Алқабилердің рөлі және маңыздылығы

33 Views

Кез келген адамның құқын әділ қорғай алу – мемлекеттің міндеті. Осы мақсатты заң аясында орындау үшін шынайы сот төрелігін жүзеге асыруға қашанда ерекше назар аударылады. Ал еліміздің дамуындағы экономикалық, демократиялық жетіс­тіктер сот төрелігін жүргізуде тың үлгілерге жол ашуға мүмкіндік берді. Соның бірі ретінде алқабилердің қатысуымен сот ісін жүргізу тәжірибеге енді. Сөйтіп 2006 жылғы 16 қаңтарда қабылданған «Алқабилер туралы» Заң қылмыстық сот ісін жүргізуге алқабилердің қатысуына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін, алқабилердің құқықтық мәртебесін, тәуелсіздігінің кепілдіктерін, олар­дың қызметін қамтамасыз етудің құқықтық, экономикалық және ұйымдас­тыру­шылық негіздерін айқындайтын бол­ды. Мемлекет басшысы алқабилер сотын енгізу қағидатты қадам болды деп атап өтті. Бұл демократияның ажырамас бөлігі ретінде азаматтық қоғам институттарын дамытудағы және адам құқықтарын қорғаудағы жауапты кезеңге айналды. Одан бері алқабилердің қатысуымен елімізде бірнеше істер қаралды. Жалпы алқаби дегеніміз – соттың қылмыстық істі заңда белгіленген тәртіппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабыл­даған еліміздің кез келген азаматы. Сондықтан да алқаби сотын – сот төре­лігін жүзеге асыруға халықтың қатысуының бір түрі дейміз. Алайда, бұл жай ғана қылмыстық іс жүргізу институты емес, ол ерекше әлеуметтік институт, бұл ретте қаралатын істердің қаншасы оның үлесіне тиесілі екеніне қарамастан, мұндай соттың елде болу фактісінің өзі осы елде жарыспалы сот төрелігінің бар екендігін білдіреді. Арнайы іріктелген адамдар істің нақты мән-жайларын бағалап, шешім шығарады. Азаматтық қоғам мен мемлекет үшін осы институттың құн­­ды­лығы алқабилердің кәсіби судья­ларға қарағанда сот қызметіне істі қабылдауды, өмірлік тәжірибені, ақиқат пен әдептілікті қоғамдық ұғынуды өзгеше енгізуінде болып отыр. Алқаби сотын көп жағдайда «қоғамдық ар-ұждан соты» деп айтады. Ол қоғамда ақиқат пен әділеттілік туралы ұғымды дерексіз емес, нақты түсініктер арқылы қабылдап, қолдайды. Сотта қаралатын дәлелдемелерді зерттеуге, сотқа қатысушыларға судья арқылы сұрақтар қоюға, сот отырысында істің жария етілген мазмұнымен танысып, түсініксіз мәселелер бойынша сауалдар беруге құқылы. Сот ісінде жариялылыққа, тәуелсіздікке қол жеткізу бағытында дүниеге келген алқабилер институтының ең басты ерекшелігі олар кеңесу бөлмесінде бірқатар маңызды мәселеге айрықша назар аударады: әрекеттің орын алғаны нақты дәлелденді ме, бұл әрекетті сотталушының жасағаны расталды ма және бұған сотталушы кінәлі ме? Міне осы сауалдар арқылы сотталушының кінәлілік дәрежесі анықталып, соған сәйкес айыптап соттауға немесе жауаптан босатуға шешім қабылданады. Ата Заңымызда белгіленген сот тәуелсіздігі, кінәсіздік презумпциясы, тараптардың теңдігі және жарыспалық қағидатын сақтай отырып, ар-ождан таразысы арқылы адамдардың тағдыры шешіледі. Бұл ретте қоғам мүддесін білдіретін алқабилердің моральдық бейнесі кіршіксіз, азаматтық ары таза, адамгершілік ұстаны жоғары болуына баса назар аударылады.

Аудандық прокуратура.

Поделиться ссылкой: