Өлеңі – өмірі
27 ViewsАстанадан, облыс орталығынан шалғай ауылда тұрап-ақ, адам баласының рухани күшінің қайыспас қайсарлығын танытып, күйкі тірліктің шаңына көмілмей, көкірегінде тулап жатқан шалқар ойды өлеңмен өрнектеп…
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Құлан ауылындағы «Бұқаралық іс-шараларды өткізу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Бақытты балалар – бақытты ел» деген тақырыпта ілкімді іс-шара өтті.
Ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған мерекелік шара аудандық білім бөліміне қарасты «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ-сі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өтті. Осы арада аудандық білім бөліміне қарасты «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ-сі қызметкерлерінің бұл іс-шараға бар ынта-шынтасымен дайындалып, жақсы ұйымдастыра білгенін айта кету керек. Шараға аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ерлік Тоғанбайұлы өз сөзінде ерекше білімді қажет ететін балаларға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатқанын тіле тиек етіп, бұл мереке біздің елде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде де тойланатынын сөз етті. Одан кейін аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Айнұр Баймұратова мен «Ақжүніс» аналарды қолдау орталығының төрайымы Жанат Дәулеталиева құттықтау сөз сөйлеп, ерекше білімді қажет ететін балалардың ата-аналарын атаулы мерекемен құттықтады.
Дәл осындай іс-шара жыл сайын ұйымдастырылады. Оны біз көріп жүрміз. Ұйымдастырушылар биылғы шараны өзгеше форматта өткізуді жөн көріпті. Яғни, жылдағыдай ерекше білімді қажет ететін балалар арасында емес, биыл олардың ата-аналары арасында спорттық жарыс өткізуді жоспарлаған екен. Қаталеспесек, былтыр да осылай өткен. Осылайша ата-аналар топ-топқа бөлініп, спорттық жарысқа түсті. Эстафеталық жарыс өте тартысқа толы болды. Жарыс нәтижесінің қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды «Шабыт» командасы, жүлделі екінші орынды «Бүркіт» командасы иеленсе, жүлделі бірінші орынды «Қыран» командасы жеңіп алды. Командаларға аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі атынан грамоталар мен сыйлықтар табыс етілді. Одан өзге де «Аманат» партиясы Тұрар Рысқұлов аудандық филиалы, аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті, аудандық «Зорлық-зомбылық» орталығы, «Бұқаралық іс-шараларды дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және Құлан ауылдық округі әкімі аппаратының демеушілігімен ерекше білімді қажет ететін балаларға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Бұдан соң іс-шараға қатысқан барлық ерекше білімді қажет ететін балаларға балмұздақ үлестірілді.
Марат Диханбай.