балалар бақытқа бөленді

255 Views

Мінеки, ұлу жылының да тарих қойнауына енуіне санаулы күндер қалды. Жалпы өткен жылға өкпе жоқ десек жарасады. Өйткені өтіп бара жатқан Ұлу жылы қуатты Қазақ елі үшін табысты да берекелі жыл болды. Иә, рас. Көктем мезгілінде еліміздің бірқатар аймақтарын қарғын су басты. Дегенмен, ең бастысы, соның бәрін елдің бірлігінің арқасында бірге еңсере білдік. Бейбітшілік заман болса, біз еңсермейтін қиындық жоқ. Төрімізге енгелі отырған Жылан жылында да елімізде зор жетістіктер көп болады деген ойдамыз. Жаңа жылдық мерекені балалар асыға күтеді. Әсіресе, бүлдіршіндер үшін Аяз ата мен Ақша қардан сыйлық алғаннан артық бақыт жоқ. Жылдағы дәстүрге сай биыл да аудандық білім бөлімі, сондай-ақ, аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының қызметкерлері аудан әкімінің шыршасын жоғары деңгейде ұйымдастырды. Биылғы аудан әкімінің шыршасы расыменде ерекше форматта өрбіді. Жаңаша қойылым. Ерекше шоу. Жарасымды жүргізушілер. Жайдары көңіл күй. Осының барлығын біз балалардың көрсеткен өнерлерінен байқадық.
Жаңа жылдық кешке аудан әкімі Ернар Есіркепов, аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Сванов қатысты. Мерекелік шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Ернар Серікәліұлы Ұлу жылында білім саласында ауыз толтырып айтатындай жарқын сәттердің орын алғандығын айтып, кешке қатысқан оқушыларды Жаңа жылдарымен құттықтады. Думанды кеште жанрдағы ертегі кейіпкерлерінің киімін киген өнерпаздар балалардың көңілдерін серпілтті. Ілкімді іс-шарада оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, бірі биледі, бірі ән салды. Кеш соңында Жаңа жылдық шырша кешіне қатысқан барлық оқушыларға арнайы әзірленген аудан әкімінің сый-сыяпаты табыс етілді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: