Өнерге қанат қаққандар

50 Views

Көктемнің шуағымен бірге мектептерде соңғы қоңырау үні естілетін мезгіл де келіп жетті. 2025 жылдың 20 мамырында Көкдөнен ауылдық мәдениет үйінде «Өнер» мектебінің ерекше, әсерлі соңғы қоңырау рәсімі өтті. «Өнер» мектебінің көркемөнер, қолөнер, сахна, работотехника, вокал, домбыра бөлімдерінде 4 жыл оқып білім алған 105 мектеп бітіруші түлек бар.
2024-2025 оқу жылында «Өнер» мектебінің оқушылары аудандық байқаудан 28, облыстық байқаудан 30, республикалық байқаудан 81 жүлделі орындарға ие болды.
Бұл күн – түлектер үшін қосымша толғанысты күн. Себебі олар тек білім ғана емес, өнердің әр қырын меңгеріп, сахналық шеберлік, сурет, музыка, би сынды бағыттарда өзін-өзі танытты.
Салтанатты жиын концерттік бағдарлама түрінде ұйымдастырылды. Ән мен күйге, би мен өлеңге толы кеш көрерменнің жүрегінен орын алды. Аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Самылтыров, «Өнер» мектебінің директоры Бақытжан Утебаев, Көкдөнен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрбоз Ағыбаев мектеп бітіруші түлектерге жүрекжарды тілектерін білдіріп, шәкірттерге сәт-сапар тіледі. Әрбір мектеп бітіруші түлектерге куәлік пен аудандық, облыстық, республикалық дипломдар табыс етілді. Сонымен қатар биіктен көрініп жүрген ұлағатты ұстаздарымыз аудандық білім бөлімінің және «Өнер» мектебі директорының алғыс хаттарымен марапатталды.
Бұл күн – ата-ана, ұстаз және шәкірттер үшін ерекше есте қаларлық күн болды. Бүгінгі біздің мектеп бітіруші түлектер әуенмен сыр шерткен, домбырада күйді күмбірлеткен, қылқалам мен сұлулықты бейнелеген, өмірді сахнамен өрнектеген өнерлі шәкірттер. Өнер жолына қадам басқан жас түлектерге шабыттарыңыз шалқып, қиялдарыңыз қанаттансын. Жарық жұлдыздай жарқырап, болашақтарыңыз жарқын болсын демекпіз.

Бағила Досмаилова,
«Өнер» мектебінің кітапханашысы.

Поделиться ссылкой: