбек.

Поделиться ссылкой: