Ботулизмнің алдын алу
32 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Қазір – жаһандану заманы. Жастың да, жасамыстың да қолында ұялы телефон бар. Жасыратын несі бар, жастардың көбі интернеттің «тілін жетік меңгергенімен» газеттің бетін аша бермейді. Бұл сұхбат жастарға ой салар деп ойлаймыз. Сондықтан газетіміздің бүгінгі нөмірінде 2024 жылдың қараша айында «Құлан медиа» ақпараттық орталығының «Жансарай» деп аталатын танымдық бағдарламасында ардагер журналист, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақ журналистикасының қайраткері, аудандық билер кеңесінің төрағасы Жаманбаев Тұрсынхан Есімқұлұлымен өрбіген сүбелі сұхбаттың жазулы нұсқасын оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік. Сұхбатты әріптесіміз Марат Диханбай жүргізді. Әріптесіміз жүргізген сұхбат газет
оқырмандарының да көңілінен шығады деген ойдамыз.
– Тұрсынхан аға бүгінгі сізбен өрбитін сұхбатты ерекше нотада бастағым келіп отыр. Яғни алдымызда 3 қағаз жасырынған. Соның бірін таңдасаңыз.
– Көрейік. Сағыныш деген сөз түскен екен. Сағыныш деген адамның жансарайын ерекше күйге бөлейтін сезім ғой. Сондықтан әңгімемізді сағыныштан бастасақ.
– Бәрекелді! Тұрсынхан аға, сіздің газетте табан аудармай 42 жыл еңбек еткеніңізді білеміз. Талай жақсы жайсаңдардан сұхбат алдыңыз, дәмдес болдыңыз. Қазір – зейнеттесіз. Газет шығару ісін сағынған боларсыз?
– Адамдар жаттанды жауап деп ойлап қалмасын. Мен ең біріншіден ата-анамды сағынамын. «Ата-анамның алдындағы парызым мен борышымды өтедім бе?» деген санамдағы ой әрқашанда мені сағынышқа жетелейді. Одан кейін өмірден ертерек өтіп кеткен бауырларым, інілерім бар. Соларды сағынамын. Олардың еркеліктері, қылықтары көз алдымда кино лентасындай тізіліп өтіп, тағы да сағынышқа жетелейді. Одан кейінгі сағынатыным өзің айтқандай, редакция, яғни газет. Олай болатын жөні де бар. Себебі мен 10 сыныпты бітіріп аттестат алған соң 3 күннен кейін редакцияға жұмысқа келдім.
Мектепте жүргенде 6 сыныпта оқып жүргеннен бастап мақалалар жаза бастадым. Ол кезде газет «Коммунистік еңбек» деп аталатын. Сонда «Мектеп өмірінен» деген рубрика болатын. Газетке қысқа-қысқа хабарлар жазып тұрушы едім. Сол әсер етті ме, мені 10 сынып бітірген соң редакцияға қызметке шақырды. Сөйтсем редакцияда корректор болып жұмыс істейтін Қыдырәлі Қойтай деген азамат ҚазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсуге бара жатыр екен. Оның орнына адам керек болған соң мені іздеп, редакцияға шақырды. Ол кезде журналистика факультетіне оқуға түсу үшін кем дегенде 2 жылдық жұмыс өтілі болу қажет. Баспаханада немесе редакцияда, шопан көмекшісі немесе сауыншы сияқты жұмыс істеуі керек. Сонымен Қыдырәлі оқуға кетті. Мен корректор болып жұмысқа орналастым. Міне, сол кездерді сағынамын. Қаншама адамдар, білгір журналистер жұмыс істеді. Менің есімнен еш уақытта кетпейді. Әкемдей болып кеткен Оспанбек Хатиев деген редакторымыз болды. Сол кезде аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болатын. Ол деген үлкен сенім. Оспанбек Хатиев ұйымдастырушы басшы ғана емес, мықты қаламгер еді. Жазушылық қасиеті басым болатын. Мінезі де қызық кісі еді.
– Әй жігіттер! Мен құмға кеттім – деп, машинасына мініп алып малды ауылға кетіп калатын. Ол кісі келген соң бірінен соң бірі очерктер газетке шығып жататын. Оспанбек Хатиевті де сағынамын. Одан кейін редакцияда Мұрат Ахалиев деген өте талантты журналист еңбек етті. 7 сыныптық білімі ғана бар болатын. Мақпал-Қайыңды ауылынан еді. Әлі есімде. Мұрат Ахалиевтың «Жерік» деген әңгімесі газетке басылды. Соны оқырмандардың сұранысы бойынша газетке бірнеше рет қайталап басқан кезіміз болды. Редакция қызметкерлерінің ішіндегі ең бірінші «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған адам да Мұрат Ахалиев болатын. Табан астынан өлең шығара салатын. Адамның болмысына, тұрысына қарап, редакция қызметкерлерінің бәріне жеке-жеке әзіл өлеңдер арнаған кездерін мен әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын. Мінеки, содан бері, 50 жылдан астам уақыт болыпты. Редакцияда Ботпай Шатаев деген фототілші болды. Суреттерін салып алса, әр жерде шашылып қалып жататын. Бір күні Мұрат Ахалиев соны әзілдеп өлең шығарғаны бар.
– Ботпай деген жігіт бар,
Редакцияда істейді.
Қара портфель қолынан,
Оның ылғи түспейді.
Клищені салып алып,
Жамбыл жаққа барады.
Алып келген суреттер,
Текстовкасыз қалады, – деп келетін жолдары бар еді. Осы кездерді сағынамын. Есенгелді Төреқұлов деген ағамыз болды. Кейін Красногор аудандық газетінде редактор болды. Облыстық телеарнада басшы да болды. Есенгелді Төреқұлов кішкентай хабар жазудың нағыз хас шебері еді. Ресми хабарлар жазудың білгірі болатын. Әттең, қазір арамызда жоқ. Ол кісіні де сағынамын. Қыдырәлінің жөні бөлек . Ол әділдікті жақтаған, ешқашан өтірік айтпайтын, журналистикаға, яғни қаламына адал болған азамат еді. Өзі газет макетінің білгірі болатын. Әбжақ Туғанбаев деген бас редактордың орынбасары болды. Мамандығы – монтер. Талантын бағалап, соны Оспанбек Хатиев редакцияға алып келген. Оның да білімі 8 сыныптық болатын. Шетел әдебиетін көп оқыған. Екі тілде бірдей жазатын. Міне, осы кісіні де сағынамын. Бүгінде ол да бақилық. Одан кейін менің ерекше сағынатыным – ұстазым Кәріпжан Нүсіп. Лирик ақын. Кәрекең мансапқа, қызметке құмар болған жоқ. Мен жастай редактор болдым. Кәрекең редактор болудан бас тартты. Ол – нағыз шығармашылық адамы болатын. Өзің білетіндей, жұмыста редколлегия болады. Сонда тілшілерге тапсырма беремін. Ал Кәрекеңе тапсырма бере алмаймын. Бір күні осыны өзі де сезді-ау деймін. Кезекті редколлегиядан соң Кәрекең алдыма келіп:
– Тұрсынхан, неге маған тапсырма бермейсің? – деді. Мен болсам:
– Кәреке, сізге тапсырма бермей-ақ қояйын. Сіз өз білгеніңізше жаза беріңізші,-деп жауап қаттым. Ұлылығы ғой сонда.
– Жоқ, сен маған қазір бала емессің, шәкірт емессің. Сен басшысың! – деп, мені қамшылағандай болып қамқорлық танытқаны бар. Мен Кәрекеңді қалай сағынбаймын. Одан кейін Нұртас Адамсопиев деген баспахананың директоры болды. Полиграфияның нағыз білгірі еді. Ол кезде дәл қазіргідей компьютер жоқ. Бәрі қорғасыннан құйылады. Түнімен жұмыс істейміз. Материалдар шашылып қалатын кездері болады. Оны тереміз. Эльза деген неміс қызы бар еді. Қазақ тіліндегі материалдарды терген кезде бір қате жібермейтін. Оларды қалай сағынбайсың. Редактор болған кезімде Досан Құлбеков деген менің орынбасарым болды. Жайбарақат, жайсаң мінезді, нағыз сенімді орынбасар болды. Маған мықты көмекші бола білді. Бір күні ППС станокты баспагер дұрыс бұрамаған ғой. Тоққа қосқан кезде поласаны лақтырып жіберіп, әріптердің бәрі шашылып қалған болатын. Түнімен теру керек. «Ертеңге үлгереміз бе?» деп қаным басыма шапты. Ол кезде газет шықпай қалу деген сөз – төтенше жағдай. Дәл қазіргі секілді интернет, әлеуметтік желі деген атымен жоқ. Елдің бәрі газет оқитын. Сөйтіп менің дегбірім қашып тұрған кезде, Досан күліп тұр ғой.
– Саспаңыз. Түн ұзақ қой, – дейді. Қандай жайбарақат. Мен болсам «Түнімен жұмыс істейтін болдық қой» деп мазаланып тұрмын. Ал, ол мүлде алаңсыз. Түнімен газетті жасап, таңертең поштаға жіберіп, үйге қайттық. Мінеки Маратжан, қиыншылық болса да мен сол кездерді сағынамын.
– Журналистикада еңбек етіп жүрген соң көп ізденесің, оқисың. Сіздің «Газет қалай жабылмай қалды?» деген мақалаңызды оқығаным бар еді. Осы туралы кеңінен әңгімелеп берсеңіз?
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қиын кезеңдерді бастан өткергеніміз рас. Ұмытпасам, 1997 жыл ғой деймін. Свет жоқ, ел жалақы ала алмай жатыр. Баспахана шаруашылық есептегі мекеме болатын. Баспахана бізге газет басып береді. Біз ол үшін ақша төлеу керекпіз. Себебі баспахана қызметкерлеріне айлық беру керек. «РЭС-ке светке төлеу керек» деген сияқты. Ондайды да бере алмаймыз. Газет барлық жердегі сияқты тығырыққа тірелді. «Сонда не істеу керек?» деген мәселе тұрды. Мен осы мәселені сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Дүйсенәлі Бықыбаевқа жеткіздім. Аудан әкімі Үсіпәлі Арынұлы Қалиев деген азамат еді. Сондай білікті азамат болатын. «Газет тығырыққа тіреліп тұр. Не істейміз?» деп Дүйсенәлі Дыбысалыұлына бар мән-жайды түсіндіріп айтып бердім. Табан астынан полиграфияны жақсы білетін Нұртас Адамсопиев отбасы жағдайына байланысты зейнетке шықты да, Алматыға көшіп кетті. Баспахана иесіз қалды. Содан біреуді әкеліп баспаханаға директор қылып отырғызды. Баспахананың иісі мұрнына да бармайды. 1 аптадан кейін кетіп қалды. Мәселе тағы да тығырыққа тірелді. Содан Дүйсенәлі Бықыбаев «баспахананың ісін осы кісіден басқа ешкім білмейді» деп баспахананы да маған берді. Сол кездегі менің қызметім аудандық «Құлан таңы» газетінің бас редакторы сызықша (күліп) аудандық баспахананың директоры болдым. Екі бухгалтер, екі мөр, екі коллектив болды. Редактор Тұрсынхан Жаманбаев баспахана директоры Тұрсынхан Жаманбаевқа газетті басып бер деп «заказ» береді. «Газетті басқаны үшін ақша төлейді» деп баспахана директоры бас редакторға счет жібереді. Мен осы мәселені «ақшаны бір қалтамнан алып, екінші қалтама салғанмен бірдей болып жатыр» деп сол кездегі аудан әкімі Үсіпәлі Арынұлына да айттым. Менде мынадай ұсыныс бар. «Редакция мен баспахананы біріктіріп, қосайық» дедім. Келісті. Экономика басқармасын шақырып бұл мәселені айтып еді, ол үзілді-кесілді бас тартты. Болмайды. Заңға сәйкес емес. Себебі редакция бюджеттік мекеме, баспахана шаруашылық есептегі мекеме. Бір-бірін қосуға болмайды. Сонымен тығырықтан шығарудың жолы баспахананы банкротқа жіберіп, сауықтыру тәсілдерін жүргізіп таратып, баспахананы «Редакция баспа цехы» етіп қайтадан құрдық. Айлық ала алмай жүрген баспахананың қызметкерлерін редакцияның штатына алып, бюджетке кіргіздік. Сөйтіп газетті аман сақтап алып қалған жағдайымыз бар. Кейін біздің бұл тәжірибеміз де басқа аудандарға түгелдей таратылды. Олар бізден тәжірибе алмасты десем, артық айтқандық емес.
– Тұрсынхан аға, сіз аудандық газетке 3 рет бас редактор болған адамсыз. Аудандық мәслихат хатшысы болғаныңызды да білеміз. Жалпы әр жұмыстың өз қиыншылығы бар ғой. Осы жұмыс шығармашылығыңызға тұсау салған жоқ па?
– Тұсау салды деп айта алмаймын. Мен қолымнан қаламымды тастасам, бір нәрсемді жоғалтқандай болып тұрамын. Мәслихатта жүргенде де қаламымды қолымнан тастаған жоқпын. Ауданның құрылғанына 75, 80 жыл толуына байланысты энциклопедиялық-танымдық кітаптарды дайындауға белсене атсалыстым. Сондықтан ол қызметті «шығармашылығыма тұсау салды» деп айта алмас едім.
– «Шығармашылықпен айналысу – тазару» деген Аристотельдің сөзі бар екен. Қазір не жазып жүрсіз?
– Қазір біз көп ойланатын жастамыз. Алаш зиялыларының бірі Тұрар Рысқұлов туралы көп оқыдым.Тұрар Рысқұловты «Оқуға құқығың жоқ қырғыздың баласы» деп Самараға оқуға қабылдамай қойған болатын. «Қазақты мәдениетсіз, мәдениеттен жұрдай. Қазақтар мәдениетті Батыстан үйренген» деген сөздер де айтылған кезінде. Мен оны да жақсы білемін. Шынтуайтына келгенде, батыс мәдениетті Шығыстан үйренген. Қазақ нағыз – мәдениетті халық. Оны көшпенді деп айтуға болмайды. «Қазақ көшпенді халық емес. Қыста қыстауына, жазда жайлауына, күзде күздеуіне көшіп жүрген. Ешкімге тізе батырған жоқ. Ешкімнің шекарасын аттаған жоқ» деп батыр Бауыржан Момышұлының өзі айтқан. Сондықтан қазір «Мәдениет – өркениет мәйегі» деген кітапты жазып бітірдім десем де болады. Құдай қаласа, баспадан шығып та қалатын шығар. Ол кітап біздің ауданның мәдени өмірінің тарихы деп айтуға болады.
– Тұрсынхан аға, сағыныштың парағын ақтардық. Енді екінші парақты таңдасаңыз?
– «Қорқыныш» дейді. Қорқыныш көп қой. Адамның жеке өзінің қорқынышы бар. Жалпы адамзатқа ортақ қорқыныш бар. Мен өз басым ең алдымен Құдайдан қорқамын. Тақырыпқа тұздық болсын, осы сауалыңа мына өлең арқылы ойымды жеткізсем деймін.
– Ең алдымен Құдайдан қорқам,
Жаратқан жалғыз ием-ау деп.
Әділетсіз әкімнен қорқам,
Кесірі жұртқа тиеді-ау деп.
Екіжүзді жандардан қорқам,
Орта жолдан тастап кетеді-ау деп.
Өнегесіз тәрбиеден қорқам,
Адамзат түбіне жетеді-ау деп.
Жылжып өтіп жатқан күндерден қорқам,
Өмірім өтіп барады-ау деп.
Көше кезген бомждан қорқам,
Мәйіті көмусіз қалады-ау деп.
Қылығы тәтті немереден қорқам,
Біреудің көзі тиеді-ау деп.
Пәлеқор мен жалақордан қорқам,
Жазықсыз жандар күйеді-ау деп!». Маратжан, бұл менің өзімнің жеке қорқыныштарым. Ал мына өмірде жалпы адамзатқа тән қорқыныштар көп қой. Төрткүл дүние төңкеріліп жатқандай. Аласапыран заман. Дүниенің бір қиырында аптап ыстық, жалын өрт болып жатса, екінші қиырында боран, дауыл, құйын , топан су, зілзала. Мен осыдан қорқамын. Кейде бұның барлығы да «адамның ниетіне байланысты ма»деп те ойлаймын. Адамның ниеті түзу болса екен деп тілеймін. Адамдар ашкөз болмаса екен деймін. Ниетіміз түзу болу керек. Сонда бәрі орнына келетін сияқты. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым!» деп дана Абай да айтқан ғой. Бір-бірімізге мейірім шапағатымызды шашып, мейірімділік танытып, күн шуағындай жүрек жылуын сыйлап жатсақ, бәрі орнында болады. Сонда қорқыныш та азаяды.
– Дана Абайды тілге тиек етіп қалдыңыз. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген де Абай Құнанбайұлының сөзі бар. Біз осы ұғымды дұрыс түсініп жүрміз бе?
– Кейде түсінбей қалатын кездеріміз бар ғой. Сондықтан Абайды тереңдеп оқу керек. Абайдың толық адамына санаңды жеткізіп, түсіне оқығанда ғана өзің айтқан көріністерден сақ болатын шығармыз.
– Тұрсынхан аға, әлгінде ғана Тұрар Рысқұловтың өмірінен жақсы детальдар келтіріп өттіңіз. Тұрар туралы да қазір елдің аузында түрлі әңгімелер өрбіп жүр. Қалай дегенде де Тұрар Рысқұлов қазақтың тәуелсіздігі жолында өз өмірін сарп еткен тұлға деп айта аламыз ғой…
– Иә, оған сөз жоқ. Тұрар біздің ең бірінші ұлттық мақтанышымыз. Тұрардың өмірі мен қызметі елін, жерін сүюдің, Отанына деген сүйіспеншіліктің нағыз символы. Біздің жас ұрпақ оның өмір жолынан үлгі-өнеге алуы керек. Біз осы күнге дейін Тұрарды «революционер, Кеңес өкіметін орнатушы үлкен саяси және қоғам қайраткері» деп біліп келдік. Жоқ. Егер түбіне көз жіберетін болсақ, көп нәрсені басқаша ұғынасың. Мен «Тұрар – мәңгілік тұлға» деген кітап шығардым. Сонда кітапты дайындау барысында көптеген адамдармен кездестім. Тұрартанушы, Тұрар туралы 5 кітаптан тұратын ғұмырнамалық эпопея жазған ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы атанған Шерхан Мұртазамен де кездестім. Шерағаңның жөн сілтеуімен Тұрардың қызы Сәуле Тұрарқызымен де сөйлестім. Тұрартанушы Кеңес Нұрпейісовпен әңгімелестім. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Мәмбет Қойгелдімен де пікірлестім. Архивтерде отырдым. Бұрын мен «Қызыл жебені» оқыдым, болды, Тұрар туралы бір кісідей білемін ғой деп ойлайтынмын. Сөйтсем менің білетіндерім бер жағы екен. Тұрар тұнып тұрған тылсым дүние. Сол кездегі алаш арыстарының білгірлігіне, халқына, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерінің жоғары болғанына таңғаламын. Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Мұхамеджан Тынышбаев, Тұрар Рысқұлов барлығы бірнеше саланы меңгерген. Философ десең филисоф, тіл маманы, экономист, өз елінің тәуелсіздікке ие болуы үшін не керектің барлығын жасаған адамдар. Мұрағатта отырған кезде осыған көзім жетті. Тұрар небәрі 20 жасында Әулиеата уезін басқарды. 25 жасында Түркістан СовДепін басқарды. Сол кезде алаштың арыстары оңтүстік өңірде қашып жүрген болатын. Олардың шығармашылық жұмыспен айналысуға мол мүмкіндіктері туды. Бір еркіндік берілгендей болды. Осы кезде Тұрар Рысқұловтың көп септігі тиген. Қазір Тұрар Рысқұловты қоғам қайраткері дегеннен де жоғары бағалау керек. Менің түсінігімде Тұрар халқын бүтіндей бір ұлттың жер бетінен жойылып кетуінен сақтап қалған тұғырлы тұлға. 1918-1919 жылдардағы ашаршылық, 1931-1932 жылдардағы ашаршылық бұл қолдан жасалған нәубет геноцид. Сондықтан Тұрар Рысқұловты өз ұлтын жер бетінен жойылып кетуінен сақтап қалған қаһарман деп бағалаған дұрыс деп ойлаймын. Ал сол кезде Тұрар «сақал мұртты» көсемнің орынбасары болды ғой. Сонда Сталинге тайсалмай хат жазып, ауызша бірнеше мәрте айтып, Қазақстандағы ашаршылықтың алдын алып, аштан ісіп кеуіп жатқандарға көмек көрсету жөнінде үкіметке арнайы қаулы қабылдатуы бұл үлкен ерлік емес пе? Оны былай қойғанда, сол жердегі жылы орнын тастап, Қазақстанға келіп, жер-жерде ашаршылықтан құтқару жөніндегі асханалар ашып, елді тамақтандырып, ұлттың сақталып қалуына септігін тигізген адамды қалай қаһарман демейсің. Қазақстанның белгілі демогроф ғалымы Мақаш Тәтімовтің есептеуінше, сол 1931-1932 жылғы ашаршылықта екі жарым миллион қазақ ісіп кеуіп қырылып кеткен екен. Ал егер Тұрар Рысқұлов болмағанда шын мәнінде ұлт жойылып кететін еді. Жаңағы екі жарым миллион цифр адам танымастай өзгерген болар еді. Тұрар Мәскеуде тып-тыныш отырған жоқ. Шын мәніне келгенде, Тұрарда қызметте бар, байлық та бар. «Күн көсемнің» айтқанына көніп отыра берсе болады ғой. Бірақ ол олай жасамады. Бәрін тастап, «ұлтым, халқым» деп, Қазақстанға келіп, ұлттың аман сақталып қалуына үлкен септігін тигізді. Сондықтан оны ұлт қаһарманы ретінде бағалау керек.
– Сондықтан да кітаптың атын «Тұрар – мәңгілік тұлға» деп атауыңыздың себебі осы екен ғой.
– Иә, осы.
– Сіздің ылғи жастарға қамқоршы болып, тілеуші болып жүретініңізді де білеміз. Бүгінгі заманның жастарына көңіліңіз тола ма?
– Көпке топырақ шашуға болмайды. Жастардың арасында да білімді, парасатты, елін, жерін, халқын, болашағын ойлайтын жүрегі таза, көкірегі ояу жастардың өсіп келе жатқанын көресің де қуанасың. Бірақ кемшілік те жоқ емес. Әсіресе қазіргі жастардың кітап оқымайтындығына ерекше қынжыламын. Өйткені адамды ізгілікке, жақсылыққа тәрбиелейтін, жан дүниесін байытатын бұл – кітап.Заман ағымына қарай техника мен технология қарыштап дамып бара жатқанда интернет желісі де керек шығар. Алысты жақындататын, кез келген қажетті дерегіңді лезде тауып алатын технология бүгінгі заманның таптырмас құралы.
Дегенмен де адамның жан дүниесін байытатын кітап, газетті санамыздан ешуақытта алып тастамауымыз керек. Кейде мен осы басылымдардың, телеарналардың жекешеленіп кеткендігіне о баста газетте жұмыс істеп жүргенде жаным ауыратын. Әлі де қынжыламын. Үкіметтің, мемлекеттің саясатына қарсы болып отырған жоқпын. Болсын. Жекеменшік газет те болсын. Бірақ аудандық, облыстық газеттер, телеарналар жекешеленбеуі тиіс.
Себебі бұқаралық ақпарат құралдары, газет-журналдар, телеарналар ол адамды қалыптастыратын, санасын тәрбиелейтін құрал ғой. Ал қалайша адамның санасын саудаға салуға болады. Осы жағынан алғанда, бұл дұрыс емес деп пайымдаймын. Жоғарыда отырғандар осыны ойлауы керек. Бұл менің жеке өз пікірім.
– 42 жыл ғұмырыңызды газетке арнағаныңызды айттық. Кез келген адамда мақсат, мүдде болады ғой. Сіздің қызметтегі мақсатыңыз қандай болды?
– Менің қызметтегі мақсатым – халықтың бұқаралық ақпарат құралдарына деген сұранысын қамтамасыз ету. Оқырмандардың санасын ізгілікке тәрбиелеуге ден қойдым. Газетті сол бағытта жүргізуге әрекет жасадым. Газет те ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы міндетті түрде жазылатын. Жақсы адамдардың өмір жолын жастарға өнеге етіп көрсету – газеттің күнделікті жоспарынан түскен емес. Мен өзімнің редакторлық қызметімде қалайда халыққа қалтқысыз еңбек етуге ден қойдым. Алайда, «Мен қалай қызмет атқардым?», «Сол кездерде газет қалай шықты?». Оған – халық төреші.
– Қазіргі жарық көріп жатқан газеттегі материалдар, оның дизайнерлік тұрғыдағы сипатына көңіліңізге тола ма?
– Әсіресе қазіргі газеттің безендірілуі бұрынғымен салыстыруға келмейді. Қазір безендірілуі өте жақсы. Жаңа үлгілермен жасап жүрсіңдер. Бұрын барлығы да қолмен жасалатын. Ол кезде де қиындықтар туған болатын. Ол кезде де мықты дизайнерлер болған. Бірақ қазіргі компьютермен жасағандай мүмкіндікті қолдан жасау тіпті мүмкін емес еді. Журналистика саласында еңбек еткен ардагер журналист ретінде айтайын, қазіргі газеттің барлық жағынан алып қарағанда оқырманның сұранысына сай шығарылып жатыр десек те болады. Ол шығармашылық ұжымның арқасы деп ойлаймын.
– Тұрсынхан аға, үстел бетінде үшінші қағаз жатыр. Соны ашып оқысаңыз?
– «Жұбаныш» дейді.
– Жабыққан кезде кіммен сырласыз?
– Жақсы сұрақ. Мынадай тәмсіл бар ғой. «Мен де адаммын, жаралған сүйек еттен» деген Абайдың сөзі бар ғой. Сол секілді біздің де адам баласы болғаннан кейін жабығатын, торығатын, күйзелетін, қиын сәтке тап болып жұбаныш іздейтін кезіміз болады. Сол кезде мен өмірлік серігім қағазым мен қаламымды алып, бөлек бөлмеге кіріп төгілте өлең жазамын. Ақын емеспін. Бірақ ақын жанды адаммын. Жас кезде мен творчествомды поэзиядан бастағанмын. Газетке ауысқан соң прозаға, әсіресе публицистикаға ден қойып кеттім. Кейде көңіл күйің құлазыған кезде эмоциямды ақ қағазға түсіремін. Сөйтіп жаныма жұбаныш табамын. Тіл маржанының мықтылығы осында болса керек. Кейде менің тарығатын, жалығатын кездерім де болады. Бұрын қаламынан классикалық туындылар туған ақын-жазушылар дәріптелуші еді. Қазір «Есер әнмен елдің есін алып жүрген дәлдүріш әртістер дәріптеліп те кеткен бе?» деп қынжыламын. Біздің қазақ қашанда ақынын ардақтап, батырын аспанға көтеріп, мың бұралған бишісін еркелетіп өткен халық. Дегенменде бүгінгі таңда классикалық туындылар тудырып жүрген ақын жазушылардан гөрі тойға шығып жүрген әншілердің мәртебесі асып тұр. Соларға бір жұбаныш іздегендей кездерім болады. Қазіргі таңда ақын мен жазушыны дәріптеу көлеңкеде қалып бара жатыр.
– Осы орайда мынадай сұрақ туындап отыр. Ойды – ой түртеді ғой. Дұрыс айттыңыз. Келісемін. «Атақ – қоғамдық саяси ортаның ойлап тапқан ойыншығы» деген Алберьт Кайнердің сөзі бар екен. Атақ деген ұғымға қалай қарайсыз?
– «Судың тұнықтығын судағы балық біледі, кімнің кім екенін халық біледі, халық білмесе, Құдай анық біледі» деген қазақта әдемі сөз бар ғой. Адам атақты қумау керек. Атақ –адамның өзін іздеп тапса жақсы құбылыс болады. Өкінішке орай, кейде олай емес. Мәселен, Бауыржан Момышұлы Москваны қорғады. Неміс армиясы Бауыржанның батальонын «жабайы батальон» деп одан өлердей қорықты. Сонда да болса, түрлі себептермен Бауыржан Момышұлына атақты кезінде бермей қойды ғой. Бірақ халық оны «батыр Бауыржан» деп таныды. Осы күндері менің көңіліме кірбің ұялататын нәрсе бар. Жеке өз басының ғана күйін күйттеген адамдар жасы шау тартқан соң әр мекеменің есігін қағып, өздеріне атақ сұрап жүргендерін көрген кезде көңілің құлазиды. Шын мәнінде, еліне еңбегі сіңген адамдар атаққұмар азаматтардың көлеңкесінде қалып қойып жататындығы қынжылтады.
– Қазір сіздің аудандық билер кеңесінің төрағасы екеніңізді сөз басында да атап өттік. «Адам екі нәрседен қателеспеуі керек. Бірі – мамандық таңдау болса, екіншісі – жар таңдау» деген сөзді сіз бен біз жақсы білеміз. Үйдегі зайыбыңызды, Құдай қосқан қосағыңызды, яғни Зәуреш апайымызды мен жақсы білемін. Сіздің жар таңдаудан жолыңыз болған секілді…
– Дұрыс айтасың Маратжан. Екі нәрседен қателеспеу керек дедің ғой. Мен негізі о баста журналистика емес, заң факультетіне оқуға түскен адаммын. Кейін 1 жылдан соң оны тастап кеттім. Журналистика мамандығы менің жаныма жақын болды ғой деймін, заң факультетін тастап, журналист болып шықтым. Мен оған ешқандай да өкінбеймін. Қателескен жоқпын деп ойлаймын. Екінші жағын да дұрыс айттың. Құдай жолымды берді. Журналистиканың да қызығы мен шыжығы көп қой. Өкініштісі сол, қазір бәрі жекешеленіп кетті. Алысқа шыға бермейсіңдер. Біздің кезімізде Сусамыр жайлауына, құмдағы мал қыстауына апталап, айлап, фототілшімен бірге кезек-кезек кетіп қалатынбыз. Сол кезде апайың шаңырақтың түтінін түзу шығарып отырды. Жалпы, қашанда жақсы әйел – ер азаматтың бақыты ғой.
– Байлық деген ұғымға көзқарасыңызды білгім келеді…
– «Байлық – қолдың кірі» деп бұрын ата-бабаларымыз айтып кеткен ғой. Бай болу – мақсат емес. Адам болу. Азамат болу. Сол – мақсат болу керек. Билер кеңесі туралы әңгіме қозғап қалдың. Қазір ауданымызда ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған әкелер кеңесі, аналар кеңесі, билер кеңесі жұмыс істейді. Билер кеңесінде соттың бірнеше ұйғарымдары болды. Ерлі-зайыпты болған соң ұрысып қалып жатады. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой. Мәселен, жаңадан үйленген ерлі-зайыптылардың арасында кикілжің болып қалса, дереу әйелі «Мен ажырасамын» деп күйеуінің үстінен арыз жазады. Іштей қарап отырсаң, ниеттері түзу. Бірақ бір-бірінен кешірім сұрап, кішірейе салуға намыстары жібермейді. Осындай мысалдар өте көп. Бірақ біздің билер кеңесінде дәл сондай ерлі-зайыптылардың бір-бірінен кешірім сұрап, табысып кеткен кездері аз емес. Сондықтан бұл жұмыстың тиімділігі де бар деп есептеймін.
– Бақыттысыз ба?
– Бақытсызбын деп айта алмаймын. Бақыттымын. Себебі Құдай берген денсаулығым бар. Ұл-қыздарым бар. Желкілдеп өсіп келе жатқан немерелерім бар. Ендігі тілейтінім солардың өмірлері ғұмырлы болса екен деймін. Басында айтқан қорқыныштар солардың алдынан шықпаса екен деймін. Жер жүзінде тыныштық заман болып, болашақтары жарқын болса екен. Барлық адам баласы бейбітшілік заманда өмір сүрсе екен деген тілегім бар.
– Тұрсынхан аға, біздің сұхбатымыз оқырмандардың да көңілінен шығады деген ойдамыз. Әсерлі әңгіме қозғап, ордалы ой айтқаныңызға шын ниетпен алғысымызды білдіреміз.
– Маратжан, саған да шын көңілімнен алғысымды білдіремін. Қаламың мұқалмасын. Шығармашылық табыс тілеймін.
– Рахмет. Амандықта жүздесейік.
Сұхбаттасқан Марат Диханбай.