Есіңе мені алғайсың

864 Views

Есіңе мені алғайсың

Нұр жауып тұрған көктемде,
Гүл тере барсаң бөктерге,
Қоңыраулатқан аспанды
Найзағай шаншып өткенде,
Есіңе мені алғайсың!
М.МАҚАТАЕВ

Әлім жасы қырықтар шамасына келсе де отба­сын құрмаған бойдақ жігіт. Қашан көрсең қолынан қоңыр домбырасын таста­май той-томалақ, үлкенді- кішілі жиындарда әсем де қоңыр үнімен құлақ құрышын қандырып жүрер еді. Әлімсіз бұл ауылда бір де бір қуаныш өтпейтін. Жайшылықта да, жалғыз отырғанда да, мал бағып жүргенінде де қоңыр домбырасына қосылып, ыңылдап үнемі «Есіңе мені алғайсың» әнін айтып оты­рарады. Басқа кезде әнді елдің қалауымен орындаса, өзіне ерік берілгенде, не жападан жалғыз отырғанда «Нұр жа­уып тұрған көктемде…» деп, басын сәл жоғары көтеріп, көздерін жұмып жіберіп, әсем даусымен әуелете жөнеледі.

Соқа басың сопайып қашанғы жалғыз жүресің? Шәй қайнатар бір шүйкебасты жар етіп алмаймысың? — дегендерге:

– Қара домбырам барда, қара қатынды қайтем? Қатын құлақты жейді, ал домбыраның құлағын мен жеймін, — деп әзілге айнал­дырар еді. Расында да, ауыл малын бағып күнелтетін, үнемі ашық-жарқын жүретін, бірсыдырғы әзілі бар Әлімнің неге үйленбей жүргені көпшілікке жұмбақ еді. Ауыл арасында Әлімнің әніне елітіп, жүрегі селт етер бойдақ қыздар да жоқ емес-тін. Жи­ын-тойларда қыз-қырқынмен ашық әзілдескені болмаса, артық ауыз сөз, артық қимыл Әлім тарапынан болмайтын. Бірақ ешкім Әлімнің бар ойы, бар әні Сәнімгүлде екенін білмеуші еді. Әр ән айтқан  сайын қос бұрымды, қиғаш қасты Сәнімгүлдің наздана қараған бейнесі көз алдында көлбеңдеп тұра қалатын. Әлім сол бейнені көру үшін де ән са­латын. Әсіресе, жауын жауып тұрғанда сол үйреншікті әнін айтпай қоймас еді. Ауыл ара­сында бұл ән — «Әлімнің әні» аталып кеткен.

Бүгін де Әлім әдетінше таң қылаң бере қоңыр домбырасын құшақтап, домбырадан кейінгі жан серігі − ақ тұлпарына мініп, ауыл малын айдап тау жаққа беттеген. Таңғы ауадан салқын леп білінбей біртүрлі жылымшып тұрғанына қарап, «бүгін күн жанатын болды-ау» деп болжап қойды. Айтқандай- ақ түс ауар-аумастан күн қатты ысып кетті. Айнала бұлыңғыр сағым. Сол сағым ара­сынан сондайдан Сәнімгүл ақ көйлегі желбіреп бұған қарап тұр. Бұл оған қарап жас бала­ша қуанып кетіп қолын жоғары көтеріп бұлғап: «Сәәәнііім, Сә-ә-ніім, Сәнім, бері кел!» деп қарсы жүгіре айғайлайды. Бірақ Сәнімі сол ақ көйлегі желбіреп, тұрған орнынан қозғалар емес. Қызық, шөп басы қозғалар жел жоқта көйлегі қалай желпініп тұр деп ойлап қойды. Кенет ой­ына бірдеңе сап ете түскендей маңдайынан алақанымен шарт ұрып, ақ боз атына қарай жүгірді. Атына мініп шауып келеді, шауып келеді… Жаңағы бейне не жақындап, не алыста­майды. Бұл одан сайын шабу­ын үдете түседі. Маңдайдан сорғалаған ащы терді сүртіп тастап ағараңдаған бейнеден көз алмай келеді. Шауып келеді, шауып келеді… Ат аяғы сүрініп аунап түскенде ғана, есін жаңа жиғандай жан-жағына барлай қарады. Жаңағы бұлаңдаған елес бейнені таба алмады. Өзінің әумесер қылығы есіне түсіп қарқылдап кеп күледі. Күлген сайын жаны рахаттана түсетіндей. «Ақымақ!» дейді өз өзіне, «Сәнім сені қайдан іздеп келсін?!»

Аспанға қараса қақ төбе тұсында бір шөкім қою бұлт пайда болыпты. «Шіркін, жаңбыр жауар ма еді», деп тілеп қойды іштей. Маңайына барлай қараса, бағып жүрген малдары қараңдап қана көрініп, біршама алыстап кетіпті. Жеңіл жүріспен аяңдай, қалың ойға шомып келеді. Осыдан ауылға барғанда Аққозы кемпірге бір лақ атап оқытылмасам ба деп те ойлап қойды.

Аспанға қараса жаңағы бір шөкім қою бұлт біршама жайылып үлгеріпті. Меже­леген жеріне жетіп қалғанда алғашқы тамшылар да тама бастады. «Құдай тілеуімді берді!» деді шын қуанып. Әп сәтте аспанды қара бұлт тор­лап, жаңбыр жаууын үдете түсті. Сол қаптаған қалың бұлттан демі тарылғандай, аспан қатты күрсінді. Әлім әдетінше қолына домбыра­сын алып, тамағын бір кенеп қойып, үйреншікті әніне ба­сты. Аспанның қоңыраулы күркірі мен найзағай жарқылы кезек-кезек бұлдана түскендей.

Нұр жауып тұрған көктемде,

Гүл тере барсаң бөктерге,

Қоңыраулатқан аспанды

Найзағай…

Бұл жолы ән бірінші және соңғы рет аяқсыз қалды. Көлеңке тартқан жер әлем мен бұлт торлаған қара аспан әлемі − алып найзағай күшінен жап-жарық болып кетті. Дүние жарқырап кеткендей. Жырға қосып жүрген жасыл жарқылы бұл жолы жігіттің өзін жұтып кетті…

Сәнімгүл Әлімді есіне ала ма жоқ па білмеймін. Ауыл тұрғындары көктен нұр жауған сайын әнші Әлімді есіне алатын болған.

Содан бері бұл ауылда ол әнді ешкім аузына алмаған…

 

Нұршат Бейсеналықызы.

Поделиться ссылкой: