Қырық жылдан кейін «Құлан медиа» қауыштырған Тағдырлар

24 Views

Ақпарат – жай ғана дерек емес, ол кейде шын тағдырға айналуы бек мүмкін. Қадірлі оқырман! Бұл сөздерді әсірелеу деп қабылдамаңыз. Шынтуайтына келгенде, бұл – аудандық «Құлан медиа» орталығының күнделікті жұмысынан алынған шын оқиға.

«Құлан медиа» орталығы – жай ғана ақпарат тарататын орын емес. Бұл – жан мен жанды байланыстыратын, жүрекке жеткен сөздің, шынайы сезім мен тағдырды тоғыстыратын мекен. Уақыт пен кеңістіктен аттап өтіп, адамдарды табыстырып, бауыр мен бала арасын жалғаған бұл орталық – шексіз мүмкіндіктер мекені.
Бүгінде «Құлан медиа» парақша­ларын тек Қазақстанда ғана емес, алыстағы Америка, Англия, Оңтүстік Корея сынды алпауыт елдер мен көршілес Азия мемлекеттеріндегі жерлестеріміз де тұрақты оқып, тама­шалап отырады. Оған олардың алыстан жолдаған сәлемхаттары айқын дәлел. Бұл – орталықтың ақпарат тарату ғана емес, сенім мен сағыныштың да көпіріне айналғанын білдіреді.
Жуырда «Құлан медиа» орталы­ғының жұмыс нөміріне беймәлім бір аудио хабарлама келіп түсті. Арғы жағынан толқып, үні дірілдеген әйел адамның дауысы естілді. Бұл – Анар Игенбаева еді… Ол бала күнінен әкесін білмеген. Жылдар бойы іште жиналған сағыныш пен үміттің соңғы талшығын ұстаған күйі Анар ханым біздің орта­лыққа жүгінді. Аудиода:
– Кеш жазып жатқаныма кешірім сұраймын. 1984 жылы әкем мен анам шаңырақ көтерген екен. Тағдырдың жазуына байланысты бір жылдан кейін-ақ аралары ажыраған. Мен әкем­ді мүлдем көрмеппін. 33 жасымда анам өмірден озды. Ол кісіден мен әкем туралы ешнәрсе сұрамаппын. Сондағы мақсатым – анамның жүре­гін жаралап алмау. Әкем туралы білетінім аз. Білуімше, ол сіздердің аудандарыңыздан. Ол кісіні мен ХҚКО арқылы да іздеп көрдім. Бірақ, таба алмадым. Ендігі бар үмітім – сіздерде, – деп, әкесінің аты-жөнімен бөлісті.
Кері байланыс бөліміндегі мамандар бұл үнді жай ғана шағым немесе сұрақ ретінде қабылдаған жоқ. Әр адамның тағдырына бей-жай қарамайтын команда бірден іске кірісіп, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімімен бірлесе отырып, іздестіру жұмыстарын бастады.
Арада екі-үш күн өткенде, әкесі та­былды. Оған Жаңа­тұрмыс ауылдық округінің әкімі Рүстем Қырықбаевтың көп көмегі тиді. Бірақ, өкінішке қарай, Анар Игенбаеваның іздеген әкесі бұл өмірде жоқ екен.
Қаралы хабарды жеткізу – оңай шаруа емес. Бұл тұста «Құлан медиа» қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен адами қарым-қатынасы үлкен рөл атқарды. Олар бұл жаңалықты барынша байыппен жеткізіп, Анар ханымның жан-жарасын түсінуге тырысты. Ал Анар Игенбаева өз кезегінде медиа мамандарына жүрекжарды алғысын білдірді:
– Ең бастысы – мен іздеген жан табылды. Өкініштісі – кеш. Бірақ мен оны таптым. Жаным тынышталды. Сіздерге үлкен рақмет! Әкемнің бұл өмірде жоқтығын сезетінмін. Соны байыппен жеткізгендеріңіз үшін де шексіз алғысымды білдіремін. Жуық арада барып, әкемнің ауылы Жаңа­тұрмыста тұратын бауырларыммен қауышатын боламын, – деді ол.
40 жылдан кейінгі қауышу уақыты да ұзаққа созылған жоқ. Тағдыр­дың тылсым бұралаңдары кейде таңғал­дырады емес пе? Әкесі өмірден өтсе де, сол кісінің бауыры – Ұзан ақсақал бастаған әулет Анармен тығыз байланыс орнатып, оны қонаққа шақырды.
Кездесетін күнде жетті. Қос тарап сағыныса, мейірлене қауышты…
– Бауырымның қызы алыстан іздеп келгенін естігенде жүрегім езіліп кетті. Бауыр – өте қымбат сөз. Ол туыстықты ғана емес, ішкі жандық жақындықты да білдіреді. Біз енді бір-бірімізге бөтен емеспіз. Бауырымның қызын тауып бергендеріңізге көп рақмет. Алғыстан басқа айтарым жоқ. Жұмыстарыңыз алға баса берсін, – деп Ұзан ақсақал батасын берді.
Бұл кездесу – биологиялық емес, рухани қауышудың нақ көрінісі. Анар Игенбаеваның балалық шақтан бергі сағынышы ақыры бір қуанышқа ұласты.
Жалпы әр ақпараттың артында адам тағдыры тұрады. «Құлан медиа» мамандары үшін бұл бір жай ғана оқиға емес. Бұл – біздің күнделікті жұмысымыз бен қызметіміздің маңызын тағы бір дәлелдеген сәт. Бұл – «ақпарат» деп аталатын дүниенің артында адам өмірі, жан сағынышы, жүрек үнінің жатқанын көрсететін нағыз мысал.
Журналистика – тек жаңалық тарату емес. Бұл – жүректерді жалғайтын алтын көпір. «Құлан медиа» орталығы дәл осы жолда өз миссиясын абыроймен атқарып келеді деп толық айтуға болады. Көзі қырағы оқырман! Жүрекке жылулық сыйлайтын дәл осындай жаңалықтар көп болсын!
Жәнібек БАЗЫЛБЕК,
аудандық «Құлан медиа» ақпараттық орталығының директоры.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий