Түрік инвесторларымен кездесті
Тұрар Рысқұлов – аграрлық секторда әлеуетті, өңірдегі инвестициялық жобаларға потенциялы жоғары аудан. Аудан аумағында 140 мыңнан астам гектар егіс алқаптары бар болса, оның басым бөлігіне масақты дәнді-дақылдар егіледі. Алқаптың әр гектарынан орташа есеппен 15 центнерден жоғары өнім алуға болады. Бұл өз кезегінде аудандағы ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласында үлкен перспектива бар екендігін көрсетеді.
Сондай-ақ, соңғы жылдары аудан дихандары тәтті түбір егуге де ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл бағытта аудан әкімдігінің бастамасымен қант қызылшашылар ұйымы да құрылған. Мәселен, биыл ауданда 611,2 гектар алқапқа қант қызылшасы егілген. Бірақ ондағы дихандар өнімділікті арттыруда ешқандай мәселе көріп отырған жоқ. Дихандардың бүгінгі басты проблемасы – өнімді өткізу және техниканың тапшылығы.
Ауданға қандай инвестор келмесін аудан басшысы Ернар Есіркепов осы екі басты проблеманы ұсынады. Осыған дейін ауданға аяқ басқан қытайлық инвесторларға төрт түліктің терісі мен жүнін өңдейтін зауыт салуды ұсынса, жақында ғана келген түрік инвесторларына қант қызылшасын өңдейтін немесе ауылшаруашылығы техникасын құрастыратын зауыт салуды ұсынды.
Қос тарап ұтымды ұсыныстарды қарастырып, алдағы уақытта бір шешімге келуге уағдаласты. Келіссөздер барысында түрік инвесторлары қант қызылшасы тұқымының ерекше түрлерін аудан әкімі Ернар Есіркеповке таныстырды. «BTS SEED» және «IPIVOT» компанияларының өкілдері аудан дихандарына өз өнімдерін таныстыруға мүдделі екендіктерін алға тартты.
Жалпы ауданда инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін бірқатар шаралар қабылдануда. Соның бірі – индустриялық аймақ. Бұл аймақты аудан әкімдігі барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтуға ықылас танытып отыр. Егер де агроөнеркәсіптік кешен және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы инвестициялық жобаларды іске асыруға ниет танытатын инвесторлар болса, аталмыш аймақтың есігі айқара ашық.
Жәнібек Базылбек.
