Өлеңі – өмірі
27 ViewsАстанадан, облыс орталығынан шалғай ауылда тұрап-ақ, адам баласының рухани күшінің қайыспас қайсарлығын танытып, күйкі тірліктің шаңына көмілмей, көкірегінде тулап жатқан шалқар ойды өлеңмен өрнектеп…
Домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес. Бұл – қазақ үшін бір тұтас әлем, шексіз ғалам, баға жетпес құндылық. Соңғы кездері осы бір ұлттық аспапты кеңінен дәріптеу мақсатында көптеген шаралар ұйымдастырылып жүр. Солардың бірі – Ұлттық домбыра күні. Аталмыш мереке ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 12 шілдедегі №699 Жарлығымен белгіленген болатын.
Мақаланы жазбас бұрын екі шекті аспапта орындалған «Көңіл толқыны» атты күйді мұқият тыңдап шықтым. Керемет! Ғажап! Ғаламат туынды.
Тыңдасаң, сөзсіз таңғажайып әсерге бөленесің. Көзіңді жұмсаң болды, сенімді серігіне айналған қара құнанын ерттеген қазақ жігітін, жайма шуақ күнде қолына батпырауық ұстап, жотаға қарай жүгіріп бара жатқан бүлдіршінді, орманды жортып, жемтігін іздеген жыртқыш жануарды, көкте қалықтап, кең далаға көз тастаған қыран құсты, хор қызындай сұлудың жібек матадан тігілген көйлегімен ойнаған салқын самал желді еріксіз елестетесің. Иә, көңіл-күйдің сан алуан түрі домбыраның әуезді әуені арқылы беріліп жатқанына кейде сенбей де қаласың. Бірақ, бұл шынымен де кезінде жыр алыбы – Жамбылдың, күй атасы – Құрманғазының қолынан түспеген домбыра арқылы ойналып жатқан әсем әуен.
«Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс». Бірден айтайын, бұл біздің санадан шыққан сөз емес.
Нақтысын айтқанда, аталмыш оймақтай ой ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тиесілі. Мемлекет басшысы бүгінде домбыра бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін теңдесі жоқ мәдени мұра саналатынын және рухани жаңғыру жолының негізгі арқауы екенін алға тартады. Сондықтан да, бұл ұлттық аспапты кеңінен насихаттау аса маңызды деп есептейді.
– «Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет. «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай», «Әлқисса» күйлері – ұлттық рухымызды көтеретін таңғажайып туындылар. Домбыраның пернесінен шыққан осы күйлерде халқымыздың терең тарихы бар. Біз атадан балаға аманат болған асыл мұрамызды сақтап, қадір тұтуымыз қажет» – деген Президент төрде тұрған төл аспапты сол тұғырдан түсірмеуге шақырады.
Расымен де, біздің бала кезімізде қай үйге барсаң да, қазақтың қара домбырасы ілулі тұратын. Онымен күй шертіліп, тым құрығанда ауылдың алты ауызы сүйемелденетін. Сондай-ақ, ата мен бала арасындағы қарым-қатынас та осы домбыра арқылы әдемі жалғасын тауып жататын. Ал, дәл қазір мұндай көріністерді әрбір шаңырақтан көру мүмкін емес. Бұл ретте «Ол үшін не істеу керек?», «Олқылықтың орнын толтыратын жол бар ма?» деген сауалдар туындайды. Меніңше, оның өзіндік жолы бар. Ол – оңай әрі қарапайым. Біріншіден, мүмкіндік болса бірден домбыра сатып алып, төріңізге іліңіз. Бұл бастамаңыз өз ұрпағыңыздың санасына ұлттық кодты сіңдіруге, тәрбие беру бағытында дұрыс баланс сақтауға үлкен үлес қосатынына кәміл сенімдімін. Екіншіден, ұлттық арналардан домбыраға қатысты дүниелер кеңінен насихатталуы тиіс. Әр түрлі бағыттағы бағдарламалар көрсетіліп, домбыраға қатысты дүбірлі додалар көптеп ұйымдастырылғаны абзал. Бұл көгілдір жәшік алдында отырған әрбір адамды ұлт аспабын сүюге, құрметтеуге үйретеді деп ойлаймын. Үшіншіден, домбыраны бес саусағындай мықты білетін жандардың басын қосып, шет елдерде өнер көрсетуге мүмкіндікті молынан беру керек. Бұл тұста мықтап қолдау білдіру – аса маңызды. Репертуар тізіміне әлемдік хиттерді кіргізіп, оларды домбырамен орындаса, тек қазақ халқының ғана емес, әлем елдерінің де домбыраға деген ықыласы артар ма еді?! Кім білсін? Бұл күмәнді сауалдың жауабын әрекет еткен жағдайда ғана біле алатынымыз айдан анық.
Ұлттық кодымыз деп бағаланған аспапты атадан қалған игі мұра ретінде әрдайым қадір тұту – бүгінгі ұрпақтың басты міндеті. Сондықтан аталмыш аспапты меңгеруді әркім өзінен бастағаны абзал. Тым құрығанда төрімізде тұрған аспаппен бір күй орындай алсақ, онда «қазақ пен домбыра – егіз ұғым» екенін дәлелдей алғанымыз. Ендеше этномәдениетіміздің темірқазығына айналған домбыраны биік ұстай білейік, ағайын!
Жәнібек БАЗЫЛБЕК.