Қорағаты ауылдық округінің әкімі лауазымына үміткер Бахытбек Жақсымбетұлы Аблазимовтың өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасы

47 Views

Қорағаты ауылдық округінің әкімі лауазымына үміткер
Бахытбек Жақсымбетұлы Аблазимовтың өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасы

Өмірбаяны

Бахытбек Жақсым­бетұлы Аблазимов 1963 жылдың 22 қазанында Қорағаты ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы бұрынғы КазПИ, қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «Тарих және қоғамтану» мамандығы бойынша бітірген. Білімі – жоғары.
Еңбек жолын 1981 жылы «Қорағаты» совхозында қарапайым жұмысшы болып бастаған. 1984-1995 жылдары Қорағаты орта мектебінде мұғалім болып жұмыс жасаған. 1995-1997 жылдары Қорағаты ауылдық округінің әкімі, 1997-2000 жылдары Қорағаты ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып қызмет істеген. 2000 жылы Қорағаты орта мектебінің директоры, 2000-2013 жылдары мемлекеттік қызметте жұмыс жасап, Қорағаты ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болды. 2013 жылдан бастап, Қорағаты ауылдық округінің әкімі лауазымына сайланып, абыроймен қызмет атқарып келеді.
Отбасылы. 2 ұл, 2 қызы бар.
Сайлауалды бағдарламасы
Құрметті Қорағаты ауылдық округінің тұрғындары! Мен Қорағаты ауылында туып, өстім. Еңбек жолын 1980 жылы «Қорағаты» совхозында қарапайым жұмысшы болып бастап, түрлі қызметтің сатыларынан өттім. Мен бұған дейін де ауыл әкімі болдым. Жасаған тірліктерімнің барлығын өздеріңіз білесіздер. Қазір шүкір, ауылымыздың жағдайы жақсы. Ауылішілік жолдар асфальтталып, көшелерге жарықшамдар да орнатылуда. 2000-шы жылдарда ауылымыз қандай еді? Қазір қандай? Салыстырмалы түрде өзгеріс көп. Ауылымызда газ жоқ еді, ол да келді. Қорағаты станциясында жаңа медициналық пункт салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Ауылда жаңа мешіт те салынды. Жұмыс бұнымен тоқтамақ емес. Ауылымыз бұдан да көрікті болуға лайық. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен ауылдарға жіті көңіл аударылып отыр. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, ауыл тұрғындарының өз бетінше еңбек етуіне, отбасылық кәсіппен айналысуына ықпал ету жоспарымда бар. Округке қарасты Аққайнар елді мекеніндегі Жамбыл көшесіне асфальт, Тойқұдық ауылындағы орталық жолға шағал тас, Мамыртөбе ауылындағы Шілік көшесін асфальттауға, Тойқұдық, Мамыртөбе елді мекендеріндегі Шілік пен Тұрар Рысқұлов көшелерін жарықтандыру мәселесін мен жақсы білемін. Осы жұмыстардың оңды шешілуіне қолымнан келгенше ықпал етсем деймін. Қорағаты станциясына газ құбырын тарту, осы станцияға баратын 1,2 шақырым жолға және көшеішілік жолдарға асфальт төсеу жұмыстарына да ықпал ету негізгі межемнің бірі болмақ. Қорағаты ауылына да жаңа спорт кешені ауадай қажет. Бұл мәселені де мен жақсы білемін. Мені қолдасаңыздар, осы мәселелерді шешуге қолымнан келгенше атсалысар едім. Мен әрқашан көпшілікпен біргемін. Ауыл жастарына әрқашан қолдау көрсетуге, аз қамтылған, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға әрқашан қолымнан келгенше демеу болуға тырысатын боламын.
18 мамыр күні сайлау учаскесіне келіп, дауысыңызды беріңіз. Таңдау – өз еркіңізде!

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий