Жеңіс туы желбіресін!
95 ViewsЖуырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Жеңіс туы желбіресін!» байқауының гала-концерті өтті. Іс-шараны Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық…
Өрнек ауылдық округінің әкімі лауазымына үміткер Айхан Жамбылұлы Назарбековтің өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасы
ӨМІРБАЯНЫ
Айхан Жамбылұлы Назарбеков 1987 жылдың 5 қазанында Тұрар Рысқұлов ауданы, Алғабас ауылында дүниеге келген. 2009 жылы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Заңгер», 2012 жылы Алматы экономика және статистика академиясын «Қаржы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2009 жылы Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде «Жол картасы» бағдарламасы бойынша жастар тәжірибесімен бастаған.
2010-2011 жылдары Меркі ауданы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекші маманы, 2011-2013 жылдары Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік көмек көрсету секторының бас маманы, 2013-2019 жылдары Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік көмек беру секторының сектор меңгерушісі болып абыроймен еңбек етті. 2019-2020 жылдары Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің бас инспекторы болды. 2020-2021 жылдары Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы, 2021 жылдың 15 ақпанынан 2021 жылдың 25 маусымына дейін Тұрар Рысқұлов ауданы әкімі аппаратының басшысы болып қызмет еткен. 2021-2024 жылдары Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы болды. 2024 жылдың 2 қыркүйегінен бастап, Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігінің тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді.
Сайлауалды бағдарламасы
Құрметті Өрнек ауылдық округінің тұрғындары, қадірлі сайлаушылар! Мен 15 жылдан аса уақыт мемлекеттік қызметте түрлі лауазымдарда еңбек еттім. Осы аралықта түрлі қызметтердің сатысынан өтіп, көп тәжірибе жинақтадым десем болады. Мен құр сөздің емес, істің адамы екенін көрсеткім келеді. Иә рас. Өрнек ауылдық округі аудан аумағындағы үлкен ауылдық округтердің бірі. Өзге ауылдарға қарағанда, халық саны да едәуір көп. Мен оны жақсы білемін. Дегенмен, Өрнек ауылдық округінің әкімі лауазымына сайланатын болсам, 2025 -2029 жылдарға жоспар да түзіп қойдым. Алдымен, Өрнек ауылына жаңа мәдениет нысаны мен спорт кешенін салуға ықпал етуге бар күш-жігерімді салатын боламын. Өйткені бұл ауылдан өнерімен мұқым елге танылған әншілер де, жұдырығы жуан, білекті де шымыр денелі спортшылар да шыққан. Осы сабақтастық үзілмеуге тиіс. Ол үшін жаңа мәдениет нысаны мен спорт кешені ауадай қажет. Бұл менің сайлауалды бағдарламамдағы негізгі жұмыс жоспарымның бірі болмақ. Одан өзге ауылдық округке қарасты көшелерге сапалы жөндеу жұмыстарын жүргізуге, «Ауыл аманаты» жобасы аясында округ тұрғындарының 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алуына, ауылдық округтегі көшелерге түнгі жарықтандыру жұмыстарын жүргізуге, балалардың сапалы білім алуы үшін округке қарасты елді мекендердегі мектептерді жөндеуден өткізуге, ауылдың қабілетті жастарына қолдау көрсете отырып, олардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына жағдай жасауға тырысатын боламын.
Құрметті Өрнек ауылдық округінің тұрғындары, қадірлі сайлаушылар!
«Әділетті Қазақстанды» мына біз секілді оқу-білімге құштар, көпшіліктің алдында жауапкершілікті сезіне алатын азаматтар құрмақ. Мен өздеріңізге сенемін. 18 мамырда мені қолдап, дауыс береді деген үміттемін.