Сотқа дейінгі – татуластыру рәсімі

84 Views

Татуластыру рәсімдері бөлек тарауында татуласу келісімін, дауды /жанжалды/ медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін жасау сияқты тараптардың татуласу әдістері нақты реттелген.
Еліміз егемендік алған уақыттан бергі кезеңде өзінің құқықтық саяса­тының басты бағыты ретінде адам мен азаматтың құқықтары, бостандықтары мен мүдделерінің қорғалуына негіз­дел­ген құқықтық мемлекет құруды таңдағаны мәлім.
Қазіргі таңда әлемдегі мемле­кеттерде медиация институтының тәжірибелерінің өміршеңдігі негізінде көптеген даулы мәселелердің бітімге келу арқылы оң шешімдерді тауып жатқаны анық.
«Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда «делдал, екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға» деген мағынаны білдіреді.
Медиация тәжірибесінің мақсаты – билер соты сияқты дауласушы тарап­тардың дауласушылық деңгейін төмен­детіп, тараптарды бітімге келтіріп тату­ластыруға қол жеткізу. Медиация тәсілі сот жүйесіндегі әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы. Яғни тарапты қанағаттандыру негізінде жүргізілген келіссөз, екі жақты татуластыру рәсімі деп түсіндіруге болады.
Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі.
Медиация қызметінің тиімді жағы, бұл қызмет ең алдымен қо­ғам­­ды ізгілендіруге жол ашады. Яғни медиация – үшінші бейтарап көз­қарасты ұстанатын тараптың, яғни медиатордың қатысуымен дау-жанжалдарды шешудің баламалы әдісі. Ол екі жақтың еріктілік, құпиялық тең құқылығын сақтай отырып тараптардың өзара тиімді бітімге келуіне жол ашады. Ең бастысы медиатордың бейтараптығы процедураға араласуға жол бермеушілік принциптерімен ерекшеленеді. Бір-біріне талап қоюшы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да медиаторға жүгіну арқылы өзара тиімді мәмілеге келе алады.
Медиацияны жүргізу, сонымен қатар Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңымен де реттеледі. Барлық келісімдерді сот бекітеді. Сонымен қатар, олардың айырмашылық белгілері де бар. Мәселен, тараптардың татуласу келісімін жасауы кезінде талап қою арызының нысанасы мен негізін бір мезгілде өзгертуге жол берілмейді. Медиатордың қатысуымен медиация жүргізілген кезде сот келісімнің шарттарын талқылауға қатыспайды. Сотқа даудың медиатордың қатысуымен реттелуі туралы келісім ұсынылады.
Медиацияның тағы бір түрі – сот медиациясы, оны жүргізу үшін талап қою арызы судья-татуластырушыға беріледі. Тараптардың өтініші бойынша медиацияны істі қарайтын судья жүргізуі мүмкін. Бұл ретте сот құқықтық кеңестер бермейді, келісімнің шарттарын тараптардың өздері ұсынады. Мұндай келісімнің артықшылық жақтары – медиацияны жүргізу кезінде тараптарға дауды (жанжалды) тоқтату үшін талаптың нысанасы мен негізін бір мезгілде өзгерту мүмкіндігі берілетіндігінде.
Партисипативтік келісім дегеніміз – екі тараптың да адвокаттарының мін­детті түрде қатысуымен және даудың ше­шілуіне ықпал етуімен, тараптар ара­сында келіссөздер жүргізудің нәтижесінде қол жеткізілген келісім. Партисипативтік келісім судьяның қатысуынсыз жүргізіледі. Оған тараптар да, екі тараптың адвокаттары да қол қоюы тиіс, олай болмаған жағдайда мұндай келісім татуласу келісімі деп аталатын болады.
Татуласу (медиативтік, парти­сипа­тивтік) келісімі, егер басқа тұлға­лар­дың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын болса, және заңға қайшы болатын болса, оны сот бекітпейді.
Даудың татуластыру рәсімдерін қол­­дана отырып реттелуі талап қою ісін жүргізудегі кез-келген іс бойын­­­­­ша қарастырылған, оның ішін­­де жеңілдетілген тәртіппен қа­рау­ға жататын істер бойынша да қолда­нылады.
Дауды татуласу (медиативтік, пар­ти­сипативтік) келісімін жасау ар­қылы реттеу – даудың екі тарабына да қолайлы, аса икемді рәсім, оның дау­лар мен жанжалдарды шешудегі дәстүрлі тәсілдермен қатар, қомақты да салмақты институт екені даусыз. Даудың татуластыру рәсімдерінің, сотқа дейінгі хаттаманың қолданылуымен реттелуі азаматтардың сот әділдігіне қол жеткізуін шектемейді. Өйткені бұл ретте де даулар шешімін тауып, жанжалдар тоқтайды, ал азаматтар үшін бұл өте маңызды.

Т.Аденова,
Тұрар Рысқұлов аудандық соты әкімшісінің бас маманы.

Поделиться ссылкой: