Мектебім, саған мың алғыс!

129 Views

«Сұр көйлек, ақ фартукпенен,
Келуші еді қыздар сәніміз.
Ақ көйлек, қызыл галстук,
Жарасушы едік бәріміз.
Бой жеткен қайда шашына,
Ақ бантик жүрген тағынып.
Әке болсақ та әр үйде,
Сендерді жүрміз сағынып».
Міне, бірге оқыған сыныптастар мен мектепке деген сағыныш сезімі осы екі шумақ маржан сөзден құралған өлең мәтінінің құрылысында әдіптеліп тұр. Мейлі, 10, 20, 30, 40, тіпті 50 жыл өтсе де, тарыдай боп кіріп, таудай болып шыққан алтын ұя мектебіңді қалай ғана ұмытарсың! Ұмытпайсың, әрине. Өйткені, ол – ностальгия! Сол қызықты сәттер еске түскенде күлеміз, әзілдейміз, кейде мұңаямыз. Адам сол үшін де адам.
Өткен сенбіде Рахым Сәбденов ауылындағы Ақбұлақ орта мектебінде «Мектебім, саған мың алғыс» деген тақырыпта мектеп бітіруші түлектердің салтанатты іс-шарасы өтіп, оған аудан әкімі Ернар Есіркепов арнайы барып қатысты. Ақбұлақ орта мектебінің оқушылары көптеген аудандық, облыстық, республикалық байқауларда оза шауып, дараланып жүр. Ол әрине Шарапат Бабашева басшылық етіп отырған мектеп ұжымындағы ұлағатты ұстаздардың еселі еңбегінің арқасы. Мектеп ұжымы да бұл салтанатты шараға жақсы дайындалыпты. Сценарилері де жұп-жұмыр. Салтанатты шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Ернар Есіркепов:
– Мұғалім деген мәртебелі мамандыққа құрмет ерекше. Қазір қарап отырсақ, мұғалімге де, оқушыға да барлық мүмкіндік жасалған. Алғаш мектепке барған сәтте «А» деп әріп үйретіп, жүрек көзімізді ашқан, көптеген тағылымды дүниелер айтып, тұлғалық болмысымызды қалыптастырған ұлағатты ұстаздар қауымына шексіз алғыс айтқым келеді. Ал бүгін мектеп табалдырығын бітіргелі отырған жас түлектерге айтарым, әрдайым жолдарың ашық болсын. Дендерің сау болсын. Елімізде тек қана бейбітшілік орнасын. Біздің болашағымыз – сіздерсіздер. Аман болыңыздар. Қайда жүрсеңіздер де еліміздің абыройын асқақтатып, беделін биіктетіп жүріңіздер, – деді.
Бұдан соң мектеп оқушыларынан құралған биші қыздар би билеп, әндер айтылды. Жас түлектер ортаға шығып, вальс биледі. Салтанатты шарада Ақбұлақ орта мектебінің директоры Шарапат Бабашева да ізгі тілегін білдірді. Одан бөлек шараға арнайы шақырылған қонақтар да ақжарма тілектерін айтты. Осыдан 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер де алтын ұя мектептеріне келіп, өздерінің сый-сыяпатын жасады. Жалпы, Ақбұлақ орта мектебінің 20 жылдық түлектері өзгелерден озды. Біз ол туралы кейінірек арнайы мақала жазатын боламыз.
Қош. Сонымен жұрт асыға күткен соңғы қоңырау үні де естілді. Бұл дегеніңіз – тағы бір жылдың мектеп түлектері үлкен өмірге қадам басты деген сөз. Іс-шара соңында салтанатты шараға қатысқан қонақтар, мектеп ұжымы мен мектеп бітіруші түлектер аудан әкімі Ернар Есіркеповпен бірге естелік суретке түсті.
Биыл аудан бойынша мектепті 859 түлек тәмамдап отыр. Дәл осы күні барлық ауылдардағы мектептерде дәл осындай мектеп бітіруші түлектердің салтанатты іс-шарасы өтіп, соңғы қоңырау үні соғылды.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: