Аудан әкімі бірқатар нысандарды аралады

100 Views

Қазіргі таңда Рахым Сәбденов ауылында ауыз су жүйесі жүргізілуде. Аталмыш нысанмен жақын танысу үшін өткен аптада аудан әкімі Ернар Есіркепов құрылыс нысанына барды.

Жүргізіліп жатқан жұмыстарға зер салып, жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Айта кету керек, Рахым Сәбденов ауылына ауыз су жүйесін жүргізу үшін 982 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Дәлірек айтсақ, республикалық бюджеттен 280,0 миллион теңге бөлінсе, облыстық бюджеттен 159,4 миллион теңге қарастырылған. Нәтижесінде «ТаразСтрой – 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 439,4 миллион теңгеге келісім- шарт жасалған. Ең маңыздысы жобаны толық аяқтап шығу үшін арнаулы мемлекеттік қордан 542,6 миллион теңге көлемінде тағы да қосымша қаржы бөлініп отыр. Бұл қордың қаражаты елге қайтарылған заңсыз активтерден қалыптасып отырғанын да айта кетейік. Қайтарылған активтер ел болашағына жасалған инвестиция.
Инвестиция демекші, тұрғындарды дәл осындай қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін ең алдымен инвест жобалардың санын арттыру керек. Бұл бағытта да аудан әкімдігі аянып қалған жоқ. Біршама жобалар қолға алынып, түскен салық көлемі арта түсуде. Аудан басшысы Ернар Серікәліұлы іссапар барысында жуырда өз жұмысын бастайтын бірқатар инвестициялық жобалармен де танысты. Соның бірі тамшылатып суару құралдарын шығаратын өндіріс ошағы. Түркияның «IPIVOD» компаниясымен жергілікті кәсіпкерлер бірігіп, тамшылатып суару құрыл­ғы­ларын өндірмек. Осылайша, олар ауыл шаруа­шылығын дамытуға саладағы жұмыс күшін азайтуға мүмкіндік туғызбақ ниетте. Жобаның жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі уақытта құны 200 миллион теңге тұратын зауыттың негізгі қондырғылары кедендік рәсімдеуден өтіп, бұрынғы механикалық жөндеу зауытына орналастырылуда. Бұрын-соңды ауданда премиум класста жанар-жағармай құю бекеті де болмағаны баршамызға белгілі. Бұл мәселе де жуық арада түбегейлі шешілмек. Жеке кәсіпкер ауданға брендтік жанар-жағармай құю бекетін салып, жуық арада іске қоспақ ниетте. Аудан әкімі Ернар Есіркепов қос бірдей инвест жобамен танысып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Жәнібек Базылбек.

Поделиться ссылкой: