Жаңатұрмыста жаңа спорт кешені ашылды

88 Views

Міне, осы газетте қызмет атқарғанымызға да 10 жыл болыпты. Осы жылдар аралығында ауданға қарасты көптеген ауылдарды араладық. Қай ауылға барсаң да, бітпейтін проблема көп еді. Дегенмен, шүкір дейік. Қазір сол проблемалар рет-ретімен шешіліп, қарапайым халықтың атқарушы билік өкілдеріне деген сенімі артты. Қайбір жылы Жаңатұрмыс ауылдық округіне де барғанбыз. Сонда ауыз су мен дәрігерлік амбулаторияның әбден тозығы жетіп тұрғандығын жаңатұрмыстықтар мәселе қылып көтерген болатын. Сол мәселелердің біразы шешімін тапты десек болады.

Қазір Жаңатұрмыста жаңа дәрігерлік амбулатория да бар. Жаңа ауыз су имараты салынып, жұрт сапалы әрі таза суды тұтынып та отыр. Газ да тартылған. Жаңа мәдениет ошағы да салынып жатыр. Енді ауыл тұрғындары көтерген тағы бір мәселе бар еді. Ол – Жаңатұрмысқа жаңа спорт кешенін салу мәселесі болатын. Бұл мақсатта әрине аудан әкімі Ернар Серікәліұлы бастаған атқарушы билік өкілдері де, Жаңатұрмыс ауылдық округі әкімінің аппараты қызметкерлері де көптеген шаруа атқарды. Соның нәтижесінде іргесі былтыр қаланған Жаңатұрмыс ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, кеше Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жұртшылықтың игілігіне пайдалануға берілді.
Аудан әкімі Ернар Есіркепов Жаңатұрмыс ауылына да барып, жергілікті жұртшылықтың алдында құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде Ернар Серікәліұлы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша салынған жаңа спорт кешенінің құрылыс сапасы өте жақсы болғандығын тілге тиек етіп, ауыл тұрғындары алдында «Балалар мен жасөспірімдер денешынықтыру клубының» директоры Данияр Әлпейісовке кәде-сый, яғни үстел теннисінің толық жабдықтарын тарту етті. Содан соң ауыл ақсақалы Көшкінбай Құрманалиев сөз сөйлеп, өзінің батасын берді.
Жаңатұрмыстағы жалпы құны 331 миллион теңгені құраған спорт кешенінің құрылыс жұмыстарын «Нұр Тұрсын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Аталмыш мердігер компанияның директоры Талғат Тұрсымұратов та ауыл тұрғындары алдында сөз сөйлеп, «Балалар мен жасөспірімдер денешынықтыру клубының» директоры Данияр Әлпейісовке жаңа әлеуметтік нысанның «Символикалық кілтін» табыс етті. Салтанатты жиын соңында аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов, Жаңатұрмыс ауылының қадірлі ақсақалдары Көшкінбай Құрманалиев пен Өмірәлі Көпбаев және «Құлбарақ» шаруа қожалығының басшысы Қадірбек Құлбарақов жаңа спорт кешенінің салтанатты түрде лентасын қиды.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: