Құнсыз адам

128 Views

Абдырап қалған Лоуренс қатты састы, не айтарын білмей қипақтады. Оның тілін жұлып алып ішін жарып қараса да бұл сұрақтың жауабын таба алмайтындығын аңғарған Джонсон терезеден түскен сәулеге шағылысып жарқ ете қалған милығына қол жүгіртіп, селдір сабынымен оны бүркелемеген болды да полковникке бұрылды. Ол өзінен өткен сұраулы пішінмен өкілдің өңменіне тесілді.
– Президенттің данышпандығын дәлелдейтін тағы бip фактор, – деді өкіл даусын сағыздай соза түсіп, – ол соғыс қатерін жер бетінен аластауға тырысып отыр. Яғни, қасиетті капитализм мен сорлы социализмнің арасындағы әскери қақтығысты әуе кеңістігіне шығармақ. Сонда ғана жер беті кесапаттан аман қалады. «Жұлдызды соғыс» программасының мәні осында.
Полковник Эльборт ананың асыра сілтеп бара жатқанын аңдады ма, әйтеуір, өтірік жөткірініп,. тамағын кенеп қойды. Шешенси сөйлеймін деп шекарадан өтіп кете жаздағанын аңғарған Джонсон да отырған орнында бip-екi қопаңдаған болып, – жасасын президент! – деп сөзінің аяғына кісен салды.
Киіктің қыбыр еткен қимылын аңдып отырған аңшыдай Лоуренс болса да оңтайлы сәт осы шығар деп, шөлмекке жармасты. Ыдыстар толтырылған соң үшeyi бip-бipінe үнсіз бас изесті де шартты рефлекспен жаттығып қалған қолдар виски құйылған стақандарды үйреншікті жолмен ауызға қарай апара берді. Лоуренс бұл жолы әдеп сақтап ыдыстың ернеуіне ғана ернін тигізіп, орнына қоя салды. Қырсық шалғанда, ана екeyi шөліркеді ме, кім білсін уәделескендей ыдыстарындағыны сарқып ішті. Мұның екі бетінің ұшы тағы да тыз ете қалды.
– Іске көшелік те, – деді манадан бepi жақ сүйектері жабысып қалтаңдай үнсіз отырған полковник. Денесі қандай жуан болса, оған кереғар, даусы сондай жіңішке екен. Лоуренс бала күнінде зоопаркке барып, мүйізтұмсықты тамашалап тұрып, оның даусы арыстанның ақырғанынан да зор шығар деп ойлаған еді. Бірақ мүйізтұмсық «уөө» деп не маңыраған емес, не мөңіреген емес, нотада жоқ дыбыс шығарғанда қайран болатын. Мына полковниктің даусынан алған әcepi де одан кем болған жоқ.
– Иә, айтпақшы, мистер Лоуренс, сіз жаңа қару ойлап тапты деп естідік пе? – Джонсон қолын милығына апара бepiп, Лоуренске сынай қарады.
– Бұл жаңалықтың Пентагонның аса сыйлы өкілі Джонсонс мырза мен полковник Эльборт мырзаның құлағына жеткеніне өте қуаныштымын, — деді бұл ізет көрсетіп.
– Газетте жарияланған материалда сипатталғанның бәрі де рас қой?
– Рас, мырза, – деді Лоуренс шімірікпестен. Беті бүлк етпеді. Несі бар екен? Шынында мұның Ньютоннан нeci кем? Егер бұл ашқан жаңалық түкке тұрғысыз болса беделі бес батпан, мемлекеттік бюджеттің орасан зор бөлігін қақалмай қарбып жатқан Пентагон ит өлген жерден өз өкілін жібермес еді ғой.
– Ендеше газетке жарнама бергеніңіз бекер болған, — деді өкіл.
– Президент мырзаның ғылыми мәселелер жөніндегі көмекшісі осы штаттың губернаторы Райт мырзаға қатты кейістік білдірді. Мұндай қаруларды көпшіліктің тышқан аулап, құс атуына жаратудың қажеті қанша? Иә, солай. Өзі сынақтан өтті ме?
– Жансыз нысаналарды қарауылға алып көрдім, – деді Лоуренс.
– Есептеулер бойынша, қарудан шыққан сәуле екі-үш мың метр қашықтағы қалыңдығы үш сантиметр темірді тесіп өте алады.
Қонақтар бір-біріне қарасты.
– Көруге болар ма екен? – деп шіңк етті үндемеуден іші кеппей қалай тұрғаны белгісіз полковник.
– Әрине, полковник мырза, мархабат. Мында жүрулеріңізді сұраймын.
Лоуренс мырзаларды жұмыс кабинетіне бастады. Жолда жатын бөлмеден шыға келген қожайынның зайыбын көріп қалған қонақтар шошып кеткен еді. Лоуренс ыңғайсыз жағдайдан оңай құтылды.
– Назар аударыңыздар, мырзалар, – деді ол сыбырлап, – күтуші әйел ғой. Бейшара, ауырып жүр.
Күйеуінің не дегенін миссис естіген жоқ. Сырт-сырт басып бұлардың тұсынан өте берді.
Кабинетке кірген үшеуі сирақты штативке орнатылған сәулелі автоматты айналдыра қалады.
– Батареяға жиналған зарядтың мөлшері қандай, – деп сұрады мүйізтұмсықпен өңештес адам.
– Оқшанайда алты мың нысананы жоқ ете алатын энергия бар, – деді Лоуренс. Әккі полковник мұның нысана дегені адам екендігін айтқызбай-ақ ұқты.
Тамаша! – деді ол сосын риза кейіпте. – Қалай ойлайсыз, мистер Лоуренс,мына қарудың көлемін максимум ұлғайтудың немесе минимум кішірейтудің сәті түсер ме екен?
Лоуренс полковникке таңырқай қарап тұрды да, жалма-жан ол айтқан идеяның етегінен шап беріп ұстай алды.Расында да, оқшантайды неғұрлым ықшамдам кішірейтудің нәтижесінде сәулелі энергиямен атылатын минипистолет жасауға болады ғой! Ғажап идея ! Саудыраған долларды күреп алатын тағы бір табыс көзі ашылды дей бер енді. Мына полковниктің тұмсығында мүйізі болмағанмен қауашығында миы бар екен,деп түйді ол.Аңырайып тұрған апайтөсті сүйіп ала жаздады.Өйткені мемлекеттік әскери бюджет деген бір көл іспетті. Демек, сол көлден бұған қарай тағы бір құлақ ашылды дей бер!
– Әрине, болады полковник мырза,айталық, минипистолет жасауға әбден болады.Оған толық кепілдік бере аламын. Жобасын да сызып қойғанмын.
– Тамаша! – деді тағы да Эльборт. Орталық барлау басқармасының қызметкерлері үшін ың-шыңсыз өлтіретін қарулардың қаншалықты қажеттігін іші ол қулана езу тартты.Мына қару қолға тисе қызылдардың шпиондары өз үйінде шалжиып жатқан жерінде жаны жаһаннамға кететін болады енді, деп ойлады ол.Тіпті қызылдарды былай қойғанда,айтқанға көнбей,айдауға жүрмей тізгінді бұра тартқан талай патриот-сымақтың аяғы аспаннан келеді әлі,деген де ой келді.Кубадағы қабасақал Кастро сан мәрте құрған қақпанға түспей, сытылып шығып кетіп жүр еді, бәлемді енді көреміз.
– Сіз өз отаныңыздың нағыз патриотысыз! – деп көпшілік көпшік қойды Джонсон. Жалпы, ол індегі түлкіні түтін салып індетпей-ақ шығара алатын қу адам еді. Кезінде «Бостандық жолындағы американ жастары» деген реакцияшыл ұйымның белді жетекшілерінің бірі болған, басшы органдарындағы жандармен жиі араласып, қарым-қатынас жасаудың неше амал-айлаларымен танысып сол кездің өзінде сойдақ тісін көрсететін үлгерген зәлім болатын.
Лоуренс оның аяқ астынан көлгірси қалғанын басқаша түсініп, оны қарудың құнын түсіруді мансұқ еткендіктен деп ұқты.
– Мен бұл қаруға ондаған жылдарымды сарп еттім, – деді ол әлі де болса бағаның өз көңіліндегідейболғанын қарап. Қаруды қайда не үшін қолдансада бәрібір. Тек құнын түсірмесе болғаны. Сондықтан құн жайлы әңгіме бола қалса отыз мыңның межесінен төмен түспеуге бекініп, сол үшін қасарысып бағуды ұйғарды.
Алайда Джонсон да, полковник те қарудың бағасы жайлы жұмған аузын ашпады. Өз тарапынан сұрау салуға Лоуренс те батпады.
Олар қайта келіп саяжайдағы орындарына жайғасты. Лоуренс стакандарға виски құйды.
– Бұл штатта вискиден басқа ішімдік жоқ-ау, шамасы-деп Джонсон тағы бір қағытып өтті. Өзінен төменгі шендерді кекетіп-мұқатып, төменшіктетіп отыратын әдеті болса керек. Лоуренс шамданып қалса да онысын сездірмеуге тырысып, өтірік күлген болды.
– Айтпақшы, ұмытып барады екенмін, – деді өкіл мырза, – сізге губернатор Райт мырзаның сәлемін жеткізуге тиіспін. Бүгін Райт мырзаның ұлы жиырма бес жасқа толатын көрінеді. Кешкісін бір қатар зиялылар сонда жиналмақшы. Губернатор сіздің де сол топқа қосылуыңызды өтінеді.
– О, Джонсон мырза, мәртебелі губернатордың қонақтарымен дастархандас болу бақытына ие болғандығыма өте қуаныштымын. Бұл хабарды жеткізген сізге де рахмет! – деді шынымен-ақ шаттықтан жүрегі жарылардай болған Лоуренс. Бағана телефон арқылы байналысқанда губернатордың айтқан сөздері жүрегінің басына қатқан қандай болып беріштеніп қалған еді. Енді сол беріш босаңсып, тоңғағы түскен қозыдай қутыңдап шыға келді.
– Райт мырзаның қаланың шетіндегі вилласын білетін шығарсыз, – деді Джонсон. – Кешкісін сағат сегізде сонда болуыңыз керек. Біз де барамыз.
Полковник өкілге көз қиығын салып қойды. Өйткені ол әңгіменің мән-жайынан хабардар еді. Ертеңгілік осында келе жатып екеуі де губернаторға жолығып шыққан.Әңгіме үстінде Райт мырза ұлының жиырма беске толатындығын айта келіп, егер Лоуренстің қаруы кәдеге жарайтын болса оны кешке қонаққа шақыра келуін өтінген. Оның астарында атышулы инженер-физикті жұрт бірінші рет соның үйінде көрсін деген пиғыл жатқан еді.Әгәркім оның жарнамасы түкке тұрғысыз болып шықса шақырудың не қажеті бар дегенді де құлаққағыс еткен болатын.
– Президент үшін! – деп тост көтерді қуанышын жасыра алмаған Лоуренс.
– Жер бетінен коммунизмді аластайтын қарулар үшін – деді Джонсон. Полковниктің Эльборт өзі үйде ұстайтын австралиялық итінің денсаулығы үшін ішті ме, кім білсін, отты сұйықты үнсіз ғана сіміре салды.
Сыртқа шыққанда қонақтардың машинасының жанындағы тағы бір көкшіл «Леопард» тұр еді. Одан түскен адамды көргенде Лоуренстің көзі шарасынан шыға жаздады. Сұрқия Сайкс! Ол мұнда не бітіріп жүр?!
Сайкс күлімсіреген күйі тез-тез басып келді де қос қонақтың қолын жалбақтай алды. Полковник оны танымайтын болуы керек.Ал джонсон сәл шырамытты ма:
– Сіз әлгі…- дей беріп еді:
– Джон Сайкспын ғой. Осы қаладағы автомобиль бөлшектерімен сауда жасайтын фирманың иесімен, – деп анау қарғаның тұмсығынан түскен ірімшікті қағып алып, түлкінің аузына салғандай болды.
– Ә,иә,иә, енді есіме түсті, – деді өкіл. Сосын Лоуренс бүкіл денесімен бұрылып еді, жылтыр милығы жарқ ете қалды. – Кешке кездескенше, мистер Лоуренс!
Лоуренс оған бас изеп ізет білдірді. «Роллс-ройс» орнынан сырғып жүріп кетті.Не істерін білмей ыржалақтап тұрып қалған Сайксқа Лоуренс табалай қарады. Енді бір үрлесе тарс етіп жарыларға шақ қалған шардай тырсылдаған анау сілт бұрылып машинасына беттеді.
Сол сәт Лоуренстің қауашағына қалбалақтап келіп бір ұшқалақ ой қона қалды. Сәулелі қаруымен Сайкстің жанын жаһаннамға жіберсе қайтеді?! Мұның қаруын әкімшіліктің өзі қолдап, құпия сақтаға жарлық беріп отыр. Демек, Сайксқа келген пәлені бұдан көрмейді. Іздеу-сұрау жасамайды. Тұра тұр, бұдан басқа да күдік туғызбайтын жол бар тәрізді. Егер нысанаға Сайкстың өзін емес, ол мінген машинаның бензин құйған багын алса ше? Табылған ақыл! Ыстылығы үш мың градусқа жететін сығымдалған сәуле бензинді лап еткізіп бірден тұта алады. Жұрттың көзінше машина өзінен-өзі жарылады!
Лоуренс бір уақ Сайкстың машинасымен кетіп бара жатқан тәкәппар кейіпін, кенет машинаның қызыл жалынға оранғанын, аударылып-төңкеріліп көліктің ішіндегі Сайкстың қарманып қалатын дәнеңе таппай жан тапсырғанын ой елегінен өткізді. Қиын түйінді, көкейде жүрген кек алуды оп-оңай шешуге мумкіндік туғанына қатты қуанды. Автомобиль бөлшектерін сатып капитал күреп келген сұрқия жатсын енді сол темір-терсектен ажал тауып!
Мистер бірақ бұл ойын жүзеге асыруды жөн деп таппады.асығып қайтеді. Қаруы қолында тұрған жоқ па. Бүгін губернатор мырзаның вилласына барып қайтуы қажет. Соңғысын көре жатар. Машинадан түспей көшеде көлбеңдеп жүретін Сайкс қарауылға ілеспес деймісің?!
Лоуренсті кешке дейін бір ғана ой мазалады. Майклды қонаққа ала бару керек пе, жоқ па? Тастап кетейін десе жұмыс кабинетінде бүкіл схемасы жатыр. Схема түгілі қарудың өзі де сонда. Қаны бұзық кәпір есікті бұзып кіріп, бір шөлмек ромға бәрін сатып жіберуден тайынбас.
Сайкстен де қауіптенеді. Бұл кеткен соң ұры иттей жалмаң етіп оның жетіп келмесіне кім кепіл?! Ол келсе бітті, Майклды майлы ішектей айналдырады да мұның әйелі ме?Әдірем қалсын! Осыдан авторлық потент алып, қаржыға бөккен соң басқа біреуге үйленбесе болмас.
Ілестіріп ала кетейін десе қайдағы бір қаңғыбасты жанына ертуге намыстанады. Мұны, атақ-даңқы Құрама Штаттарды аралап кетуге шақ тұрған Лоуренсті Райт мырза қонаққа шақырғанда қасына бұралқы иттің күшігіндей ертіп кім қалай бағалайды?
Ақыры бір ойдың ұшынан ұстағандай болды. Итханада шалқасынан түсіп жатқан Майклды шақырып алды да:
– Сен осы машина жүргізе аласынба? – деп сұрады.
– Қалай ойлайсыз, қожайын, – деп ол өзіне қарсы сұрақ қойды.
Күрделі қаруды құрастырған қолдардың машина рөлін бірқалыпты ұстап отыруға икемі келе ме, жоқ па?
Біржола қол үзіп кету туралы қожайынға қабырғалата қойып қалудан тайсақтап жүрген Майкл соңғы кездері өстіп оның қитығына тиетін әдет тапты. Ондағысы күндердің күнінде төзімі таусылған қожайынның өзі-ақ мұны тайлақтай тайраңдатып, үйден қуып шығар деген жымысқы ой еді. Өйткені қожайын атаулының мінездері біркелкі ғой.Суқаны сүймегенді сүмірейте қою қолдарында емес пе.
– Жарайды, – деді мистер бұл жолы да тырнағын ішке бүгіп қалып, онда жолға жинал. Ана тұрған ілгіштегі киімдерді киіп ал. Майкл бір минут кешіксе хан тәжінен айырылып қалатындай болып, әлгі киімдерді бас салды. Қайда барады? Не үшін барады? Қанша уақытқа? Ол жағын ойлап бас қатырып жатпады. Тозаққа барса да әйтеуір, қожайынмен бірге болатындығына сенімді.

 

Поделиться ссылкой: