Жоспар бекітіліп, меже айқындалды

105 Views

Өткен аптада аудандық мәслихаттың кезекті сессия отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Ернар Есіркепов, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ауыл әкімдері, мекеме және бөлім басшылары, аудандық мәслихаттың депутаттары және БАҚ өкілдері қатысты.

Сессия отырысына аудандық мәслихаттың төрағасы Ербол Абақұлы төрағалық етіп, жүргізіп отырды.
Өздеріңізге белгілі, биыл Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осыған орай жиын барысында мәслихат төрағасы бірқатар азаматтарды марапаттады. Олардың қатарында аудан әкімі Ернар Есіркепов, аудан прокуроры Болатхан Қалыбаев, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті аудандық бөлімшесінің басшысы Абзал Сатыпалдиев, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Айнұр Баймұратова және жетінші шақырылым депутаты, кәсіпкер Нұрлан Беркімбаев болды.
Сессия барысында бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Солардың бірі – 2025 жылға арналған аудандық бюджеттің бекітілуі. Аудандық әкімдік тарапынан ұсынылған бюджет жобасы ұзақ талқылаудан өтті. Бюджетте әлеуметтік саланы қолдау, инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығын қаржыландыру және жастар бастамаларын қолдау басымдыққа ие болды. Ол туралы жиында оябы бөлек баяндама жасаған аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ләззат Сапарбекова кеңінен мәлімдеп берді.
Сессия барысында мәслихат депутаттары тұрғындардың мәселелерін назардан тыс қалдырмады. Әсіресе, Қарақыстақ және Абай ауылдық округінен сайланған Мұратжан Мейманханов өз сайлаушылары мәдениет үйі мен спорт кешеніне жете алмай отырғанын сөз етті. Аудан әкімі бұл сұраққа кеңінен жауап беріп, соңғы жылдың өзінде 4 бірдей спорт кешені салынып, оның үшеуі пайдалануға берілгенін айтты. Ал мәдениет үйі бойынша 3 нысанның іргетасы қаланып, тағы да біреуіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін сөз етті. Аудан әкімінің сөзінше, келер жылы Құланда тағы да бір спорт кешені бой көтермек.
Жиында ауылшаруашылығы саласы да сараланып, жауапты бөлім басшысының баяндамасы тыңдалды. Депутаттар баяндамашыдан қант қызылшасының жиналуы, төрт түліктің санағы, «Ауыл аманаты» жобасының жүргізілу барысы туралы мәліметтерді мәлімдеп беруді өтінді.
Сессия соңында аудан әкімі Ернар Есіркепов сөз алып, жыл бойы бірлесе жұмыс атқарған халық қалаулыларына шексіз алғысын білдірді.

Жәнібек Сұлтан.

Поделиться ссылкой: