Қариясын сыйлаған ел азбайды
Қариясын сыйлаған ел азбайды
Қазақ қашанда үлкеніне құрметін аямай, қамқорлық пен ізеттілігін көрсеткен халық. Бір сөзбен айтқанда, «Қариясын қадірлеп, ардагерлерін ардақтаған ұрпақ!». Бұл халқымызға тән тағылымы мол қасиеттердің бірі.
Өткен аптада жаңа жыл мерекесіне байланысты «Алтын сарай» той кешенінде үлкен мерекелік кеш өтті. Дәл осы керемет кеште жоғарыда атап өткен үлкендерді үлгі тұта алатынымызды тағы да бір дәлелдей алдық. Жылдағы дәстүрге сай өткізіліп жүрген жиынға ауданның ҰОС ардагерлері, «Құрметті азаматтары», бұрындары аудан тізгінін ұстаған басшылар мен елдімекеннің дамуына үлес қосып, әр салада қажырлы еңбек еткен жандар көптеп жиналды. Берекелі бас қосудың басты мақсаты – аудандағы ардагерлерге құрмет көрсетіп, мереке қарсаңында бірнеше азаматтарды марапаттау болатын.
Шарапаты мол шарада алғашқы сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов пен аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаевқа берілді.
«2018 жыл біздің аудан үшін қолайлы жыл болды десек артық айтқандығымыз емес. Себебі, аудан 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Көптеген нысандар бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Келер жылы жоспарымызға сәйкес көптеген ауқымды жұмыстарды басты назарға алып отырмыз. Бұл іргелі істер сіздер мен біздердің ұйымшылдығымыз бен ауызбіршілігіміздің арқасында атқарылып жатқан жұмыстар деп білемін. Сондықтан, Сіздерге де шын ниетпен алғыс айтқымыз келеді» — деп аудан әкімінің орынбасары жиылған жұртты мерекемен құттықтады.
Кешке келген көпшілікке ізгі тілектерін арнаған мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаевтың құттықтау сөзінен кейін, ҰОС ардагері Асаубай Сүлейменовқа «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі табыс етілді.
Мерекелік кеш барысында өзге де ауданның құрметті азаматтары сөз сөйлеп, аудан көлемінде атқарылған істерге оң баға берілді. Жиын соңы аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары даярлаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.