САБАҚТАСТЫҚ – табысты, өнегелі еңбек жолының арқауы

7 Views

Өткен – тарих, бүгінің – тәжірибе,
ертеңің – жоспар мен арман. Жалпы
қоғамдық құрылымның сипаты осылай
сабақтасады. Ал ұрпақтар сабақтастығы
сақталған қоғам – саналы қоғам.
Адам факторымен сабақтастырсақ,
бұл формула былай өріледі: алдыңғы
толқын ағалар, орта буын, жастар.
Экономиканың әр саласындағы еңбек өнімділігінің өзегі осы күште
жатыр. Алдыңғысы, яғни сала ардагерлері – ұстаз, тәлімгер, орта буын –
жалғастырушы, жас ұрпақ – сол ортаның
болашағы. Бір сөзбен айтқанда, кез
келген саланың алтын жүлгесі осы үш
буын. Атаулы күндердің ішінде «Еңбек
күні», «Қарттар күні» мен Ұстаздар
күнінің бірінен кейін бірі қатар келуі –
жай кездейсоқтық емес. Бұл – тәлім мен
тәрбиенің, өнегенің өзара сабақтастығы.
Аталған үш мерекеге орай, «Мамандыққа – адалдық» атты мерекелік іс шара ұйымдастырар кезде аудандық
білім қызметкерлерінің кәсіподақ
ұйымы – қоғамдық құрылымның осы
формуласын негізге алдық. Кезекті,
есепті мерекелік кештің бірі емес,
өнегесі мен өзектестігін сабақтастыруға
ұмтылдық.
Құлан ауылындағы №1 мектеп-лицейде өткен «Мамандыққа адалдық»
атты іс-шараға аудандық білім бөлімінің алдыңғы буын ұстаздары мен олардың
ізбасарлары, еңбек жолын осы жолдан
бастап, қазірде әр салада қызмет атқарып жүрген шәкірттерді, бірнеше буын
ұрпағы мұғалімдік жолды жалғап келе
жатқан педагогтар әулеттерін, еңбек
адамдары және жастарды шақырдық.
Мақсат – адал еңбек қағидатын үлгі
ету. Аға буынның өнегелі тәжірибесімен
бөлісу, орта буын алдыңғы толқынның
мықты мектебінің үлгісін лайықты
жалғастырып келе жатқанын, ал жастарға жол көрсету. Кештің өзі бірнеше
кезеңнен тұрды. Әр бөлімге өтудегі
сахналық әдіс-тәсілдер өз үйлесімін
тапты.
Алдымен сала ардагерлерінің
адал еңбек жолы кездесудегі жылы
сұхбаттың арқауы болды. Т.Рысқұлов
ауданының ғана емес, жалпы отандық білім саласына еңбегі сіңген зейнеткер
ұстаздар, тәлімгерлер Е.Мұхтарова,
К.Нұрғасқаева, Т.Естемесовалардың
айтқан есті естеліктері – өткеннің өнегесі
сала ісін дамытуға әлі де керек екенін
көрсеткендей болды. Кеш жүргізушілері
алдыңғы толқынды келелі әңгіме
айтуға жетелейтін мәнді сұрақтармен
сабақтастырып отырды.
Кештің ең бір ерекше сәттерінің бірі
– бірнеше буын ұрпағы ұстаздық жолды
жалғаған мұғалімдер әулеттерінің
арнайы шақырылғаны. Іс-шарада
Бейсенбаевтар, Қайпулдаевтар,
Өтебаевтар әулеттерінің педагогтық
және өмірлік өнегесі жайлы бейнероликтер көрсетілді. Жүргізушілер
қойған «Ұстаздық жолдың бастауында
кім тұр?», «Сіздің таңдауыңызға
отбасыңыздағы бас ұстаздың ықпалы
қаншалықты болды?» деген сауалдар
қызықты әрі тартымды сұхбаттың өрбуіне жол ашты. Сұрақ-жауап
түріндегі блиц-сұхбаттар, әулеттердің
тарихы қонақтарды жалықтырмай,
ортада кедергісіз кеңістік орнады.
Бұл күннің тағы бір көңіл толқытар
сәттерінің бірі – еңбек жолын жаңа
бастаған, сол жолды кәсіподақ
ұйымымен бірге болуды таңдаған жас
мұғалімдердің мамандыққа адал болуға
ант бергені. Жастарға ұстаздардың ұстазы Есенкүл Мұхтарова мен кәсіподақ ұйымының ардагері Зауреш
Тойбекова ізгі тілегін арнап, кәсіподақ
билетін және естелік сыйлықтар тапсырды. Көңіл толқытып, санаға жарық
сәулесін дарытқан осы шақ жастардың
есінде ұзағырақ сақталары анық.
Жалпы бұл кештен жастар орта
буыннан алдыңғы толқынды сыйлауды,
өмірлік тәжірибесін бойға сіңіруді
көрді, үйренді. Аға ұрпақ жастардың
жалындап тұрған талабына қызықты,
батасын берді. Бәрі де жарасымды. Ән
де айтылып, естеліктер де өрбіді.
Айнұр БАЙМҰРАТОВА,
Т.Рысқұлов ауданы білім
қызметкерлерінің
кәсіподақ ұйымының
төрайымы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий