Сержан Баденов – аймақтағы «Жылдың үздік спорт нұсқаушысы» атанды
Жаңа жыл қарсаңында Тараз қаласында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен «Жыл үздігі – 2024» атты Жамбыл облысындағы спорт үздіктерін марапаттау кеші өтті. Осы салтанатты жиында Құмарық ауылдық округінің бұқаралық спорттық іс-шаралар жүргізу орталығының спорт нұсқаушысы Баденов Сержан Төлешұлы «Жылдың үздік спорт нұсқаушысы» атанып, облыс әкімінің 100 мың теңгелік қаржылай сертификатына ие болды.
Айта кетейік, Сержан Төлешұлының осы қызметте еңбек етіп келе жатқанына 7 жыл болды. Осы аралықта ол ауылдағы бұқаралық спорттың дамуына елеулі үлес қосып келеді. Сержан Төлешұлын Құмарық ауылдық округінің жастары ғана емес, үлкендері де сыйлайды. Өйткені, ол – жастармен де, ардагерлермен де, мүмкіндігі шектеулі жандармен де үнемі тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді.
Сержан Төлешұлы 2021 жылы «Жомарт жүрек» номинациясын иеленген. 2022 жылы Қазақстан Республикасының «Үздік спорт нұсқаушысы» да атанған болатын. Одан бөлек, Сержан Баденовтың жаттықтырушылығымен «Көше ойындары», «Президенттік сынама», облыс, республика және Азия чемпионаттарында Құмарық ауылдық округінің жастары мен мүмкіндігі шектеулі азаматтары да жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Атап айтсақ, Манасбай Серік Раматуллаұлы стритлифтингтен Азия чемпионы, Ербол Берметов 50 жастан жоғары ерлер арасында «Президенттік сынамадан» ел чемпионатының күміс жүлдегері, Ержігіт Есмахан «Президенттік сынамадан» облыс чемпионы, Жұлдыз Жанысбаева болса, дойбыдан мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ауданның бірнеше дүркін чемпионы, Шәкірт Мансұров ардагерлер арасында садақ атудан және дартс ойындарынан аудан чемпионы атанған. Осы айтулы жеңістің бәрі ауылына жанашыр, еңбекқор азамат Сержан Төлешұлының арқасы. Сондықтан оның бұл марапаты оған берілген лайықты атақ деп білеміз.
Марат Жолдасбекұлы.
