НҰРГЕРІМ – ТИГУ ректорының грант иегері

1 095 Views

НҰРГЕРІМ – ТИГУ ректорының грант иегері

«Бұл дүниеде шындық дейтін шірімейтін дүние бар» деген өсиетнама қалдырып кеткен ұлтымыздың қабырғалы қаламгері Шерхан Мұртазаның шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Шерхантану» орталығы «Шерхан оқулары» атты облыстық байқау өткізіп келеді. Өткен жылы аталмыш байқау ІІІ мәрте ұйымдастырылып, оған аймақтың оқуда озат атанған кіл жүйрік оқушылары қатысты. «Жұлдызы нұрлы суреткер», «Рух пен намыстың төресі», «Зау тұлға», «Шерхан Мұртазаның мұрасы» сынды 4 кезең бойынша өрбіген «Шерхан оқуларында» Әлихан Бөкейханұлы атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Нұргерім Нұрлан бақ сынап, ТИГУ ректорының грантын жеңіп алды.

Жақында Нұргеріммен әңгімелесіп, пікірін білдік. «Шерхан Мұртаза – менің құлшынып оқитын жазушыларымның бірі. Неге дейсіз ғой. Өйткені, оның әр шығармасынан, айтқан сөздерінен шындықтың көрінісі сезіліп тұрады. Көзі ашық, көкірегі ояу адам оның «Бір кем дүние» кітабынан көп жайтты аңғарады деген ойдамын. «Шерхан оқуларында» мен «Жұлдызы нұрлы суреткер» кезеңі бойынша сынға түстім. Байқау өте тартысқа толы болды деп айта аламын. Оның үстіне, облыстық байқау болған соң барлық үміткерлердің жақсы дайындықпен келетіні анық қой. Әрине, шындықтың шырақшысы болған ШЕРАТАНЫҢ қазасы мұқым қазақтың қабырғасын қайыстырды. Қазақ халқы барда, оның есімі ешқашан ұмытылмайды. «Өткендердің қадірін білу, олардың арман-мүдделерін жалғастыру – адамгершілік парыз ғана емес, азаматтық қарыз» деген сөз бар. Сондықтан Шерхан Мұртазаның тұлғалық болмысын қатарлас замандастарыма дәріптеу – өзімнің азаматтық парызым деп есептеймін» дейді оқушы.

Айта кетейік, Нұргерім Нұрлан бұдан өзге де көптеген байқауларда топ жарып жүрген жас таланттың бірі. Мәселен, ол республикалық «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты байқауда көркемсөз оқу бойынша бас жүлде иеленген. Сондай-ақ, белгілі жазушы Ескен Елубаевтың 75 жылдығына орай ұйымдастырылған «Мен әлемді кітап арқылы танимын» атты облыстық байқауда өзінің мықтылығын дәлелдеп, бас жүлдеге өз есімін жазды. Алғашында №1 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жамал Ермекбаевадан дәріс алған Нұргерім Нұрлан қазіргі таңда Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мәулен Тобықовтың ең алғыр шәкірттерінің бірегейі. Ұстаз бен щәкірт арасындағы шығармашылық потенциясы деп осыны айту керек шығар, сірә.

Ахмет Қамшыбек,

Ш.Уәлиханов атындағы

шағын орталықты орта мектептің

 11-сынып оқушысы.

Поделиться ссылкой: