Еңбектің қадірін еңбек еткен ғана біледі

225 Views

Газет жұмысы қызық қой. Көптеген адам­дар­мен тілдесесің, пікірлесесің. Әр адамның бойынан жақсы қасиеттер алып қалуға тырысасың. Шындап келгенде, адамдар да әрқилы болып келеді. Біреулер «сіз» деп қиылып сөйлейді, біреулер қатырған түгі жоқ, бірақ өздерінен басқа жер бетінде керемет жан жоқ секілді мақтанып сөйлейді.
Жасыратыны жоқ, кейбіреулер «күшке салып», телефон шалдыртып, қазір оқысаң, сол мезетте ұмытып қалатын жазбаларын шығарғысы келеді. «Жүре берсең, көре бересің» деген рас екен. Кейбірінің бетіне айтып, «жексұрын» да болған кезіміз бар. Дегенмен, адамдар әрқилы дедік қой әуелгіде. Жақсы адамдар да бар бұл өмірде. Ол болу керек те. Дүние тұтас ойы арам, ниеті түзу емес адамдарға толып кетсе, ол да әділетсіздік болар еді. Сондықтан, өз басым жақсы адамдардың барына сенемін және ондай адамдарды мына қалтарыс-бұлтарысы көп, қарбалас тіршілікте көріп те жүрмін.
Мәселен, ешкімге зияны жоқ, өтірік айтпайтын, жұмысына адал, әркез адам баласына жақсылық ойлап жүретін өзім білетін бір жан бар. Ол — Көпбаев Қадыржан есімді ағамыз.
Кейіпкеріміз Қарақат ауылында дүниеге келген. 1979 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепті тәмамдап, 1980 жылы аудандық газ шаруашылығы мекемесіне (Райгаз) көлік жүргізушісі болып жұмысқа орналасқан. Ол осы мекемеде ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, құрметке бөленді. Екі жылдай СЭС-те, яғни аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында да қызмет атқарған. Қазіргі уақытта Қадыржан ағамыз «ҚазТрансГаз Өнімдері» акционерлік қоғамының Жамбыл облыстық филиалы Тұрар Рысқұлов аудандық бөлімшесінде көлік жүргізуші болып жұмыс істейді.
Көпбаев Қадыржан ағамыздың жалпы еңбек өтілі – 45 жыл. Осынша жыл еңбек еткен адамнан «Жұмыстағы басты құндылық не?» деп сұрамаймыз ба? Сонда не дейді десеңізші ол кісі? Әрине, жауапкершілікті атады. Әр адам жауапкершіліктің қадірін біліп еңбек етсе, дұрыс қой. Дәл Қадыржан ағамыз сияқты. Әсіресе, жастарымыз осыны мықтап түсінсе екен.
Шілде айының 12-сі күні Көпбаев Қадыржан ағамыз 63 жасқа толады. Ұзақ жылдар бойы өз жұмысын адал істеп, қарапайымдылығымен көпке үлгі болған Қадыржан ағамызды зейнет жасына келуімен шын жүректен құттықтаймыз. Ол осындай мақтау сөздерге лайық азамат. Өзі көптеген марапаттарға да ие болған. Атап айтқанда, ауданның «Құрметті ардагері» белгісін иеленген.
Қадыржан ағамыздың аяулы жары Қымбаткүл әпкеміз де мектепте лаборант болып жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Олар өздері тәрбиелеп өсірген 2 ұл, 2 қызынан 11 немере сүйіп отыр. Екеуі де Қарақат дейтін аядай ғана ауылға сыйлы жандар. Қадыржан ағамыз секілді қарапайым еңбек адамдарының да еңбегі бағалануы керек. Бұл мақаланы жазарда өзім осы ұғымды басты назарға алдым. Және сонымды дұрыс деп санаймын.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: